• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Қазан, 2019

Медициналық сақтандыру мәртебесін анықтайды

1040 рет
көрсетілді

Медициналық сақтандыру қоры МӘМС жүйесі туралы халықтың жан-жақты ақпарат алуы үшін, сондай-ақ олардың МӘМС жүйесінде өзінің сақтандыру мәртебесін білуге мүмкіндік беретін құрал жасақтады.

Бұл құралды еліміздің кез кел­ген тұрғыны пайдалана алады. Арнайы плагиннің құрыл­ғаны туралы «Әлеуметтік меди­циналық сақтандыру» КЕАҚ Ақ­параттық жүйелерді дамыту департаментінің директоры Айдар Айтуев айтып берді.

– Бұл плагинді құрудағы мақсат қандай, халыққа берер пайдасы бар ма?

– Функционалды тұрғыдан алғанда, құрал өте қарапайым. Арнайы ресурсқа кіріп, әр тұрғын өзінің ЖСН нөмірін енгізсе болды, сақтандыру мәртебесін біле алады. Бүгінгідей барлық адам гаджет қолданатын заманда, бұл ыңғайлы әрі уақытты үнемдейді. Егер «сақтандырылған» деген жауап келсе, онда алаңдамауға болады. Ал егер жауап «сақ­тан­дырылмаған» болса, он­да себе­бін анықтау керек. Мы­са­лы, азаматтың «жалдамалы жұ­мысшы» деген мәртебесі бар және бұл үшін төлемді жұ­мыс беруші жасайды делік. Жүйе арқылы жұмысшы өзі жұ­мыс істейтін ұйымның өзі үшін меди­ци­­налық сақтандыруға төлем жаса­­ғанын немесе жасамағанын анықтай алады.

– Еліміздің әрбір тұрғыны өзінің сақтандыру мәртебесін не­ үшін қадағалап отыруы ке­рек?  

– 2020 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда МӘМС жүйесі іске қосылады. Осы уақытқа де­йін барлығымыз МӘМС жүйе­сіндегі сақтандыру мәр­те­бемізді анықтап алуымыз ке­рек. Мысалы, адамға қан­дай да бір сырқат бойынша диагноз қойылды және оған меди­циналық көмек қажет болды. Егер ол сақтандырылмаған болса, онда бұл адамға құрамына учас­келік дәрігер, жедел көмек, шұғыл стационарлық көмек, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде көрсетілетін меди­ци­налық көмек түрлері кіретін тегін ­медициналық көмектің кепіл­дік берілген көлемі (ТМККК) қолжетімді болады. Ал МӘМС пакеті бойынша бе­рілетін медициналық көмек түр­­лері тек сақтандырылған аза­­­маттарға ғана қолжетімді. Осы­­­лайша егер сіз МӘМС жү­йе­­сінде өзіңіздің сақтандыру мәр­­­тебеңізді анық білсеңіз, 2020 жылдан бастап өзіңізге қажетті барлық медициналық қызметтер спектрін ала аласыз.

– Бұл құралды пайдалану қолжетімді ме, яғни кез келген жерден қосылуға бола ма?

– Плагин әмбебап формат­та жасалған. Ол кез келген­ сайт­­қа тіркеуге ыңғайлы. Осы мүм­кін­дікті пайдалана оты­рып, бұл мәселеге қызығу­шы­лық та­нытқан барлық сайт иеле­рі­не айтарым: «Егер сіз­дер өз ресурстарыңызда плагин­ді орнат­қыларыңыз келсе, «Әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру» КЕАҚ-қа өтініш жаза аласыздар. Байланыс үшін  e-mail: p.andreev@fms.kz.  Пла­гинді қарап көріп, зерделеу үшін «МСҚ» КЕАҚ-тың www.fms.kz рес­ми сайтын ашу керек.

 

Дайындаған

Думан АНАШ,

«Egemen Qazaqstan»