Елімізде жарақат салдарынан жыл сайын шамамен 2100 адам бақиға аттанып, 20 мыңға жуық адам зардап шексе, олардың 1 мыңға жуығы мүгедек болып қалады екен. Қарапайым статистика осылай дейді, ал осы сандардың сыртында қаншама тағдыр жатыр.
Жуырда елордада Еуразия кеңістігінен жиналған травматолог-ортопедтердің ІІІ съезі және травматолог-ортопедтердің VII Еуразиялық конгресі өтті. Алқалы жиында жарақаттанудың алдын алу, жарақаттар мен сүйек-бұлшық ет жүйесі ауруларымен ауыратын науқастарды диагностикалау және емдеудің қазіргі заманғы технологиялары бойынша келелі мәселелер айтылды.
Жылдамдығы желдей ескен уақытта бар пенде асығыс, аптыға жүргенде айтып келмес апатқа ұшырап, күнбе-күн жол-көлік оқиғаларынан қаншама адам зардап шегеді. Мәселен, өлім-жітімді бағамдағанда жол-көлік жарақатынан қайтыс болған жандар 20%-ды құрап, оның ішінде 89,3%-ы тасымалдау кезінде немесе оқиға болған жерде көз жұмады екен. Былтырдың өзінде елімізде жол апатынан болатын өлім 2 пайызға өсіпті. Ал осы жол-көлік апатынан көз жұмғандардың 60%-ынан көбі 15-44 жас аралығындағы, яғни еңбекке жарамды тұрғындар болғандықтан оның мемлекетке әлеуметтік-экономикалық тұрғыда айтарлықтай ауыртпалық түсіретіні де айқын. Жап-жас азаматтардың қыршынынан қиылып, өсіп-өнбей жатып тамырынан үзілуі ел үшін орны толмайтын өкініш.
Елордада травматология мен ортопедия саласында ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Түрлі деңгейдегі жарақатты емдеу және операция жасау ісінде іргелі ізденістерімен шетелдік әріптестерін де мойындатқан ғалымдар мен маман дәрігерлер баршылық.
«Кеңес Одағы ыдыраған кезде республикалардағы осы саладағы ғылыми-зерттеу институттары жабыла бастады. Осы күрделі кезеңде Қазақстанда Нұрлан Батпеновтың басшылығымен Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының ашылуы аталған саланы дамытудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Бұл жұмыс бүгінде жақсы нәтижесін беріп, жемісін көріп жатырсыздар. Біздер, әзербайжандық, өзге де кеңестік кеңістіктен шыққан мамандар осы саланың жілігін шағып, майын ішкен ғалымдардың баяндамасын тыңдау үшін қалтамыздан ақша шығарып шекара асамыз. Ал сіздер осындай конференция, конгресс өткізу арқылы қаншама озық тәжірибелерді жүзеге асырушыларды шақырып, отандық ортопедия мен травматологияның көкжиегін кеңейтіп отырсыздар. Біз осы жиындардағы баяндамалардың жинағын дәрігерлік қызметіміз барысында таптырмас анықтама, энциклопедия тәрізді пайдаланамыз. Қазақстан медицинасы елге ғана емес, бізге де көмегін тигізуде», деді медицина ғылымдарының докторы, профессор, Әзербайжаннан келген өкіл Я. Джалилов.
Расында институт ашылған 18 жылдың ішінде травматологиялық-ортопедиялық қызметтің көрсеткіштері жақсарып, сала дәрігерлерінің саны 60 пайызға өсті. Егер 2001 жылы 696 травматолог-ортопед болса, былтыр бұл сан 1131-ді құрап, сүйек-бұлшық ет жүйесіне жүргізілген операциялардың саны да екі есеге артыпты. Былтырғы статистика бір жылда 100 мыңға жуық операцияның жасалғанын айғақтап отыр.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Ортопедия және травматология саласында науқастарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіледі. Бұл Қазақстанда ғана емес, әлемде қарқынды дамып келе жатқан сала. Ел азаматтарының өмір сапасын жақсартуда инновациялық технологиялар маңызы өте жоғары. Съезд отандық травматология мен ортопедиядағы ғылыми және практикалық мәселелерді талқылап, осы саладағы жетекші мамандардың соңғы трендтерін меңгеруге мүмкіндік береді», деп конгресс жұмысына сәттілік тіледі. Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының директоры, Қазақстан травматолог-ортопедтер қауымдастығының президенті Нұрлан Батпенов «Съездің негізгі міндеті – мамандардың кәсіби деңгейін көтеру және Қазақстанның облыстардағы ортопедиялық-травматологиялық қызметінің жұмысын үйлестіру, жақын және алыс шетелдердегі әріптестермен тәжірибе алмасу, халықаралық кәсіби қауымдастықтар ұсынған стандарттарға сәйкес диагностикалық және емдеу қызметін одан әрі дамыту және кеңейту», деп шараға қатысушы қандауыр ұстаған мамандарға пайдалы екенін жеткізді.
Баяндамаларын оқыған хирургтар протез, имплант салу, буынды ауыстыру, омыртқаға күрделі операцияларды жүргізу бойынша озық технологияларымен бөлісті. Жиналғандар ірі буындарды эндопротездеу мен артроскопия мәселелері, жасушалық технология, остеологиядағы сәулелі диагностика, қазіргі заманғы медициналық реабилитация мәселелерін қарастырып, тәжірибелер секциялық отырыстарда, шеберлік сыныптарында талқылады. Сондай-ақ съездің күн тәртібіне балалар ортопедиясы және травматологиясы, ортопедия-травматологиялық практикадағы қателіктер және асқынулар сияқты өзекті мәселелер хирургтер назарынан тыс қалған жоқ.
Жарақаттанудың салдары да әртүрлі. Өкініштісі, жарақаттану кесірінен көз жұму жүрек-қан тамыр және онкологиялық аурулардан кейін төртінші орында тұр және мүгедектіктің де себепшісі болуда. Жиында елімізде ғана емес, жалпы әлемдік үрдіс саналатын бірнеше жерден қосарласа жарақаттану, сондай кезде жасалатын кәсіби мамандандырылған дәрігерлік көмек мәселесі де сөз болды. Шынымен де урбанизация өнеркәсіптің өркендеуі, құрылыс пен көлік қатынастарының дамуымен бірге жүретін қосарласа жарақаттану (оның ішінде сынудан өзге ішкі органдардың зақымдануы) сала мамандарынан асқан білгірлікті қажет етеді.
Съезд жұмысына Аустрия, Әзербайжан, Беларусь, Германия, Израиль, Қырғызстан, Ресей, Сербия, Түркия, Үндістан, Өзбекстан, Франция сияқты алыс-жақын мемлекеттен 300-ден астам ғалымдар мен мамандар қатысып, фармацевтикалық компаниялар қазіргі заманғы медициналық жабдықтар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды, сондай-ақ жетекші медициналық өндіруші-фирмалардың дәрілік препараттарын ұсынды.