тағдыр тәлкегіне ұшыраған тағы екі бүлдіршінді жебеді
Наурыз мерекесі қарсаңында “Қазақстан” ұлттық телеарнасының “Жан жылуы” әлеуметтік бағдарламасы тағы екі сәбидің сауабын алу үшін қайырымдылық акциясын жалғастырды. Бағдарлама мақсаты – мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы төмен, сондай-ақ жетім балалар мен жалғыз басты, көп балалы аналарға көмек көрсету екендігінен ел құлағдар. Сонымен, бұл жолғы акцияға Қазақ қатынас жолдары университеті ат салысып, акция барысында 2 миллион 253 500 теңге жиналды.
Енді жұрттың ізгі ниетінен құралған қаражатқа “Жанұя” балалар кешенінің тәрбиеленушісі 5 жастағы Марк пен Алматы облысы Жамбыл ауданы, Қасымбек ауылының кішкентай тұрғыны Нұрлан Шоқан-ға күрделі операциялар жасалынады.
Кішкентай Марк дүниеге келгенде құдіреттің күшімен бір қолының және аяқтарының саусақтары жабысып туады. Бірақ, туған анасы сәбиін бұл күйінде қабылдай алмайды. Тіпті, баласын емізуден де, көруден де ат тонын ала қашып, ақыр соңында өзі жарық дүниеге алып келген нәрестесінен бас тартып, перзентханаға қалдырып, жүре беріпті.
Заң бойынша тастанды баланың ата-анасы мен туған-туыстарының шешім қабылдауы үшін алты ай уақыт беріледі. Бірақ, осы алты айда Марктің артынан ешкім іздеп келмепті. Нәресте түрлі ау-руларға шалдығып, қатты қиналады. Аурухана дәрігерлері баланың өмірін сақтап қалып, денсаулығы жақсарған Марк жеті айдан соң жетімдер үйіне келіп түседі.
Жаны жайсаң, жүрегі жылы жандардың арқасында Марк аман-есен 4 жасқа толып, “Жанұя” балалар кешенінің табалдырығын аттайды.
Маркті “Жанұяның” тәрбиешілері отандық мамандарды шақырып, талай-талай пікірлескен де болатын. Мамандардың пікірінше, Марктің қолына көмек көрсету мүмкіндігі бар. Ал, аяғына да операция жасауға тәуекел етуге болатын секілді. Тіпті болмаған жағдайда арнайы протез жасау керек. Марк әлі сәби, сүйегі қатпай тұрып, ертерек қимылдауға әлі де мүмкіндік бар.
Ал, күтпеген жерден аянышты халге түскенде Нұрлан 3 жаста еді. Ата-ана үшін азапты күндер 2003 жылдың қыркүйегінен басталды. Отбасына қонаққа келген туыстардың бірі жүгіріп ойнап жүрген Нұрланды басынан қысып ұстап биікке көтеріп, бірнеше рет айналдырып ойнайды. Баланың жан дауысы шығады. Үлкендер мұны: “Жігіт болатын бала да жылай ма екен?!” деп, күлкіге айналдырып қоя салады.
Сол түні бала шырылдап жылап, “басым ауырып барады” деп ұйықтай алмай шығады. Ал, таңертең кішкентай Нұрлан орнынан тұра да, жүре де алмай қалады. Осылайша, бала үш жасында күтпеген жерден опық жеді. Қасіреттің қайғылы құшағына қалай кіріп кеткендерін білмеген ана мен әке жан ұшырып дәрігерлерге жүгірді.
Міне, содан бері жеті жыл өтті. Жеті жыл бойы Нұрлан өз аяғымен жер баспады. Кешегі кішкентай Нұрлан бүгінде 10 жасқа келді.
Дәрігерлер тиісті зерттеулерден соң жүйке-жұлын жүйесіне травмалық зақыммен қоса кезіндегі бала алған соққы нәтижесінде мидағы қан айналу жүйесінің бұзылғандығын, соның салдарынан сал ауруымен қатар эпилепсияның туындап отырғанын дәлелдейтін сараптамалық анықтама береді.
Қайырымдылық акциясына дейін, он жастағы Нұрлан Шоқанға өмірлік мүгедек болып қалу қаупі төніп тұрған-ды. Өкінішке қарай, Нұрланға отандық медицина көмек көрсете алмады. Шет мемлекетте, Украинада жасалатын опера-цияға қаражат қажет болды.
Енді міне, екі балақайға да көптен үміт етіп күткен медициналық көмекті берудің күні жетті. Ізгі шараға Ақжол Мейірбеков, Майра Ілиясова, Меруерт Түсіпбаева сынды әншілер мен “Азия”, “Ринго” сияқты эстрадалық топтар атсалысты.
Алматы.