Әлеуметтік зерттеу – қоғамның айнасы. Дегенмен олардың жұмысы мен зерттеу нәтижелері туралы тек саяси науқандар, әсіресе сайлау кезінде ғана хабардар болып жататынымыз бар. Әлеуметтік зерттеу институттарының, орталықтарының негізгі мақсаты, жұмысы және зерттеулерді қалай жүргізетінінен қаншалықты хабардармыз? Жалпы, қоғамдық пікірді сараптау, әлеуметтік зерттеулермен айналысатын орталықтардың қоғамға қажеті бар ма?
Аз ғана шегініс жасасақ, әлеуметтанудың еліміздегі алғашқы қадамдарын 1988 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ашылған әлеуметтану бөлімімен байланыстырады. Өткен ғасырда негізін қалаған орталық бүгінде еліміздегі ең мықты деген әлеуметтанушылар мен сарапшыларды дайындайтын мектепке айналған. Сарапшылардың сөзіне қарасақ, тәуелсіздік алғаннан кейін әлеуметтік зерттеулер кең өріс жайып, жаңа деңгейге көтерілген. Оған реформалардың либералдануы мен биліктің азаматтық қоғам институттарымен диалог құра бастауы, қоғамдық пікірге құлақ асуы себеп болыпты.
Отыз жылдық тарихы бар отандық әлеуметтану институтын шетелдегілермен салыстыруға келмесі анық. Бұған деректер де дәлел бола алады. ESOMAR Дүниежүзілік зерттеушілер ассоциациясының жыл сайынғы қорытындысына сүйенсек, 2013 жылы АҚШ-тың әлеуметтік зерттеу нарығының көлемі 40 млрд АҚШ долларын құраған. Ресейде дәл осы жылы әлеуметтік зерттеулерге 429 млн АҚШ доллары жұмсалыпты, ал Қазақстанда әлеуметтік зерттеулерге небәрі 15-20 млн АҚШ доллары кеткен.
Дегенмен сұраныс жоқ емес. Еліміздегі әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне қарасақ, бүгінде маркетингтік талдаулар үлкен сұранысқа ие, ал әлеуметтік зерттеулердің негізгі тапсырыс берушісі – мемлекет. 2012 жылы әлеуметтік зерттеулерге мемлекет қазынасынан 261 млн теңге бөлінсе, 2013 жылы 357 млн теңге жұмсалған екен. Одан кейін зерттеулерге бөлінетін қаржының да, сұралатын қаржының да көлемі өскенін 2018 жылы Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаеваның сол кездегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке қойған сауалынан байқауға болады. Депутаттың байқауынша, министрлік мемлекет бюджетінен әлеуметтік зерттеулерге бөлінген 460 млн теңгеге қосымша 800 млн теңге сұратыпты. Оған министр аталған қаржының латын қарпіне көшу, ЭЫДҰ-ға мүше мемлекет ретіндегі білім сапасы, мемлекеттік бағдарламаларды орындау нәтижелері сынды талдауларға жұмсалатынын айтқан еді.
Әлемдік рейтингте қоғамдық тамыршыларға жұмсалатын қаржыны адам басына қарай есептеу қалыптасқан. Егер әр елдің көрсеткішіне көз салсақ, Қазақстан бұл рейтингте төменгі орындардың бірінде. Өйткені бізде әлеуметтік зерттеулерге адам басына шаққанда 1 АҚШ доллары жұмсалады екен, ал алдыңғы қатарлы елдерде бұл 15-20 АҚШ долларының айналасында.
Технологияның дамуы да әлеуметтік зерттеулерге жаңа серпін бергендей. Қазір түрлі платформалардың көмегімен сауалнамалар жүргізуге мүмкіндік бар. Бұл кішігірім зерттеулер жүргізуге, аз аудиторияның пікірін білуге мүмкіндік жасап отыр. Осы ретте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының аға оқытушысы, «Қоғамдық пікірді зерттеу орталығы» директорының орынбасары Айжан Шабденова қазіргі кезде сауалдамаларды планшетпен жүргізу үлкен сұранысқа ие болып отырғанын айтады. «Сауалдаманы арнайы құрылғымен өткізу сұхбат өткен жерді, оның дыбыстық жазбасын, ұзақтығын, қажет жағдайда тіпті суретін көруге мүмкіндік береді. Яғни, бұл шынайы бейнені алуға 100 пайыздық мүмкіндік береді. Тапсырыс беруші де GPS арқылы тапсырманың қай жерде орындалғанын бақылап отырады», дейді. Сарапшының айтуынша, зерттеулерге жұмсалатын қаржы мен уақыт зерттеу түріне байланысты әртүрлі. «Сұранысты білмей жатып нақты ұзақтығы мен қаржыны болжау мүмкін де, дұрыс та емес. Өйткені зерттеу республика бойынша немесе арнайы бір аймақтарда жүргізілуі мүмкін. Қала не ауыл, одан қалса облыс орталығына жақын, орталықтан алыс болуына қатысты зерттеу мерзімі де өзгеріп тұрады. Қатысушылардың да жас ерекшеліктері, қоғамдағы орны да тапсырыс берушінің сұранысына қарай таңдалады. Әдетте, арнайы аудиториямен жасалатын зерттеулер ұзақ уақытты талап етеді. Кей кезде қатысушыларға сыйлық беру керек болып жататыны бар. Оның барлығы міндетті түрде ескеріледі. Тұрмыс деңгейі, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға қатысты талдаулар болса, оларды тарту тіптен қиын. Сәйкесінше, ақысы да қымбат», деді Айжан Шабденова.
Ал тапсырыстарға тоқталсақ, сарапшылар мемлекет пен жеке компаниялардың тапсырыс үлесі тең түсетінін айтты. Алайда жеке компаниялар орталықтарға көбіне маркетингтік зерттеулер үшін жүгінеді екен. Мемлекеттік мекемелер қандай да бір бағдарламаның орындалуын, жыл сайынғы мониторинг үшін әлеуметтік зерттеулерді назарға алатыны белгілі болды. Отандық әлеуметтік институт пен шетелдік институттар тапсырысында да айтарлықтай айырмашылық байқалады. Мұхиттың ар жағындағы елдерде саяси партиялар, шенеуніктер туралы қоғамдық пікірді білу үшін де зерттеулер жасалса, бізде бұл тақырыпта тек әуесқой сауалдамаларды ғана көруге болады. Оның үстіне, шетелде «лонгитюдты», яғни ұзақ мерзімді зерттеулер де жүргізіледі. Бұлар – белгілі бір процесті, қоғамдық топтарды, жаратылысты бірнеше жыл бойы бақылап, оның дамуын не артта қалуын, пайдасы не зарарын анықтау үшін жүргізілетін зерттеулер. Бүгінгі күнге дейін жалғасқан көпжылдық зерттеудің ең ұзағы 1957 жылы басталған. Wisconsin Longitudinal Study орталығы Мадисон университеті (АҚШ) түлектерінің жоспарын, жұмысқа орналасуын зерттеуді қолға алады. Жұмыс барысында зерттеудің кең ауқымды екені байқалып, өмірдің басқа да тұстарын қосып, денсаулық, кәрілік сияқты адам факторларын да назарға ала бастайды. Зерттеу бойынша 400-ге жуық кітап пен ғылыми мақала жазылған. Кеңес өкіметінде де ұзақ мерзімді әлеуметтік зерттеу жүргізілген болатын. 1983 жылы М.Х.Титма бастаған кеңес ғалымдары «Ұрпақтар жолы» деп аталатын бүкілкеңестік бақылау жүргізеді. Мұнда Кеңес өкіметінде туған жастардың өмірі, қоғамда орнын табуы сынды мәселелер қарастырылған. 1999 жылға дейін созылған зерттеу артынша тәуелсіз мемлекеттерде де жалғасын тапқан.
Әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері қоғамдағы өзекті мәселелер, тенденциялар туралы хабар беріп қана қоймай, ғылыми жаңалықтарға негіз бола алатын бірден-бір жұмыстар. Мәселен, Британия ғалымдарының сәби денсаулығына қатысты жүргізген әлеуметтік зерттеуінің нәтижесінде 1700 мақала жазылып, ұлттық құндылықтарға қатысты үлкен жаңалықтар ашылған. Шетелде зерттеуге қатысушылардың саны да бізден гөрі әлдеқайда көп. Мәселен, Гарвард университетінің ғалымдары жүргізген медбикелердің әлеуметтік өміріне қатысты зерттеуге 280 мың адам қатысқан.
Жоғарыда айтқанымыздай, әлеуметтік зерттеулер – қоғамда қордаланған мәселелерді байқауға, қажет жағдайда оны түзеуге мүмкіндік беретін құрал. Біздегі әлеуметтік институттар көбіне тапсырыс берушінің тапсырмасының шеңберінен шықпайды. Елімізде әлі де әлеуметтік зерттеулерге қатысты сарапшылар кеңесі жоқ. Сондықтан жүргізілген зерттеудің нәтижесі тек тапсырыс берушіге ғана беріліп, анықталған мәселелердің шешілуі, құзырлы органдарға жүктелуі қадағаланбайды. Зерттеулерге жұмсалатын қаржы да тапсырыс беруші мен орындаушы арасында келісілетін мәселе. Бақылаушының болмауынан да тапсырыс берушілердің сұраныстары бақыланбайды. Зерттеу нәтижелерінің көпшілікке ұсынылмауы жұмыстың көлеңкеде қалуына себеп. Ал қоғамның назарына ұсыну оны жан-жақты талқылау оң нәтижесін беріп, елімізде әлеуметтану институтының көшін ілгерілетуге алып келер еді.
Мақаланың басында әлеуметтік зерттеу қоғамның айнасы дегенді бекер айтқан жоқпыз. Өйткені әлеуметтік зерттеулер арқылы қоғамдағы ахуалды жан-жақты сараптап, біліп отыруға болады. Сауалдама нәтижесіне сәйкес қойылған «диагнозға» байланысты шаралар қабылданады. Ендеше бізге қазіргі кезде қоғамның көңіл күйін айқындап отыратын, объективті әлеуметтік зерттеулер жүргізетін орталықтардың қызметін жандандыру қажет-ақ.