Бірқатар жылдар бойы шетелдік іссапарларға шыға жүріп, Батыстың дамыған елдері мен Қазақстан арасында елеулі айырмашылық бар екенін байқадым. Бұл айырмашылықтардың көзге бадырайып көрініп тұрғандары да, көрінбей тұрғандары да бар. Әңгімені көзге көрініп тұрғандарынан бастайық.
Ең алдымен көзімізге түскені – жекеменшік үйлердің қоршалуы. Батыс елдерінің көбінде жекеменшік үйлер аласа немесе арғы жағынан бәрі көрініп тұратын темір шарбақты ашық қоршаулармен қоршалады. Ал елімізде адам қолын созса жетпейтін биік дуалдар қазіргі заманғы әдемі үйлердің сыртқы келбетін көзден мүлдем жасырып тұрады. Тек үйдің екінші қабатына және соншама әдемілікпен қиюластырылған шатырдың көп қырлы күрделі пішініне қарап бұл үйдің сыртқы келбеті тым тамаша екенін аңғарасың. «Шіркін, мына үйді неге биік дуалмен қоршап, көркін жасырып қойды екен, әлде үй иесі сырт көзге көрсетуден қызғанды ма екен» деп ойлайсың еріксіз.
Дегенмен бұл үйдің иесі қазақ болса, үй келбетін сырт көзден қызғанбайтыны, керісінше, мақтаныш қылатыны да анық. Ендеше неге көрікті дүниені бүркеген?
Мұның себебін, әрине, бәріміз де білеміз. Бұл жерде басты мәселе – осы уақытқа дейін қалыптасқан қоғамдық санаға келіп тіреледі. Тек Қазақстанда ғана емес, жалпы Шығыс жұртында үйлер биік дуалдармен қоршалады. Мәселен, өзбек қышлақтары дегенде көз алдымызға біріне бірін жалғай салған биік дуалдар елестейді. Ол дуалдар биіктігімен үйлерді жасырып тұратындықтан қышлақтардағы көшені «көше» демей-ақ, «дуалдар арасындағы жол» деп атай салуға да болатындай.
Біздің шетсіз-шексіз алып даламыз, сол далада көшіп-қонған тарихи көшпелі тіршілігіміз қазақ санасын әу баста ашық болуға үйреткен. Қазақ киіз үйлері еш уақытта қоршалмаған. Бұл үйлерді қоршаса тек биік таулар ғана қоршаған. Ежелгі қазақ о баста «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген атадан қалған қағидатқа арқа тіреп, қоғамдық қарым-қатынаста да өз ойын ашық білдіріп отырған. Дегенмен салт-дәстүрімізге сәйкес үлкенді сыйлау әдебін сақтаған.
Ежелгі қазақтың дәстүр қалыбында астарлап сөйлеу мәдениеті болғанымен қазіргідей ымдау ишараты болмаған секілді. Бірақ байтақ Еуразияның кіндік тұсында, сан түрлі өркениеттер тоғысында өмір сүріп жатқандықтан айналамыздағы көрші халықтардан бойымызға сіңіргеніміз де аз емес. Көзбен ұғысу, ымдау ишараты секілді жабық қоғамға тән әрекеттер бізге айналамыздағы көрші халықтардан жұқса керек. Сондықтан мұндай әрекеттер қоғамымызға тегіс тарап үлгермегендіктен «ымды түсінбеген дымды түсінбейді» деген мәтел ел ортасында бертін келе қалыптасса керек.
Міне, осы азиялық сақтыққа негізделген жабық қоғам мен даланың демократиялық дәстүрлеріне негізделген ашық қоғам арасында қалыптасқан аралас тірлік тек бір орталық билікке мойынұсынған кеңестік кезең тәрбиесімен ұштаса келе қазақ ортасындағы қоғамдық сана дамуын елеулі мөлшерде кейін тежегендігі сезіледі. Мәселен, бала кезімізде ауылдағы ең ақылды адам кеңшар директоры секілді болып көрінетін. Сөйтсек, оның ақылдылығы оған берілетін ақпараттардың молдығы мен билік иерархиясының қатаң сақталуынан екен ғой.
Ал дәл қазіргі сәтте қоғамдық сананың қатты дүмпу үстінде тұрғаны байқалады. Бұл дүмпудің ұшқын атуы сондай, жұрттың барлығы ақыл-кеңес тыңдаушы емес, оны айтушыға, тым болмағанда пікір қыстырушыға айналып кеткендей. Әрине, бұл үшін қоғамды сөгуге болмас. Бұл құбылысқа интернеттегі әлеуметтік желінің ыңғайымен туындаған табиғи үдеріс ретінде қарауымыз керек секілді. Тіпті оны ерте кезеңдегі дала демократиясының қайта бір ұшқындау көрінісі ретінде де бағалауға болатындай. Өйткені халқымыздың философиялық танымы бойынша «бар дүние ешуақытта жоғалмайды, ал жоқтан бар пайда болмайды» ғой.
Бірақ бір ескеретін мәселе, арба аттың алдына шығып кетпеуі керек. Біз ашық қоғамды құруға стихиялы түрде емес, ұйымдасқан түрде, яғни мемлекеттегі саяси реформаларды қолға ала отырып кірісуге тиістіміз. Ашық қоғамда өмір сүру мәдениеті мен тәртібі міне, сол кезде ғана дұрыс жолға түспек. Демократия дегеніміз – үлкен жауапкершілік. Оған көшудің заңды негіздегі жүйесі болғаны жөн.