Оқырмандардан арыз-шағымдар жиі түседі. Солардың дені қызметтен заңсыз шығарылдық, мұндай жағдайда не істей аламыз деген сұрақтарға жауап іздейді. Осы сауалдарға белгілі заңгер Шолпан Сейсембаева жауап береді.
С. Әділгереева, Нұр-Сұлтан қаласы:
– Мен көп жылдан бері бір мекемеде қызмет етіп келемін. Бірақ басшылық менің ұзақ жылғы еңбегімді ескерусіз қалдырып, жұмыстан негізсіз босатты. Бұл орайда мен не істей аламын?
– Жалпы заң бойынша, егер сіз арадағы келіспеушіліктерді жұмыс берушімен өзіңіз немесе өз өкіліңіз қатысатын тікелей келіссөздер барысында реттемеген болсаңыз, еңбек дауын келісу комиссиясы қарайды. Ал келісу комиссиясы ұйымдарда туындайтын еңбек дауларын қарау жөніндегі орган.
Қазақстан Республикасының 172-бабына сәйкес, жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі органдарға жүгіну мерзімі жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі органдарға жүгіну үшін мерзімдер белгіленген: 1) жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша – жұмыс берушінің еңбек шартын бұзу туралы актінің көшірмесі табыс етілген күннен бастап үш ай; 2) басқа еңбек даулары бойынша – қызметкер немесе жұмыс беруші өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиісті күннен бастап бір жыл. Сол секілді жеке еңбек дауларын қарау жөнінде органдарға жүгіну мерзімінің өтуі қаралып жатқан жеке еңбек дауы бойынша медиация туралы шарттың қолданылу кезеңінде тоқтатыла тұрады.
Егер келісу комиссиясының шешімі сізді қанағаттандырмаған жағдайда, өзіңіздің тұрғылықты жеріңіз бойынша немесе жұмыс берушінің орналасқан жеріндегі аудандық (қалалық) сотқа талап-арыз беріп, жүгінесіз.Талап-арызда еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп тану, бұрынғы жұмысқа қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген күндеріне еңбекақы және моральдық зиян өтеуін өндіру туралы талаптардың қанағаттандырылуын сұрайсыз.
Дәлел ретінде еңбек кітапшасын немесе еңбек келісімшартын, жұмыс берушінің жұмысқа қабылдау-шығару немесе жұмысшыға тәртіптік жаза қолдану бұйрықтарын, еңбекақы туралы анықтамалар, одан басқа да жұмыс берушімен жұмыстық байланыс болғаныңызды дәлелдейтін құжаттарды қоса тіркеу қажет. Сіз талап қоюшы ретінде еңбек тартыстары бойынша мемлекеттік баждан босатыласыз. Ал талап-арыздың үлгісімен аудандық немесе қалалық сотта, еңбек инспекциясы басқармасында таныса аласыз. Ең дұрысы заңгерлердің көмегіне жүгіну.
А.Сағиқұлов, Нұр-Сұлтан қаласы:
– Мемлекет тарапынан баспанаға мұқтаж болғандардың кезегінде халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топта Нұр-Сұлтан қаласында 2007 жылдан бері тұрдым. Жуырда бұрын атымда үй болғаны анықталған себептен кезектен шығарып тастады. 2007 жылы атымда үй болғаны рас, бірақ ол Ақмола облысында еді, 2010 жылы өртеніп кеткен. Ол мәселенің басын кезекке тұрар алдында ашық айтып, құзырлы органды ескерткен болатынмын. Басқа баспана жоқ. Мәселемді қалай шешуге болады?
– Тұрғын үй қорының кезегінде тұрған баспанаға мұқтаждардың кезек тізімінен алу мәселесі тұрғын үй комиссиясының отырысында шешіледі. Сізге қатысты жағдайда комиссия отырысының шешімі болуы тиіс. Сізді кезектен шығару туралы Комиссия шешімі сізге міндетті түрде табыс етіледі. Әрине шешіммен келіспеген жағдайда, комиссия шешімімен таныстырған күннен бастап 3 ай ішінде «Тұрғын үй қоры» КММ-нің шешімін заңсыз деп тану туралы сотқа шағым бере аласыз.
Сіз кезекке Нұр-Сұлтан қаласында тұрғансыз. Ал үй болса Ақмола облысында және де 2010 жылы өртеніп кеткен. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67-бабында Қазақстан Республикасының азаматтарын мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж деп тану тармағы қарастырылған. Сол тармаққа сәйкес онда, «осы елді мекенде тұрақты пайдалануында коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайы жоқ Қазақстан Республикасының азаматтары, егер: есепке қойған кезде және мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде осы елдi мекенде меншiк құқығында тұрғын үйі болмаса» делінген. Сонда бұған назар аударсақ, «меншіктегі тұрғын үй осы елді мекенде болмаса» делінген. Нақты айтқанда, аталған заңда Қазақстан бойынша емес, тек осы елді мекенде деп шектелген. Бұл сізді кезекке қояр кезде осы елді мекенде, яғни Нұр-Сұлтанда меншігіңізде тұрғын үй болмаған, сондықтан кезекке тұрғызған себебі заңға қайшы келмеген. Қазіргі таңда да, аталған себептермен сізді кезектен алып тастауға себеп жоқ.
Мен өз тәжірибемде заңсыз комиссия шешімдерін жиі кездестіремін. Сот арқылы ондай шешімдерді заңсыз деп танып, азаматтарды кезекке қайта қойған сәттер де бар. Сондықтан комиссия шешіміне шағым келтіру кезеңі өтіп кетпесе, міндетті түрде сотқа жүгінгеніңіз жөн.
Дайындаған
Александр ТАСБОЛАТ,
«Egemen Qazaqstan»