Орал қаласында өңірдегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының форумы өтті. Жиында Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар орталығы бастауыш кәсіподақ ұйымдары мүшелерін Қазақстан кәсіподақтары күнімен құттықтады.
Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенованың айтуынша, облыс көлемінде көптеген қызметкерді біріктірген кәсіподақтар аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Соңғы бір жылда «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы және «Ынтымақ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің кәсіподағы құрылған. Сонымен қатар 59 бастауыш кәсіподақ ұйымы жаңадан құрылып, кәсіподақ мүшелерінің саны 10755-ке өскен.
– Өңір бойынша 75 мыңға жуық адамды біріктірген 15 салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының құрамында мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымы тұрақты жұмыс істейді. Өңірдегі облыс әкімдігі, қызметкерлердің облыстық бірлестіктері және жұмыс берушілер бірлестіктері арасында 2018-2020 жылдарға арналған аймақтық үшжақты келісім жасалып, Еңбек инспекциясымен бірге тығыз байланыстамыз. Кәсіподақ назар аударатын мәселенің бірі – ұжымдық шарттар. Қазіргі таңда өңірде бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар еңбек ұжымдарының барлығында ұжымдық шарт жасалды. Әдетте жалақыны кешіктіру, қызметкерлердің құқығын бұзу, олардың арыз-шағымдарын елемеу сияқты әлеуметтік шиеленістер кәсіподақ ұйымдары жоқ еңбек ұжымдарында туындайды, – деді өз сөзінде Кәсіподақтар орталығының төрайымы.
Батыс Қазақстан облысы бойынша еңбек инспекциясының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда өңірде барлық тіркелген ұжымдық шарттың саны – 1545-ке жеткен. Бұл қызмет етіп жатқан шаруашылық нысандарының 25%-ы деген сөз. Ұжымдық шартпен қамтылған адам саны 130 мың адамнан асады немесе барлық қызметкерлердің 55,6%-ын құрайды. Өйткені облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша, өңірде мекемелер мен кәсіпорындардағы қызметкерлер саны – 234 442. Демек, болашақта кәсіподақ ұйымдарының жұмысын одан әрі жандандыру керек.
Кәсіподақ ерекше көңіл бөліп отырған мәселенің бірі – жұмысшылардың жалақысы. Мүшелік ұйымдар жергілікті атқару органдарымен бірге жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын жоғарылату бойынша ірі компаниялармен жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде 2019 жылдың басынан 1 маусымына дейін өңірдегі 1491 жұмыс беруші 36 565 жұмысшының еңбекақысын көтерді. Сөйтіп, 64 ірі, 122 орта және 1305 кіші кәсіпкерлік нысандарында жалақысы төмен жұмысшылардың орташа жалақысы орта есеппен 20%-ға ұлғайды.
Әрине, еңбек қауіпсіздігі мәселесі де өте маңызды тақырып. Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясының кезектен тыс XXV съезінде ұйымның бұрынғы төрағасы Бақытжан Әбдірайым өндірістерде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, жұмысшыны әлеуметтік қорғау саласын жаңғыртуға назар аударған болатын. Бүгінде кәсіподақтар Еңбек кодексіне еңбек жағдайына толықтай әр уақытта жұмыс берушілердің жауаптылығын міндеттейтін норма енгізу бойынша жұмыс істеуде. Жазатайым оқиғаға жол бермеу, ондай болған жағдайда жұмысшыны, отбасын қорғау мәселесі күн тәртібінде тұр. Мәселен, 2019 жылдың І жартыжылдығында Батыс Қазақстан облысында 24 жазатайым оқиға болған. 28 адам зардап шегіп, 3 адам қаза тапқан.
– Қазір облыстың кәсіподақ ұйымдарында еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша 600-ден астам өндірістік кеңес жұмыс істейді және кәсіподақтан 725 техникалық инспектор бұл мәселеде қоғамдық бақылауды жүзеге асырады, – дейді Айгүл Есекенова.
Форум жұмысы аясында балама тәсілдермен шешілетін дауларды реттеу ісінде кәсіподақтың рөлі, медиация бойынша атқарылған жұмыстар таныстырылды. Жиынға қатысқан іскерлік басқару докторы, «КИОС» ЖШС заң бөлімінің бастығы Анаргүл Сүндетова осы тақырыпта арнайы тренинг өткізді. Бұл сабақ бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелері үшін қызықты әрі пайдалы болды.
Шара мерекелік концертке, ұйымға еңбегі сіңген әріптестерді мадақтауға ұласты. Өңірдегі салалық, жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының үздік мүшелері салтанатты түрде құттықтау, марапатқа ие болды.
Бұл күні мәртебесі биіктеп, мадақталғандардың ішінде «Жайықжылуқуат» АҚ мемлекеттік тілді енгізу бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Ғабдиева да бар. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын иеленді.
Салтанатты мәжіліске Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев қатысып, кәсіподақ мүшелерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, облыс әкімі Ғали Есқалиевтің атынан «Жайықжылуқуат» кадр бөлімінің инспекторы Сәуле Сұлтанғожиеваға, БҚО мамандандырылған №8 мектеп директоры Анаргүл Қаржауоваға, «Гидроприбор» ҒЗИ кадр бөлімінің басшысы Анар Батырғалиеваға, көп бейінді қалалық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, дәрігер нейрохирург Бахтияр Тәшкенбаевқа, Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Батыржан Хамидуллинге, Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының аға ғылыми қызметкері Яна Лұқпановаға, «Казпрожоперейтинг» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Жұмабаевқа, Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Темірбек Молдашевқа Алғыс хат табыстады.
Бұл күні Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртісі Қанатқали Қожақов Мәдениет және спорт министрлігімен біріккен Құрмет грамотасымен, Бөкейорда аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Тілеген Арыстанбеков Қазақстан кәсіподақтары федерациясының «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен, «Батыс су арнасы» кәріздік сорғы стансасының бастығы Жасұлан Әлібеков Қазақстан кәсіподақтары федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Ақжайық шипажайы бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі Ләззат Дүйсенғалиева Қазақстан кәсіподақтары федерациясының Құрмет грамотасымен, Облыстық психиатриялық денсаулық орталығының директоры Бекет Мырзахметов Қазақстан кәсіподақтары федерациясының Алғыс хатымен марапатталды.
Батыс Қазақстан облысы