Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінде «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл туралы Парламент палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Заң жобасы «Нұр-Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының шараларын, Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Нұр-Отан» партиясының XVIII съезінде берілген тапсырмаларын орындау мақсатында, сондай-ақ 2019 жылғы бюджетті атқару аясында дайындалған болатын.2019 жылғы елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері ағымдағы жылғы сәуірде түзетілген болжам деңгейінде сақталған.Ағымдағы жылдың басынан бері экономиканың даму серпіні ескеріле отырып, 2019 жылы ЖІӨ өсімі бұрын бекітілген 3,8 % деңгейінде болады деп күтілуде.2019 жылға мұнайдың болжамды бағасын бір баррель үшін 55 АҚШ доллары деңгейінде сақтау ұсынылады.Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің болжамы бойынша жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4,0 – 6,0% шегінде сақталған.
Нақтылаудың негізгі міндеттері әлеуметтік салада шұғыл қаржыландырылатын жекелеген мәселелерді шешу, кейінгі жылдарда экономиканың өсуі үшін қосымша көздер жасау және 2019 жылдың соңына дейін Үкіметтің кезек күттірмейтін міндеттерге арналған резервінің ақылға қонымды деңгейін қамтамасыз ету болып табылады.Осы міндеттерді іске асыру шығыстарды қайта бөлу және 94,9 млрд. теңгеге ұлғайта отырып, ағымдағы жылдың 9 айы ішінде орындалу нәтижелері бойынша түсімдерді түзету арқылы қамтамасыз етілетін болады.
Әлеуметтік блок шығыстары 5,4 трлн. теңгені немесе 6,7 млрд. теңгеге ұлғаюмен шығыстардың жалпы көлемінің 44,9%-ын құрайды.Нақты сектор шығыстары 15,6 млрд. теңгеге ұлғайтылған және 2,2 трлн. теңгені құрайды.Жылыту маусымын үздіксіз өткізуді қамтамасыз ету, жылумен жабдықтау объектілерін жылыту кезеңіне дайындау үшін, сондай-ақ басқа да кезек күттірмейтін мәселелерді шешу мақсатында Үкіметтің кезек күттірмейтін шығындарға арналған резерві 61,8 млрд. теңгеге ұлғайтылған.
Заң жобасын талқылау барысында сенаторлар О.Перепечина, Ғ.Дүйсембаев, Н.Қылышбаев, Е.Мұқаев және Б.Шелпеков бюджетті нақтылау жөніндегі бірқатар ұсыныстар айтты.
Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.