С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері жаңа жобаны қолға алды.
Жобаның мақсаты – егістік ауданы мен тыңайған жер көлемін анықтау, егін егу жұмыстарының қарқындылығы бойынша мониторинг жасау, жарамды және жарамсыз жер туралы ақпарат беру. Бұған егіс алқаптарын арамшөптің жайлап кету деңгейін анықтау жұмыстары да кіреді. Ал студенттер мұның бәрін ғарыш мониторингі арқылы зерттейді.
Жалпы, жұмыс барысы космосуреттерді жүктеуден басталады. Олар: modis, landsat, sentinel секілді түрлерге бөлінеді. Сол түсірілімдерді қолдана отырып, алқаптарды цифрландыру жұмысы басталады. Осы түсірілген суреттер арқылы ndvi (өсімдіктердің нормаланған салыстырмалы) индексін есептеп, бүкіл вегетациялық кезең бақыланады.
Ақтөбе облысына жасаған іссапары барысында GPS навигатормен жұмыс жасайтын қызметкерлер мен агроном мамандар әкелген мағлұматтарды жоғарыдағы тәсіл бойынша студенттер зерттеуде.
Нәтижесінде сұраныс берген органға жерден алынған нақты деректер мен ғарыштан түсірілген суреттер арқылы бақыланған және анықталған индекстердің арқасында алқап туралы маңызды ақпараттар ұсынылады. Яғни, Ақтөбе облысы әкімдігіне жалпы статистиканы студенттер бере алады. Бұл олар үшін оңтайландырылған қызмет болар еді. Мұндай қызмет арқылы мемлекеттен жалға алған жерін кәдеге жаратып отырғандар мен пайдаланбай келгендер туралы да анықтауға болады.
Жұмыс жүргізу үшін ArcGIS (ArcMap), MS Excel компьютерлік бағдарламалары және EOS – Land viewer, USGS – Earth Expoler интернет жүйелері қолданылып отырады. Ал алдағы уақытта GIS IT-дың көмегімен осы жұмыстарды одан әрі жүйелеу жоспарланған.