2020 жылы Шымкент ТМД-нің мәдени астанасы атанбақ. Осы жауапкершілікті абыроймен атқару үшін қала әкімдігі тарапынан бірқатар жобалар қолға алынды. Жуырда дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында шаһар әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен «Шымкент қалашығы» жобасы бойынша осындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес өтті.
Сәулеттік кеңес құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшілері, суретшілер, мүсіншілер, тиісті басқарма басшылары мен құзырлы мекемелердің жауапты мамандары бар.
Аталған кеңесте Шымкент қалашығын қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы Мәскеу халықаралық сәулет академиясының профессоры, ҚР монументалды ескерткіш жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі, жоба авторы Сәдуақас Агитаев баяндады.
Белгілі сәулетшінің айтуынша, 2019 жылдың соңына дейін «Ескі қалашықтың» жоғарғы бөлігінің жұмысы аяқталып, келесі жылдың наурыз айына дейін қазба кезінде табылған экспонаттардан тұратын мұражай-экспозициясы әзірленетін болады. Ал желтоқсан айында бекініс қабырғалары бар Оңтүстік қақпаны қалпына келтіру аяқталып, сол жерде 200 шаршы метрге Визит-орталығын орналастыру жоспарлануда. Және де Оңтүстік қақпа алдындағы алаңды абаттандыру қолға алынбақ.
Сонымен қатар Қараханидтер кезеңі мен Қазақ хандығының тұрғын кварталдарын мұражайға айналдыру жұмыстары жүргізіліп, батыс, солтүстік және шығыс бекініс қабырғаларын қалпына келтіру келер жылда жалғасады. Қуантарлығы, қала тұрғындары мен қонақтар үшін қалашық аумағынан 550 орындық амфитеатр құрылысы басталмақ.
Жиын қорытындысында қала басшысы Шымкент қалашығының тарихи, көркемдік құндылығын сақтай отырып, қазіргі заманға сай пайдалану үшін жағдай жасау қажеттілігін атап айтты.
Ал, Шымкенттегі заман талабына сай жаңадан тұрғызылып жатқан сәулеттік жобаларға кеңінен тоқталған ол «Shymkent City» жобасының аумағындағы тұрғын үй кешендері туралы сөз қозғады. Арғынбеков көшесіндегі көпқабатты тұрғын үй кешенінің, Нұрсәт шағын ауданындағы «Nur-Sultan Plaza» көпқабатты тұрғын үй кешенінің, олардың қасбеттерінің сондай-ақ, көпқабатты автотұрақтардың эскиздік жобаларын талқылады.
«Бүгінде Шымкент қаласы жаңаша қарқынмен дамуда. Қаланың сәулеті, әсемдігі мен көркі архитекторларға тікелей байланысты. Кез келген құрылыс нысанын салғанда кеңес мүшелері бір кісідей атсалысу қажет. Себебі біз тарихи кезеңді бастан өткерудеміз. Мегаполис деген атқа лайықты қызмет ету баршамыздың парызымыз. Сәулеттік-көркемдік шешімдерді нақтылау барысында қателіктер жібермеуіміз керек. Қаланың қасбетін көркейтуде кәсіби көзқарастарыңызды айтып отырғандарыңыз абзал», деді Ерлан Қуанышұлы.
Кеңес отырысында әлемдік нарықта өзіндік орны бар «High Vill» және «Feb Group» құрылыс компаниялары жақын болашақта үшінші мегаполисте іргетасы қаланатын жобаларымен таныстырды.