ХІХ ғасырдың бел ортасында өмір сүрген атақты ақын Шортанбай Қанайұлы өзінің запыранға толы «Зар заман» жырында:
Мына заман қай заман?
Азулыға бар заман.
Азусызға тар заман,
Мұның өзі – зар заман, – деп күңіренуші еді ғой. Расында сол заманда қазақтың басына отарлық қамыты кигізіліп, Абай атамыз айтқандай «Бастағы миы мен қолдағы малына талас қылған» қиын кезең-тін.
Осындағы отарлау дегеніміз – Браун университетінің (АҚШ) профессоры Алака Холлан айтқандай, жыланның терісі сияқты түлеп түсіп қалатын дүние емес. Оның салдары мен зардабы ұзақ уақытқа созылады.
Мысалы, ұзақ жыл Еуропа отарында болған Марокко елінің тарихшысы Абдулла Лаури өзінің 1967 жылы Парижде ағылшын тілінде жарық көрген «Арабтардың қазіргі идеологиясы» атты еңбегінде: «Отарлаушылар тіпті менің ішкі жан дүниемді тонады. Мен басқаша ойлай алмаймын. Өзімді азат, тәуелсізбін деп ойлағанның өзінде біреу жан-жағымнан анталап, қаумалап, еңсемді басып тұрғандай сезімде өмір сүремін» деп жазыпты. Сол сияқты, ұзақ жыл еуропалықтардың отарында болып, 1942 жылы азаттық алған Индонезия елінің көсемі Сухарто: «Қолайлы, жақсы ауру-дерт болмайтыны сияқты, жағымды отаршылық та болмайды» деген тұжырымды алға тартады.
Осы орайда, біз жоғарыдағы «Отарлау һәм отаршылық» тақырыбын терең зерттеген ғалым-теоретиктердің пікірін көлденең ұстай отырып, «отарлану ойраны» немесе «құлдық ұрудың» құпиясы жайлы ой бөліспекпіз. Құлдық ұрғызудың ең күрделісі психологиялық бағыныштылық дейді ғалымдар.
Мысалы, қазақ халқын алайық. Басқасын айтпағанда зеңгір көкте емін-еркін ұшып жүретін аспан серісі бүркітті қолға үйретіп, оны құлдық ұрғызатын бірден-бір жұрт. Осы қазақта «құсты ырғаққа отырғызу» деген тәсіл бар. Оны құсбегілер түз бүркітін құлдық ұрғызу үшін жасайды. Яғни, адамға бағынып көрмеген асау құсты, екі діңгектің басын шалып байланған арқанның ортасындағы белағашқа отырғызады да басына томаға кигізіп ұйықтатпай тербетеді. Екі-үш күн ұйқысы қашып шаршаған бүркіт белағашты шеңгелдеп қыса-қыса ақыры әлі құрып есінен танып құлап, іштегі шерін (ақыл-есін) құсып тастайды. Сол сәтте құсбегі оны өзінің шапанына орап ұйықтатады. Әбден ұйқысы қанып оянған қыран қайта туғандай болады. Ол өзінің өткен өмірін құсықпен бірге ұмытады да шапан иесінің иісіне бағынып қалады.
Сол сияқты цирк жолбарысын да осылай жуасытады. Бұл тәсілді алғаш ойлап тапқан француз А.Мартэн деген адам. Бұл амалды кейін орыс аңүйретушісі В.Л.Дуров жетілдірсе керек. Ол былай: жаңа туған жолбарыстың шөнжігін шаранасы кеппей тұрып, аңүйретуші әйелдің жып-жылы қойнына салып жібереді. Бір апта сары қарын, салқар төсте жатып ұйықтайды. Осылай күшік күнінде мұрнына сіңген иіс әлгі бейбақты өмір бойы құл етуге жетіп жатыр.
Осылай үйретілген жолбарыс қашан қартайып өлгенге дейін сүйір сапты қамшыдан зәресі ұшып, цирктің алаңында аттай шапқылайды. Одан туған күшік те сол баяғы таз кейіпті киеді.
Бұдан да сорақысы осындай тәлім-тәрбиемен ер жеткен жолбарысты биолог-ғалымдар тәжірибе жасап көру үшін орманға жіберіпті. Өздігінен өмір сүре алар ма екен деп...
Цирк жолбарысы өздігінен өмір сүре алмапты. Табиғи бейімділігінен ажыраған. Кең жазирада алшаң-алшаң басып жүретін түйсіктен түйір де қалмаған. Тікен басып көрмеген табаны болбырап, төрт аяғымен тік жүру мұң болыпты. Бәрінен де қызығы, «үй күшік» тарғыл шері талдың түбінен орғып шыққан ор қояннан қорқып, айнала қашқанын қайтерсіз…
Ақыры өздігінен өмір сүре алмай өлетін болғандықтан оны ғалымдар циркке қайта алып келген көрінеді.
Яғни, аспан сермендесі, құс патшасы бүркіт пен жердегі қаһарлы жануар жолбарысты құлдық ұрғызуға жеткізген мұндай тәсіл ұзақ жыл отарланған халықтың өмір-тіршілігінен де көрініс береді екен. Осы мәселені ұзақ жыл зерттеген америкалық ғалым Ева Томсон: «Отаршылдық азаттық алған елдің тіршілігінің барлық саласында төбе көрсетіп тұрады. Саяси жүйе өзгерсе де, ойрандалған ұлттық сана өзгеріссіз қалады. Бұл ең алдымен тілде байқалады. Отарлаған ел мен отарланған елдің мәдениеттерінен шыққан мәдениеттің жаңа түрі – қоспа мәдениет төбе көрсетеді» депті.