• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қазан, 2019

Ұлытауын ұлықтап, ақынын ардақтады

281 рет
көрсетілді

Ұлытауда шығарма­шылығына Қарағанды, Жезқазған, Қарсақбай сынды өндіріс ошақ­тарын жырлауды ар­қау еткен арқа­лы ақын Тайжан Қалмағам­бе­товтің 140 жылдығы мен ауданның 80 жылдық мерейтойына арналған дүбірлі думан өтті. Ұлт ұясы атанған ауданның бұл тойына Парла­мент Сенатының депутаты Рысқали Әбді­керов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов және басқа да құрметті қонақтар қатысты.

Мерекелік шараның ашылу салтанатында сөз сөй­леген сенатор Рысқали Әбді­керов кезінде осы аудан­ды басқарғанда өзіне қол­дау көрсеткен жергілікті аза­­маттарға алғыс сезімін жеткізді.

–Ұлытау бүгінде күн өткен сайын көркейіп, дамып келе жатқан өркенді өңір. Аумағында мұнай шы­ғуына байланысты он жылдан астам уақыттан бері об­лыстық бюджетті демеп отырған бірден-бір аудан. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту төңірегінде нақты міндет қойды. Аудан халқын алда ұлы іс, жасампаз өмір күтіп тұр, – деп қайырды сөзін  мәртебелі мейман.

«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында ұйымдас­тырылған мерекелік ша­ра­ға қатысушылар аудан ор­талығындағы саябаққа ағаш егіп,  игілікті іс атқарды. Той қонақтары алдында аудандық мәдениет үйінің әртістері, Жезқазған мен Сәтбаев қала­ларының шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, шараға салтанатты реңк берді.

Мәдени шара бағдар­лама­сына сай, «Тайжан ізімен» деп аталған республикалық ән байқауы және қазақ күресінен жарыс ұйымдастырылды. Ән­шілер сайысында бас жүл­деге лайықты деп таныл­ған  жаңаарқалық Жалын Сыз­дықовқа 1 миллион тең­ге­нің сертификаты табыс етілді. Қызылордалық Б.Әб­дімәжитовке бірінші жүл­де бұйырса, оның жерлесі И.Дәулетхан екінші жүлде ие­гері атанды. Ал үшінші орынға арналған жүлде Жез­қазған қаласының әншісі М.Шоқтаевқа берілді.

Қазақ күресінен белдесулер екі салмақ дәрежесінде өтті. Ұлытаудың ұланы Ернат Төлеш 70 кило салмақта қар­сыласына шақ келтірмесе, аб­со­люттік салмақ дәрежесінде Жа­ңаарқаның жампозы Жыл­келді Құдайберген жеңіс тұғы­рының ең биік сатысына көтерілді.

Ұлытаудың баурайын дү­бірге бөлеген мерекелік шара ел эстрадасының  жұл­­­дыздары қатысқан гала-концертпен тү­йінделді. Тойшыл қауым Өмір­құл Ай­ниязов, Бейбіт Күш­қалиев, Сиви Махмуди және Нұр­жан Керменбаев сынды ән­шілердің өнеріне тәнті болды.