Адам баласы кейде қасаң, таптаурын ойдың құрбаны болып жатады. Мәселен, дәрігер онкологиялық сырқат туралы диагноз қойса, бойды үрей билеп, бұл дүниемен қоштасуға дайындала бастайды. Ал уақытында скринингтен өту арқылы аурудың алдын алуға, жазылуға болатынын ескере бермейді.
Сау жасушаларды обырлана жеп, ағзаны кеулейтін бұл дерттің ең бір қауіпті тұсы – алғашқы кезеңде ауру белгілерінің мүлде байқалмауында. Сондықтан науқас сырқаттанғанын сезбей уақыт оздырып алып, тек ауру жанына бата бастағанда ғана дәрігердің алдына келеді. Ал дер кезінде скринингтен өтіп, аурудың алғашқы даму өрісін анықтаған жағдайда, одан толық жазылуға болады. Өйткені бүгінде қатерлі ісік дертін көптеген созылмалы аурулар тәрізді бақылауда ұстауға мүмкіндік көбейіп келеді.
ТМД елдері ішінде алғаш рет Қазақстанда Дүниежүзілік онкологиялық саммит өтті. Елордаға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған белгілі онкологтар аталған аурумен күрес барысындағы тиімді әдіс-тәсілдерімен, тәжірибелерімен бөлісті. Жаһандық іс-шараға келген меймандар арасында бірқатар елдердің басшылары, бірінші ханымдар мен корольдік отбасы мүшелері, Сыртқы істер және Денсаулық сақтау министрлері бар. Сонымен 70-тен астам елдің өкілдері жиналып, онкологиялық ауруларды бақылау саласындағы 350 көшбасшы қатысқан саммит аясында көптеген тың мағлұмат айтылды.
Қатерлі ісік – жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейінгі өлім-жітімі ең көп қауіпті дерт. Жер шарында былтыр бұл аурудан 9,6 млн адамның өмірі қиылды. Әлемде 18 млн-нан астам адамға аталған диагноз қойылыпты. Бұл еліміз тәрізді бір мемлекеттің халқының санымен бірдей. Ал 2040 жылға қарай әлемде жылына 30 млн обыр ауруы тіркеледі деген болжам бар.
Бұл саммит – Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды тарихи оқиға десе артық айтқандық емес. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Дүниежүзілік Онкология көшбасшылары саммитін өткізу платформасы ретінде Қазақстанды таңдаған Халықаралық одаққа алғысын білдіріп, еліміздің 10 жылдан бері UICC мүшесі екенін және онкологиялық аурулармен күрес мәселесі әрқашан мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыты болғанын атап өтті. «2018 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық зерттеу онкоорталығын құруды тапсырды. Мақсат – онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету. Қазір орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Бұл Орталық Азиядағы ең ірі онкологиялық кешен болады деп жоспарлануда. Сондай-ақ онкологиялық аурулармен күрес бойынша кешенді жоспар әзірленді. Оны жүзеге асыруға 35,1 млрд теңге бөлінді», деді ведомство басшысы.
Саммиттің құрметті қонақтарының бірі – Обырды бақылау жөніндегі халықаралық одақтың президенті (UICC), Иордания ханшайымы Дина Майред. Өз отбасында ұлы лейкозға ұшырап, оның емделіп жазылуынан кейін аталған дертпен күрес жолына түскен ханшайым Қазақстанда ауруды ерте анықтау үшін тегін скрининг жүргізуге мемлекет тарапынан қаражат бөлінетініне ризашылық білдірді.
– Алайда, адамдардың өз денсаулығына жүрдім-бардым қарауы, тегін тексеруден өтпеуінің салдарынан ауруды ерте анықтауға толық қол жетпей отыр екен. 15 жыл бұрын Иорданияда обыр дертін емдеу жолға қойылмағандықтан, науқастар шетелге емделуге баратын. Оның ішінде Қазақстан да бар еді. Елімізде білікті мамандар мен қажет жабдықтар болды. Бірақ ауру асқынып, тиімді емделе бермейтін. Менің балам АҚШ-та, Ұлыбританияда ем алды. Сол елдердің тәжірибесіне сүйене келе, біз менеджменттің ақсап тұрғанын түсіндік. Содан бағытымызды өзгертіп, емдеуді дұрыс жүргізуге қол жеткізетін менеджментке мән берген едік, нәтижесін бере бастады. Ал бұл салада алға ілгерілеген Америка мен Еуропа елдерінде науқастардың жазылуы 80 пайызға жетсе, бізде 50 пайыздан енді асып келеді, – деді ханшайым.
Бүгінде еліміз бойынша 18 мың сырқат онкологиялық есепте тұрса, жыл сайын жаңадан 35 мың науқас тіркеледі екен. Өкінішке қарай, отандық медицинада сүт безі, жатыр мойны, өңеш және асқазан, бауыр, колоректалды обыр тәрізді ауруларды ерте анықтауда ақысыз скрининг жүргізілгенімен, тұрғындардың бұл реттегі белсенділігі көңіл көншітпейді. Жаңадан басталып келе жатқан онкологиялық аурулардың шамамен 25 пайызы скрининг көмегімен анықталып, шеңгел құрсауынан жылдам босап шығуға мүмкіндік береді екен. Сол себепті елімізде онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында ерлер мен әйелдерге арналған тексеру кабинеттері ашылып, оның саны 539-дан 1284-ке дейін артты. 5 жоғары мамандандырылған радиациялық онкология орталығы, иммуногистохимия зертханалары, онкоорталықтар диагностикалық жабдықтармен қамтылған, білікті мамандарға қоса психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер де пациенттерге көмекке келеді. Ал былтырдан бастап отандық онкологтар Еуропалық медициналық онкология қоғамының (ESMO) ұсынымдары бойынша жаңартылған хаттамалар мен стандарттарға сәйкес жұмыс істеуде.
Еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарова байтақ жұртымыздың солтүстігі мен шығысында обырмен ауыру үлесінің жоғары екеніне тоқталып, Өскеменде ерте диагноз қою бойынша қанатқақты жоба қолға алынып, өкпедегі дерттің алдын алу бойынша 900 адамға компьютерлі томография жүргізілгенін, олардың ішінде 25 адамда жаңадан обыр түзілісі жүріп жатқаны анықталғанын айтты. Бұл шара Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жалғасты.
Заман мен уақыт талабына сай жабдықталған клиникалар, білікті онколог дәрігерлер қатары көбейгенімен, адамдар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамаса, елімізде ауру құрығына түсетіндер азаймайды. Арнайы кешенді бағдарлама бойынша алдағы 2 жылда ПЭТ орталықтарын ашу, ядролық диагностиканы, телепатология және телеконсультация жүйесін, оңалтуды және паллиативтік көмекті дамыту, дербестендірілген молекулалық-генетикалық тестілеуді, онкологияда емдеудің инновациялық әдістерін енгізу, сәулелік терапия паркін жаңартуға бөлінген 35 млрд соманың халық игілігіне жарату көзделіп отыр. Әрине әуелі әрқайсысымыздың өз денсаулығымызға жауапкершілігіміз өте маңызды.
Онколог-дәрігер Мұратжан Сақтағановтың айтуынша, скрининг жүргізілген жылдар ішінде адамдардың дәрігерге келіп қаралу мәдениетінің біршама оң өзгерісі байқалады. Нәтижесінде, сүт безі қатерлі ісігінің ерте анықталуының көрсеткіші өсіп, 80 пайыздан асты. Ал бұрын сүт безі обырына шалдыққан науқастырдың 44 пайызы ғана 5 жыл өмір сүретін. Қалған науқастар өмірімен қоштасуға мәжбүр болатын. Дәрігерлерге «скрининг ауруды анықтау үшін керек, ал оны болдырмаудың жолдары қандай?» деген көкейдегі сауалды да ірікпедік. Аурудың ерекшелігі сонда, пациент сырқаттан жазылғанымен оның ағзасындағы жасушаларда бұл аурумен ауырғаны туралы ақпарат сақталады да, бір қолайлы кезде қайта жандануы ықтимал. Ал негізінен дертке бой алдырмаудың бірнеше жолы бар. Бұл кез келген қиындықта күйзеліске түсіп кетпеу, ас ішу, тамақтану мәдениетін қалыптастыру, ауру тудыратын түрлі вирустан сақтану немесе оған қарсы екпе жасату дейді мамандар. Мәселен, асқазан обырын тудыруға хеликобактерлер, бауыр ісігін гепатит С, Б түрлерінің қоздырушылары, жатыр мойны обырына папиллома вирустары себепші болады. Сондықтан академик Төрегелді Шармановтың дұрыс тамақтану жөніндегі кеңестеріне бар қазақтың құлақ асқаны абазал. Халқымыз «Ауру – астан» деп бекер айтпаған, сіздер, елге дұрыс ақпарат беріп, онкоаурудың үкім еместігін жеткізіңіздерші», дейді дәрігерлер қауымы.
Саммит аясында Қазақстан, «Мерк Биофарма» және «Ацино» фирмасының өкілдері арасында ұзақмерзімді үшжақты меморандумға қол қойылды. Үш блок бойынша стратегиялық дамуға – денсаулық сақтау мамандарын оқыту, диагностиканың соңғы тәсілдерін қолдану, сондай-ақ пациенттерді заманауи және оңтайлы емдеуді қарастырған меморандумға еліміздің атынан Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, «Мерк Биофарма» компаниясының ТМД елдері бойынша директоры Роджер Элиа, сондай-ақ «Ацино Каз» ЖШС («Ацино» компаниялар тобы) бас директоры Людмила Жангельдина қол қойды.
Е.Біртанов қатерлі ісікті диагностикалау мен емдеудің халықаралық, ұлттық стандарттарын қамтамасыз ету және сақтауда, ісіктерді диагностикалау мен емдеудің инновациялық тәсілдерін енгізуде, сондай-ақ дәрігерлер мен онкологиялық қызметтің басқа да қызметкерлері арасында ісіктерді диагностикалау мен емдеуде синергияны қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге еліміздің мүдделі екеніне тоқталды.
«Қазақстанда жыл сайын онкологиялық ауруға ұшыраған науқастардың саны артып келеді. Обыр ауруына шалдыққандар бойынша 50 елдің қатарындамыз. Сондықтан да кадрлық әлеуетті дамыту және онкологияға қатысты өзекті мәселелердің жаңа шешімдерін іздеу біз үшін маңызды» деді министр. Ал Р.Элиа «Мерк Биофарма» компаниясы онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бастамаларды қолдайтынын айта келе, келісімнің шарттарына сәйкес, тараптар ғылыми қоғамдастықты, жаңа проблемалармен айналысатын денсаулық сақтау мамандарын және осы патологиядан зардап шегетін пациенттерді біріктіруге бағытталған бірлескен іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ болашақта ынтымақтастықтың онкология саласы бойынша ғана емес, іргелі және клиникалық медицинаның басқа бағыттарында да дамуына мүдделі екенін атап өтті.