• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қазан, 2019

Бастаған да тастаған құбыр құрылысы

540 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстанның Есіл ауданында Тауағаш деген ауыл бар. Бұл ауыл өзге елді мекендердей емес, орнынан жылжымай, ешқайда көшпей отырған, діңгегі берік, іргелі қазақ ауылы. Басқа жердің бәрі көшіп жатқанда тауағаштықтардың көшпегеніне жұрттың бәрі таңғалады. Көшпейтін себебі – ауылдықтар еңбекқор. Қиындықтан қашпай мал, құс өсіріп, тіпті ауласында көкөністі көкмайсадай құлпыртып отыр.

Ауыл тұрғындары тегіс қара­көз­дер. Бәрі де ата-бабасының ежел­гі қонысында отырған жандар. Аула сайын бір-бір трактордан бар. Қыстық отын-шөбін, жем-азығын ала жаздай тыпырлап, бір-бірінен қалмай, өздері дайындап алады. Ешкімнен ештеңе сұрап, телмірмейді. Жалғыз-ақ сұрайтындары – өкімет бір дұрыс жол салып берсе екен дейді. Өйткені көктем мен жаздың лайсаңында, қыстың қысталаңында бұл ауылға жету немесе ауылдан шығу қиын. Ауырып, сырқамайтын адам жоқ, жолдың қиындығы әсіресе сырқаттанғандарға ауыр тиеді. Шиет­тей балалар тиісті медициналық жәр­дем алатын жерге уақытында жете алмай, шетінеп те кетеді. Ал аяғы ауыр келіншектер жол үстінде босанып, әбден әбігерге түсіп жатқаны.

Ауылда «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша заманауи мектеп ғимараты салынған. Бала саны сексеннің төңірегінде, тым азаймайды, көбейіп те кетпейді. Оңтүстіктен жеткен ағайындар мен оралмандар осынау қалың қазақ ортасына келгісі бар-ақ, бірақ жолдың қиындығын естігенде ат-тондарын ала қашады.

Таза ауыз суға ауыл тұрғындары 2006 жылдан бері қол жеткізген. Терең­дегі жерасты су қорынан сор­ғыш арқылы тартылып алынған су тұр­ғындарға тазаланып беріледі. Алай­да көптен қолданған соң ескірген таза­лағыш сүзгілер мен су сорғыш құрал жиі істен шығып жатады. Оны жөндеуге тиісті «Қамқор Есіл» ЖШС бригадасы да оңайлықпен келе қоймай, тұрғындар бірнеше күн тазаланбаған су ішуге мәжбүр болып қалатын кездер жиі болып тұрады.

Міне, осындай қиындықтан шығу­дың жолы биыл табылғандай, ауыл тұрғындары мәз болып қалған екен. Мәселе мынада. Аймақты тұ­тас­тай ауыз сумен қамтитын Есіл өзенінен су тартатын «Преснов топ­тық су құбыры» Тауағаштан он шақырым жердегі Спасовка ауылы арқылы Жамбыл ауданының аума­ғы­на құбыр тартатын-ды. Олардың құбы­рының бір тармағы Тауағашқа да тартылады деп белгіленіп, 23 млн теңгеге қысыммен реттегіш құрылыс (ҚРҚ) салынған. Бұл осыдан екі жыл бұрын болған оқиға. Ауыл тұрғындары бұған қуанып, енді Есілдің суын ішетін болдық деп мәз болып жүреді.

Алайда ҚРҚ құрылысын «Кимаки» ЖШС негізінен аяқтаған, бірақ жеріне жеткізбеген. Негізгі шаруаға қажетті қосалқы бөлшектер салынбаған, электр қуатына қосылмаған. Мерді­гер­дің өзі мемлекеттік Су ресурстары жөніндегі комитетінің маңындағы дауларға ілігіп, бұл арадан табанын жалтыратқан. Өйткені оларды жалдаған аталған комитет болатын.

Содан бері әдемі басталып, абырой­сыз тасталған құрылыс тауағаш­тық­тар­дың көзін қызықтырып, ауылдың басында әлі тұр. Желге шашылған миллиондардың да сұрауы жоқ, не қаржы бақылау басқармасы, не құқық қорғау органдары іздеу салмайды.

Осындай жағдайда биылғы көк­тем­ге ауыл тұрғындарымен кездесуге келген аудан әкімі үміт отын жағып кетеді. Ол суды ауылға ғана емес, көшеге енгізіп береміз деген уәдені үйіп-төгеді. Тек көшеге тартатын құбырдың орнын ақша жинап, қаздырыңдар дейді ол. Бұған қуанып қалған тұрғындар орталарынан ақша жинап, экскаватор жалдап, траншеяны қаздырып тастайды. Ол бұрын су тартылған құбырдың бойымен оңай қазылады.

Алайда... сол әкім екі-үш айдан соң бір себептермен орнынан түсіп қалады. Ал жаңа келген әкім Алтын­бек Абдуллаев бұл шаруаның оңай ше­шіл­мейтінін айтады. Өйткені бәрі қара­жатқа келіп тіреледі. Бұл шы­ғын­­ға арналған қаражат бюджетте қарастырылмаған. Өзі облыс әкім­дігіне де, облысқа келген Ауыл шар­уа­­­шылығы министрінің су ресурс­тарын бақылайтын орынбасарына да мәселені түсіндіргенін айтты. «Вице-министр бұл мәселеге түсіністікпен қарады. Ол қажетті қаражат облысқа аударылып, аймақтық су тарату шы­ғын­дарын ендігі жерде өңірлердің өзі басқаратынын айтты», дейді әкім. Солай болғаны дұрыс қой, әрине. Бірақ бәрі жай сөз болып қалмаса игі еді дейді тұрғындар.

Ал әзірге тауағаштықтар, «өздерің қаздырыңдар» деген дігерге құлақ асып, құлшына кірісіп қазған терең орларына түсіп кеткен қозы-лақтарын, құлын-тайларын, тоқты-торымдарын, тіпті үлкен малдарын шығара алмай, әлекке түсіп жатады. Қарғысты кімге айтарларын да білмейді, қазған өздері...

Ауданға келгеніне екі-үш ай ғана бол­ған жаңа әкім Алтынбек Абдул­лаев әзірге бұл мәселені шешпесе де тауа­ғаштықтарға басқа қырынан бір жақсылық жасағалы отыр. Оны да айтпай кетуге болмайды. Облыс басшыларына түсіндіре жүріп, ол Тауағашқа жол салу қажеттігін дәлел­деп беріпті. Қазір сол жолдың жоба­лық-сметалық құжаттары жасалуда екен. «Алла қаласа, алдағы көктемде құрылыс жұмыстары да басталып кетер деген үміттеміз», дейді аудан басшысы.

Егер ең басты проблемасы болып отырған жол салынса, тауағаштықтар бөркін аспанға атып, қуанар еді. Тіпті орға түсіп өлген малдарын да садақа деп санар еді.

Терістіктің түкпірінде жатқан бір ауылдың тыныс-тіршілігі осылай өрбуде.