Елордада «Астана LRT» ЖШС Face pay биометриялық мәліметтер арқылы жолақы төлеудің жаңа тәсілі туралы баспасөз мәслихатын өткізді. Шара барысында жаңа төлем жүйесінің ерекшеліктері айтылды.
Жоба жасаушыларының айтуынша, Face PAY – биометриялық мәліметтермен басқару жүйесі. Бұл әртүрлі міндеттерді адамдарды тану функциясы арқылы шеше алады. «Астана LRT» ЖШС үшін бұл бастама – жолақы төлеудің электронды жүйесін жолаушыларға ыңғайлы етудің тағы бір мүмкіндігі. Компания қоғамдық көлікті және оның төлем жүйесін дамытуда әрқашан жаңа мүмкіндіктер үшін ашық. Қазір төлемнің жаңа тәсілі техникалық тестілеуден өтуде. Face PAY жүйесінің артықшылықтары: жеңілдетілген және ыңғайлы төлем, 60 минут ішінде тегін ауысып отыру, билеттеуді автоматтандыру, бағдарлық көлікті мониторингілеу, жолаушылар ағынын талдау, геолокация бойынша тарифтеу, клиентті санаттандыру, автокөлікті есепке алу, сапарларды нақтылау. Face PAY арқылы қоғамдық көлікте жол ақысын төлеу үшін telegramда @facepay_bot бот бағдарламасын табу, ЖСН нөміріңізді тіркеу, суретке түсу, банк картасын енгізу керек.
Жолаушы өз деректерін пайдалануға рұқсат бергеннен кейін, жабдық орнатылған автобусқа кіріп, жол ақысын төлей алады. Билет дереу telegram-ға келеді. Әзірлеушілер хабарлағандай, пайдаланушылардың жеке деректері сенімді қорғалады.
«Биометриялық (бет-бейне арқылы) төлеу жүйесі біздің серіктестеріміз IPAY және ForteBank-пен жасаған қанатқақты жобамыз. Осы жобаның тестілеу нұсқасын 1 апта бұрын қалалық 10 және 5-автобустарда жүргізуді бастадық. Қазір осы төңіректегі жұмыстарды жалғастыру үстіндеміз. Қанатқақты жоба бізге басталған істің кемшілігін немесе артықшылығын анықтап, оның толықтыратын, болмаса алып тастайтын жерлерін саралауға мүмкіндік береді. Қазір «Астана LRT» ЖШС көптеген төлем жүйелерін енгізіп отырғаны белгілі. Оның ішінде карта, банктік карта, сонымен қатар смс хабарламалар арқылы төлейтін 8 бағдарлама бар екенін айта кету керек. Бұл жерде тұрғындар қоғамдық көлікте өзіне ыңғайлы түрін пайдалану арқылы жолақысын төлейді. Бұған дейін Қытайда Alibaba компаниясы тамақтану орындарына арналған Alipay деген атаумен төлем жүйесін енгізген болатын. Сонымен бірге Ұлыбританияда метро жолақысын төлеу үшін бастаған жүйе толық іске асырылмаған. Ал біздің қоғамдық көліктегі биометриялық төлеу жүйесі алғашқы жоба деп айта аламыз», деді «Астана LRT» ЖШС басқарушы директоры, басқарма мүшесі Дәурен Нұралиев.
Айта кететін тағы бір жайт, 2018 жылдан бастап елорда қоғамдық көліктері толықтай электронды төлем жүйесіне көшкен болатын. Сол жылдың қыркүйегінен бастап SMS және QR-код арқылы жолақысын төлеу енгізілді. Ал «Senim», «Ipay», «SMSBAS», «OYBY» мобильдік бағдарламаларының ерекшеліктері – ұялы телефон арқылы жолақысын дереу төлеуге мүмкіндік береді.