Өңірдегі бірқатар азамат «Жомарт жүрек» сыйлығымен марапатталды. Аталған шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, сыйлық бес аталым бойынша лайықты кандидаттарға берілді.
Әуелі өңірдегі ірі жобаларға қолдау білдіріп, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созып келе жатқан «Арай-строймаркет-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Арман Еділбаевқа «Жыл меценаты» атағы табыс етілді. Кәсіпкер талай жылдан бері қарттар үйі мен балалар үйіне қаржылай көмек көрсетіп келеді. Сонымен қатар ол ағымдағы жылы қайта жаңғыртудан өткен Тараз қаласындағы «Жастар аллеясының» құрылыс жұмыстарына 224 миллион теңге бөлгенін де айту керек.
Ал «Туған өлке» аталымын қордайлық кәсіпкер, «СССР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәрсебек Салыбаев иеленді. Кәсіпкер соңғы 3 жыл ішінде аз қамтылған отбасыларға 41,9 миллион теңгеге 8 тұрғын үй салып берген азамат. Сондай-ақ 17 қордайлықтың баспаналы болуына қаржылай көмек көрсетіп, 10 тұрғынға қажетті құрылыс материалдарын алып берді. Өзінің спорттық мансабында 12 рет әлем рекордын жаңғыртқан даңқты спортшы Зульфия Габидуллина «Жыл тұлғасы» аталымын жеңіп алды. Сондай-ақ ол талай рет ел қоржынына олжа салған жан. Жиын барысында «Жылдың үздік ұйымы» аталымы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бұйырды. Серіктестік басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров те талай уақыттан бері өңір тұрғындарына әлеуметтік-материалдық тұрғыда көмек көрсетіп келеді. Өз өнімін әлемнің 27 еліне экспорттайтын «Қазфосфат» соңғы жылдары қайырымдылық жұмыстарына 46 миллион теңге жұмсаған.Әлеуметтік маңызы бар үздік жобаларды жүзеге асырғандарға ғана табыс етілетін «Ерен еріктілік» атағы Тараз іргесіндегі Құмшағал, Шөлдала тұрғындарына көмек қолын созып жүрген «ӨРКЕН-НИЕТ» қайырымдылық қорының төрағасы Сағдат Айнабековке бұйырды. Аталған сыйлықтарды иеленген азаматтардың бәрі де Әулиеата өңірінің әлеуетін көтеруге атсалысып жүрген азаматтар деуге болады.
Жамбыл облысы