Павлодар өңіріндегі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы филиалының мәліметінше, биыл науқастарға көрсетілетін медициналық қызметтердің тәулік бойы және күндізгі стационарлық емдеу сапасы тексерілді. Мониторинг нәтижесінде емдеу орындарына 61,4 миллион теңге, ал күндізгі стационарлық емдеу қызметі бойынша тексеріс кезінде 2 миллион теңге айыппұл салынды.
Бұл күндері өңірде де 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» жүйесі бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бұл мақсатқа Үкімет денсаулық сақтау саласын жылдар бойы бірте-бірте дайындау арқылы жетті деуге болар. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігінің құрамында «Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитеті» құрылды. Бюджет қаржысын сақтандыру қағидасы бойынша ауруханаларға беру нормасы енгізілді.
Енді осындай жаңашылдықтарды әрі қарай көбейту үшін денсаулық сақтау жүйесін жаңа тәсілге көшірудің уақыты келді. Онсыз сапалы өркениетті медициналық қызметке жету мүмкін емес екені түсінікті.
– МӘМС жағдайында медициналық көмекке жүгінгенде алдымен медициналық қызметті тұтынушының мәртебесін анықтап алу маңызды. Соған қарай көмек кепілдендірілген тегін медициналық қызметтердің есебінен, иә болмаса, кеңейтілген сақтандыру пакеті есебінен төленеді, – дейді филиал мамандары.
Емделушілер бұрынғыдай жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуі тиіс. Әрі қарай медициналық ақпараттық жүйе барлық қажетті әрекеттерді өздігінен жүзеге асырады.
– Сондықтан ауыл, қала тұрғындары арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Мамандар ауылдарды аралап, халықпен кездесулер өткізуде. Қала тұрғындары үшін көше билбордтары мен LED-экрандарда, қоғамдық көліктерде жарнамалар орналастырылып, радио және телеарналардан хабар таратылуда, – дейді медициналық қызмет сапасын мониторингтеу бөлімінің басшысы Алмагүл Ахметжанова.
Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы ақпаратты Қордың fms.kz сайтынан немесе 1406 нөміріне хабарласып, алуға болады.
Облыста 179686 адам ресми түрде жұмыспен қамтылған. Оларға жұмыс берушілер медициналық сақтандыру қорына жарна төлейді. 1750 адам бірыңғай жиынтық төлемін аударып отырады. Олар 2020 жылдан бастап жарнасын мемлекет төлеп беретін әлеуметтік қорғалмаған азаматтармен қатар сақтандырылған адамның мәртебесін алады.
Өңірдегі барлық жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап ақша аударуда. Жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша 9,3 млрд теңге төлеген.
Жаңа жүйеге қосылған жұртшылық 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап екі түрлі пакет бойынша қызмет алмақ. Алғашында тұрғындар үшін жеңілдік қарастырылады. 1 қаңтардан бастап, сәуір айына дейін медициналық көмек барлық тұрғындарға бірдей көрсетіледі.
Ал 1 сәуірден бастап сақтандыру жүйесіне тіркелмегендер екінші пакет ұсынатын көмекті тегін ала алмайды. Бұл қатарда табысы аз, қалтасы қымбат шараларды көтермейтін МРТ, компьютерлік томография, қан компоненттерімен қамтамасыз ету, медициналық оңалту және қалпына келтіруге бағытталған емдеу түрлері бар.
Жаңа жүйе жаңашылдығына жергілікті медициналық мекемелер қаншалықты дайын, мәселе осында. Филиал мәліметінше, облысымызда емханалар мен ауруханалар түгелдей компьютермен жабдықталған. Барлығы интернет арқылы ақпараттық жүйеге қосылған.
Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі және тегін медициналық кепілдендірілген көмек жүйесі бар. Енді осы екеуі қалай бірге іске асырылады деген сұрақ туады. Жұртшылық екі түрлі пакет бойынша медициналық көмек алады. Алғашқысы – Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті. Кепілдік көмек шеңберінде сақтандырылған немесе сақтандырылмағанына қарамастан, адамдар емхана дәрігерлеріне қаралып, стационарларда ем қабылдайды. Ал алғашқы медициналық-санитарлық көмекті тіркеуде тұрған емханаларынан алады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру екінші пакетке жатады. Қалалық №4 емхананың бас дәрігері Арман Отарбековтің айтуынша, мұндай көмекті алғысы келетін адам емханада тіркелуі тиіс. Әрқайсымыз өз денсаулығымыздың дәрігері болуға үйренуіміз керек.
Науқастар медициналық сараптамадан өтуі үшін қаражатын жұмсайды. Дәрі-дәрмек сатып алып, ақылы негізде емханаларға қаралады. Жаңа жүйе шығынның белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен өтейді. Тегін медициналық көмекті мемлекеттік емханалардан бөлек, жекеменшік медициналық мекемелер де көрсетеді. Яғни, халықтың 15 санатына жеңілдік беріліп, жарнаны мемлекет төлейді. Олардың қатарында балалар, жұмыссыздар, мүгедек баласы барлар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, ардагерлер, студенттер, 3 жасқа дейінгі бала күтімімен айналысатын аналар бар.
Ал «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалы азаматтарға көрсетілетін медициналық көмек сапасын жүйелі түрде бақылап, ай сайынғы қызметтерін төлейді. Төлем көрсетілген қызметтердің сапасына жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша есептеледі.
Алмагүл Ахметжанованың айтуынша, мониторинг көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін бақылайды. Медициналық көмек көрсетуде айыппұлдан бөлек, қор сарапшылары медициналық қызметкерлер арасында түсіндіру, медициналық қызметтердің сапасын сараптау, емделушілердің құқығын қорғау мен ауруларды басқару бағдарламасын жүргізу мәселелері бойынша жұмыс жүргізеді.
Айыппұл салынған емдеу орындарының қатарында өңірдегі Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханасы, Екібастұз қалалық ауруханасы, облыс орталығындағы №1, №3 ауруханалары бар.
– Енді дәрігерлік қызмет көрсету сапасы бойынша жүргізілетін мониторинг нәтижесі тұрақты түрде жұртшылық назарына ұсынылады. Бұл халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге қажет. Медициналық қызметтердің сапасын арттыру және оны науқастардың бағалауы маңызды, – дейді медициналық қызмет сапасын мониторингтеу бөлімінің басшысы.
Медициналық сақтандыру қоры қызметтің нақты көрсетілген немесе көрсетілмегенін, емдеу хаттамаларының талапқа сай толтырылуы немесе толтырылмауын, жалпы нәтижесін тексереді. Осы талаптар сақталмаса, емдеу орындарына айыппұл салынады. Егер емдеу барысында өрескел заң бұзушылықтар орын алса, онымен құқық қорғау орындары айналысады.
Қордың медициналық көмектің сапасы мен көлемін бақылау бойынша өкілеттіктері бар. Медициналық қызметтердің барлық түрлері мониторингтен өтеді.
– Ауылдар қажетті жағдайда толық көмек алады, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» атқарушы директоры Нұрлан Қасымов.
Ал сақтандырылмаған адамдар үшін жоспарлы медициналық көмек ақылы болмақ. Мысалы, сақтандыруы жоқ адамға МРТ, УДЗ салалық дәрігерлік кеңес сияқты шараларға ақы алынады. Ал сақтандырылған адам медициналық көмекті қажетті мөлшерде ала береді.
Сонымен қатар Нұрлан Қасымовтың айтуынша, медициналық көмекті қаржыландыруға 2020 жылы 56,9 млрд теңге бөлінбек.
Өңірде кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсететін 63 медициналық мекемелер бар. Оның 30-ы – жекеменшік. Медициналық құжаттама тек сандық форматта жүргізіледі. Халықты тіркеу регистрінде бекітілген облыстың әрбір тұрғыны жеке электронды денсаулық паспортымен қамтамасыз етілген. Құжаттар емделушілерді электронды форматта бақылау және емдеу барысын қадағалауға мүмкіндік береді.
Медициналық мекемелердің қызметіне тексеру, бақылау жұмыстары да аса қажет. Сондықтан «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» сарапшылары тұрақты түрде аурухана, емханалардың дәрігерлік қызмет көрсету сапасына мониторинг жүргізеді. Ақпараттық жүйе арқылы да бақылай алады. Бекітілген кестеге сәйкес, жоспарлы тексеру шаралары өткізіледі. Науқас адамның құқығын сақтандыру қоры қорғайды.
– Ал ақша ешқайда кетпейді, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына жиналады. Бәсекелестікке аурухана, емханалар қазірден дайындалуы керек. Емделушілер қай ауруханаға, емханаға көбірек барса, қаржы да сонда құйылады, – дейді емделуші тұрғын Жарқынбек Смайыл.
Жаңа жүйе денсаулық сақтау саласындағы қызмет сапасын жетілдіру, осы бағытта тұрақты қаржылық жүйені қалыптастыру, емханалардың жұмысын жақсартуды көздейді. Бұл жүйенің жүзеге асуы үшін Үкімет жан-жақты даярлық жасады.
Тұрғындар қазіргі қор 1998 жылғы бұрынғы қателікті қайталамайды деп сенеді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілгеннен кейін жақсы өзгерістер келеді деп асыға күтеді. Қазір бүкіл қаржыны медициналық қызмет көрсететін мекемелер жинайды. Аурухана, емханаларға мамандардың келуін қамтамасыз етеді, шетелдік медициналық қондырғылар алады, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе бастайды.
Жоғарыдағы медициналық қызмет сапасында кездескен олқылықтар үшін айыппұл төлеген ауруханалардың мысалы соның дәлелі. Сондықтан мәселе қымбат қондырғыда, күрделі жөндеуде де емес, кәдімгі адами факторда, тұрғындардың медициналық қызметке берген бағасы негізгі көрсеткіш болатынын ескерейік.
Павлодар облысы