Ұлттық ұстанымымызға, болмыс-бітімімізге сай келмейтін кейбір келеңсіз іс-әрекеттер орын алса «қап, әттеген-ай» деп қапаланбайтын қазақ кемде-кем. Жаһандану көшіне ереміз деп жүргенде еңсеміз төмендеп, рухани құндылықтарымыз құлдырап, отбасының, әке-шешенің алар орнын аласартып алған жоқпыз ба?!
Иә, мұндай мәселелер өткен ғасырларда кезекті емес, өзекті мәселе болғанын білеміз. Әсіресе әкенің орны таудан биік, теңізден терең еді. «Отырған қыз», «қайтып келген келіншек», «жесір әйел», «жетім бала» деген ұғымдардың көлеңкесі де көрінбейтін сол заманның соқпағы алтын дерсің. Шаңырақ шайқалмасын деп, жесірлік байқалмасын деп әйелді әмеңгерлікпен алса, жетім баланы жетелеп, мейірім мекеніне орналастырып, үйінің бөлмесінен ғана емес, жүрегі мен кеудесінен де орын бере білген. Отбасында орын алған бір күндік ұрыс, қырық күндік ырысты кемітетінін терең түсінген еліміз мұндайға жол бермеуді жан-жақты қарастырған.
Күні кеше елордада мас ер адам әйелін атып өлтіріп, өгей ұлын жарақаттады деген ақпарат желдей есті. Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 20 қазан күні кешке тіркелген.
«20 қазан күні сағат 22.19 шамасында Полиция департаментінің жедел басқарма орталығына 55 жастағы елорда тұрғыны мен оның 5 жастағы баласына оқ тигені туралы мәлімет келіп түсті», делінген хабарламада. Полиция анықтағандай, отбасылық жанжал кезінде әлгі әйелдің 59 жастағы күйеуі мас күйде жарына оқ атып, оның екінші некеден туған ұлын жарақаттаған. Әйел алған жарақатынан көз жұмды. Ал бала ауруханаға жеткізілді. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті азамат уақытша изоляторға қамалды», делінген хабарламада.
Нұр-Сұлтан қалалық №2 балалар ауруханасының бас дәрігері Біржан Досмаилов оқ тиген бес жасар баланың жағдайы тұрақты екенін айтты.
«2019 жылғы 20 қазанда №2 қалалық балалар ауруханасының травматологиялық пунктіне жедел медициналық көмек бригадасы ішіне оқ тиіп, жараланған бес жастағы (4 жас 11 ай) баланы шұғыл жеткізді. Ауруханаға түскен кезде баланың жағдайы ауыр болды. Операцияға дайындау үшін реанимациялық бөлімшеге жатқызылды. Қазір балаға ота жасалған және жағдайы тұрақталған соң стационарлық емді жалғастыру үшін бейінді жалпы хирургия бөлімшесіне ауыстырылды.
Жағдайы тұрақты, орта дәрежеде деп айта аламыз. Барлық қажетті тексерулер жүргізіліп жатыр, медициналық көмекті толық көлемде алады. Айта кететін тағы бір жайт, жарақаттанған баламен балалар психологы жұмыс істейтін болады», деді Біржан Серікбекұлы.
Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің мәліметінше, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі мекеме қызметкерлері білім ордаларында 114 кездесу, басқа да мекемелерде 10 кездесу өткізген. Жұртшылыққа 1300-ден астам жадынамалар мен визиткалар таратқан, сонымен қатар әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстарда тұрақты түрде материалдар жариялап, Нұр-Сұлтан қаласы ІІД ресми сайтындағы арнайы айдары жаңартылып отырады екен.
«Әйелдерді зорлық-зомбылықтан, құқыққа жат әрекеттерден әйелдердің мүддесі мен бостандығын, конститутциялық құқықтарын қорғау бойынша айтарлықтай жұмыс атқарылуда. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісі қызметкерлері, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша отбасын жоспарлау, отбасы мен некені сақтауға мұқтаж жұптарға көмек көрсететін, өзара қарым-қатынасты реттейтін «Демеу» оқу-практикалық орталығы, «Қорғау-Астана» орталығы психотерапевтерімен қарым-қатынас жасайды. Отбасылық зорлық – бұл бір адам екінші адамның іс-қимылы мен сезімін бақылауда ұстағысы келетін жағдай. Әдістер әртүрлі болуы мүмкін, қорқыту, қорқыныш сезімін ұялату, көмекке зәрулік, абыройын түсіру, т.б. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісі қызметкерлері жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесі көрсеткендей, отбасындағы зорлық әрекетінің орын алуына басты себеп – спиртті ішімдік қолдану, ұрыс және қызғаныш болып табылады», делінген Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің ақпаратында.
Алматыдағы «Аман-саулық» қоғамдық қоры жоғары оқу орындарымен бірлесіп, арнайы сауалдама жүргізген. Оған 18 бен 25 жас аралығындағы 773 студент қатысыпты. Нәтижесінде 38%-ы ішімдіктің дәмін 16 жаста татқанын, 37%-ы 18 жасқа дейін, 20%-ы 21 жасқа дейін және 5%-ы 21 жастан асқан соң ішімдік ішкенін айтқан. Алайда, сауалдамаға қатысушылардың 5%-ы жасы 21-ге толмаса да, ішімдікті жиі пайдаланады екен. Статистика бойынша елімізде жан басына шаққанда ішімдік орта есеппен әр адамға жылына 9 литрден келеді екен. Бұл көрсеткіш нәтижесінде Еуразия құрлығы бойынша 19 орындамыз. Жалпы, әлем бойынша Қазақстан ішімдікті пайдалану көрсеткішінен 77-орынға шыққан.
Жуырда суицид, шаңырақтың шайқалуы, отбасындағы зорлық-зомбылық сияқты өткір де өзекті әлеуметтік мәселелерді талқылау үшін Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен «Даналық» отбасылық құндылықтарды дамыту институты бірлесіп коуч-сессия ұйымдастырып, шағын шаңырақтағы орын алатын келеңсіз жағдайларды кеңінен талқылаған болатын.
«Егер біз бүкіл Қазақстан бойынша наркологиялық жағдайға назар аударатын болсақ, онда соңғы 10 жыл ішінде нашақорлықпен тіркелген адамдардың, яғни алкоголь мен есірткіге тәуелді адамдар санының тұрақты төмендеуін байқаймыз», деген болатын Нұр-Сұлтан қалалық Наркология және психотерапия орталығының тәжірибелі наркологы Тоқтар Қойшыбеков.
Оның айтуынша, қазір елімізде нашақорлық диагнозымен 20 мыңға жуық адам және алкогольге тәуелділігі бар 100 мың адам бар. Сонымен қатар ол елордамызда нашақорлардың саны 13 пайызға төмендегенін атап өтті. Бұл нашақорлыққа тәуелді деген диагноз қойылған шамамен 1200 адам. Нұр-Сұлтанда алкогольді тұтынатындардың көбі негізінен 30 бен 44 жас аралығында ерлер мен әйелдер екен.
«Егер есірткіге тәуелді адамның жас ерекшелігіне және әлеуметтік сипаттамаларына назар аударатын болсақ, онда бұл көбінесе 25 пен 44 жас аралығындағы жастар. Бұл орта және орта арнаулы білімі бар, тұрақты жұмысы жоқ адамдар», деді Т.Қойшыбеков.
Lancet журналында жарияланған БҰҰ деректері бойынша 2018 жылы 15-49 жас аралығындағы азаматтар, яғни әрбір 100 мың адамға шаққанда 62,2 өлім осы алкогольдің кесірінен келеді. Қазақстан алкогольдің кесірінен өмірден өтетін азаматтарының саны жөнінен әлемде 10-орынға кірген. Яғни спиртті ішімдіктердің тікелей немесе жанама әсерінің кесірінен жылына жүздеген азаматымыз опат болып жатыр.
Кең байтақ жеріміз бен кең пейіл еліміздің келешегі жарқын болуы үшін құрған отбасының құламауына һәм құлдырамауына ежелден ер адамның жауапты екенін естен шығармаған абзал. «Еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі» деген тәлімді тәмсілдің мазмұны маңызды. Ер мен әйелдің етене жақын, тағдырда тату болып өмір сүруі елдің ертеңі үшін де, ұлт пен ұрпақтың өркендеуі үшін де ауадай қажет екенін ескерген даналарымыз «Отан – отбасынан басталады» деген орамды ой, пайымды пікір қалдырған.