• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Қазан, 2019

Хат қоржын (22.10.2019)

5839 рет
көрсетілді

...ұсыныс жасайды

Батырларды насихаттаған абзал

«Ел үмітін – ер ақтар, ер атағын – ел сақтар» демекші, келесі жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесін тойлаймыз. Жылдан-жылға кешегі дүлей соғыста Отанымызды қорғап қалған батырларымыз азайып барады. Бүгінде қала, ауыл болсын – көшелердің аттары өзгертіліп, жаңа есімдер беріліп жатыр. Олардың ішінде атақты қаһармандар да бар, бірақ та кейбір жастар солардың атаулы істерін, ерліктерін толық біле қоймайды. Жақын арада осы жөнінде бір топ балалармен әңгімелесіп, көшелерге не үшін, кімнің қандай батырлық жасаған үшін есімдер берілгені туралы сұрасам, жауап болмады. Оған орай өзімнің «Жүректегі естелік» атты кітабымдағы батырлар туралы (оның ішінде Сағадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигелдинов бар) сұрағанда, «кәсіпкерлер ме» дегенде, ұятты болды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, жастарға патриоттық тәрбие, ой-өрісті кеңейту – игі бастама деп айтылған. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында жүздеген, нақтылап айтқанда, 640 астам көше бар. Көшелердің атауларының сыры мен тарихы туралы неге аялдамаларда кеңейтіліп бағдарлама берілмеске, сондай-ақ БАҚ-тарда арнайы айдарлар ашып, еліміздің батырлары туралы насихаттаса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Сапарғали ЖАҒЫПАРОВ,

әскери журналист

Нұр-Сұлтан

 

...әсерімен бөліседі   

Жайықтың ақ шағаласы

Кітапханамызда қазақтың ақ шағаласы атанған ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваның 75 жасқа толған мерейтойына арналған «Қазақ поэзиясының ақ шағаласы» атты әдеби кеш өткізілді.

Ақылдың ақылы Абай, ақынның ақыны Мағжан бастаған қазақ поэзиясының көші терең де арналы Ақ Жайықтай болса, сол дарияға қырдан шапқылап келіп қосылған ақ бұлақ – Ақұштап өлең дариясына өз ағысымен, өз иірімімен келіп қосылады. Қазақ поэзиясына жүректен шыққан нәзік лиризм мен сананы сілкіндірер шыншыл сезім әкеп ажарландырған, көктемгі ақ жауындай түрлендірген де осы – Ақұштап Бақтыгереева.

Шараның мақсаты – қазақ поэзиясында өзіндік ерекшелігімен орын алған ақынның өмір жолы мен шығармаларын кеңінен насихаттау. Басқосу барысында ақынның сұхбаттарынан бейнероликтер көрсетіліп, жыр шумақтары оқылып, «Жайықтың ақ шағаласы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ақынның өлеңдер жинағы мен томдық кітаптары, мерзімді басылымдар бетіне жарыққа шыққан сұхбаттары қойылды.

 

Лаура ЕРІКҚЫЗЫ,

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер

кітапханасының кітапханашысы

 

АҚТӨБЕ

 

...өкініш білдіреді

Әйтеуір той дайын тұрады...

Біздердің байымай жүргеніміздің бір себебі бар. Ол – қажетсіз тойдың көптігінен күні-түні жұмыс істейсің, шипажайға да демалуға бармайсың, әйтеуір той дайын тұрады... Шілдеxанасы, 1 жасқа толғаны, тілашары, мектепке барғаны, сүндет тойы, 1 сыныпта қоңырау соққаны, грамота алғаны, мектеп бітіргені, грантқа түскені, диплом алғаны, жұмысқа тұрғаны, ұзатуы бар, беташары, үйлену тойы, 30,40,50,60,70,80,90 жас мерейтойлар, отау құрғанына 25,50,75 жыл болғанына той, мүшел жастар мен пайғамбар жасты қосыңыз. Не деген бітпейтін той. Енді, зейнетке шыққанына да той істейтін болыпты.

Сөйтіп, жинап жүргеніңді тойға шашасың. Жинағаның жоқ болса, кредит аласың. Құдай жеткізер деп өзімізді жұбатып қоямыз. Қорадағы малымыз енді көбейіп жатса, сатып жіберіп той істейміз ғой.

Түсінемін, егер табысыңыз барлық шығындарыңызды жауып тұрса, балаңыз не қызыңыз жалдамалы пәтерде тұрмаса, астыңызда көлігіңіз болса, отбасылық бизнесіңіз болса, жылына бір рет санаторийде демалып тұрсаңыз, онда базар жоқ, қалаған тойыңызды істей беріңіз. Жақында 3 млн теңге кредит алып той істеймін деп қарызға кірген кісіні көріп күйіп кеттім... Қалай ойлайсыздар, расымен де осынша тойдың барлығы керек пе бізге?

 

Мейірман САУРАНБЕКОВ

 

...кеңес береді

Неліктен ұлдың басынан сипамаған?

Халқымыз неліктен ұл баланың емес, қыздың басынан сипаған? Қарап тұрсаңыз мұның да өз жөні, тәрбиелік мәні бар. Мұны қазақтың қаһарман батыры, ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлы атамыз айтып кеткен екен.

«Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған, арқасынан қаққан. «Басынан сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады» деп түсінген. Ата-ана, ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп ұлды арқадан қағыпты.

Ал қыздарды керісінше басынан сипаған. Қыз – жатжұрттық, қыздың бағы үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады» деп басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық биязы мінез қалыптасады». Арқадан қағу мен бастан сипаудың осындай талғамды астары, тәрбиелік мәні бар екен.

Аман БОЛСЫН

 

АЛМАТЫ