• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қазан, 2019

Тараз шаһарындағы тамаша түн

531 рет
көрсетілді

Екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһары туралы көптеген жазбаларда кездеседі. Ертеде Тараздың ірі сауда орталығы, көпестер қаласы болғаны да көпшілікті қызықтырады. Осы орайда «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде қала тұрғындары мен қонақтары үшін «Көне шаһардағы мың бір түн» атты «Музей түні» өтті. Шара аясында көне Тараздың тарихынан тағылым беретін театрландырылған көріністер қойылып, оны үш мыңнан астам көрермен тамашалады.

Тарихи шаһардың болмысын тану және көне ғасырларға саяхаттау мақсатында ұйымдастырылған аталған шараны «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев сөз сөйлеп ашып, «Музей түні» келушілерге терең тарихтан тағылым беруде маңызы зор екенін айтты. Сонымен қатар Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сайлаухан Ашанов, Түркістан облысының «Ордабасы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкері Бақытбек Қасымов, Алматы облысының «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкері Қуаныш Нұрмақсұтовтар мұндай іс-шаралардың, әсіресе жас ұрпақтың ұлттық тарихымызды терең танып, отансүйгіштік рухының асқақтауына өзіндік үлесін қосатынын атап өтті. Тараздың тек қана ірі сауда орталығы ғана емес, кезінде сұлулар мен ғашықтардың шаһары болғаны да әңгіме арқауына айналды.

«Музей түні» көпшілікке керемет көңіл күй сыйлады деуге болады. Келушілер арнайы ұйымдастырылған «Көпестер мен қолөнершілер қаласының» тарихи атмосферасына үңіліп, Қарахан мен Айша бибі аңызының тарихымен де кеңінен таныс­ты. Сонымен қатар музей кеңістігінде Тараз топырағында өткен тарихи тұлғалардың бейнелері қайта жанданды. Ал ғажайып әлемге саяхаттағысы келген жастар түрлі-түсті инсталляция аясында естелік фотоға түсіп, бір сәт тарих қойнауына сүңгуге мүмкіндік алды. «Музей түні» барысында белсенді қатысушыларға арнайы Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

 

Жамбыл облысы