Бір кезде бар қазақтың даласына аты шыққан Сағынай Есұлының бейіті табылып, басына белгі тас орнатылды. Елеусіз болып қалған, ел жадынан өшіп бара жатқан тұлғаның жамбасы Степногорск қаласының іргесінде жерге тиген екен.
Басқа қадір-қасиеті өз алдына, қазақ тарихында «Сағынайдың асымен» қалған тұлғаның бейнесі әлі де ел ішінде әрқилы аңыздың өзегі екендігі даусыз. Соның бір парасы – Арқада өткен Сағынайдың асына жұмсалған шығын атақты Тадж-Махал кесенесін салуға жұмсалған қаражатпен пара-пар деседі.
Ел есінде Паң-Нұрмағамбет қай қасиетімен қалды? Шынтуайтында, әкесі Сағынайға берген ұлан-асыр асымен. Ел тарихын екшеген ғалымдардың айтуына қарағанда, 1886 жылы әкесі Сағынайға ас бергенде 500 ақшаңқан киіз үй тігіліп, 500 бұхар кілемі ілініпті. Бес тонна шай әкелініп, мыңдаған ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларындағы базарлардан жеткізілген. Асқа жиырма мың қой, мың жылқы сойылған.
Паң-Нұрмағамбет ұлт үшін де ұлағатты істер тындырып, байлығын сол жолда жұмсаған жомарт жандардың бірі. Мәселен, Алаш көсемдерімен пікірлес болып, оларға демеушілік көрсеткені туралы деректер де бар. Әне бір жылдары Паң-Нұрмағамбет мазары бой көтерсе, араға 25 жыл салып, әкесі Сағынайдың бейітінің басына тас орнатылды. Тастың салмағы бес жарым тонна. Алаш ардақтысы туралы мәлімет пен Омбыдан алынған карта мәрмәр тасқа қашалып жазылған.
–Мәліметтер Омбы қаласындағы әскери баспа департаментінен алынған. Сол нұсқа бойынша тасқа орнаттық,–дейді меценат Марат Нәбиев.
Тас қою рәсіміне ел тарихына елеңдеген жұртшылық көп жиналды. Қауым алдында сөз сөйлеген Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметов бұл оқиғаның маңыздылығына тоқталды. Басты мақсат – тарихи дара тұлғаның игілікті істерін болашаққа жеткізу.
Заманында бөлек бітіміне орай Сағынайды Ерейменнің етегіндегі жұрт «жарты патша» деп дәріптеген екен. Осы жалғыз ауыз сөзден-ақ Сағынай есімінің сол кездегі ел ішіндегі қадір-қасиетінен әбден хабардар болуға болады.
–Өз басым Сағынай, Паң-Нұрмағамбет бейнесін ашу, тарихи келбетін көрсету міндетіміз деп білемін. Зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дархан даланың дара тұлғаларының ел үшін атқарған игілікті еңбегі кейінгі ұрпаққа өнеге,–дейді өлкетанушы Ғарифолла Кенжетегі.
Сол күні орталық мешітінде ас беріліп, тарихи тұлғалардың рухына құран бағышталды.