Домбыра алса әнші, доп ойнаса спортшы болып кететін жаратылысынан жан-жақты жандар айналасына қашанда ардақты. Абыройы да асқақ, беделі де биік. Аудан түгілі аумағына, орта түгілі облысына танымал осындай кейіпкерлерді кездестіру қиын емес. Болмыс-бітімі, тұлға-тұрпаты келіскен өн бойы өнерге, сымбаты спортқа бейім жандарды құрбылары құрметтеп, ағайыны ардақтап, қоршаған ортасы қолынан келгенше әлпештеп, әспеттеп жүретінін көресіз. Оның бәрі адам бойына біткен қабілет пен қасиет деген ерекше екі ұғымның ұштасуынан туған бірегей дүние. Сондай соқпақты жасап, көпшіліктің көзайымына айналып үлгерген үміткерлерге біздің қазақ «сегіз қырлы, бір сырлы» деп тарихи таңба боларлықтай мәртебелі мөр басқан. Баянауылдың бауырынан, Жаяу Мұсаның ауылынан шыққан Серікболсын Дүйсембай да бір бойына қаншама қабілет дарыған дарынды жас азаматтардың бірі.
Оның дарындылығын айтқан кезде ең бірінші оқушы Серікболсынның образына көз жүгірту керек. Алғашқы білімді ауылдық мектептен алған ақынның балдырған жырлары да осы тұста тұсауын кесті. Жазба поэзияның жалына жармаса мініп, қара өлеңге қамшы басқанда ол 11-12 жастағы бала болатын. Баламын демей балғын жырға қармақ салып, өн бойындағы өлең өлкесінен сәби сәлемін жолдап жатты. Нәресте жүрегіндегі ақындық намыс пен ұшқыр қиялы ұштасып, балапан жырларға баспалдақ болды. Ауылдастары да, бауырластары да алғыр Серікболсыннан ақын шығатынына күмәнданған жоқ. Керісінше, келісті жырларына жемісті ғұмыр тіледі. Атаның батасымен, әкенің тілегімен, ананың жүрегімен ауылынан қалаға ақын болып аттанған сергек сезімді Серікболсынның поэзия патшалығына сапары осылай басталған болатын. Баянауыл ауданы, Жаңа тілек ауылы Бақыт Хайдаров атындағы орта мектептің 6-сыныбынан соң, Павлодар қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернатына ауысты.
Қалаға қадам басқан жетінші сыныптағы жеткіншектің талабы да, талғамы да бөлек еді. Серікболсынның бағытына бағдаршам болып, қанатының астына алған қамқоршы ағалары мен ұлағатты ұстаздары аз болған жоқ. Республикаға аты мәлім Ы.Алтынсарин атындағы алтын ұя талай шәкірттердің томағасын сыпырып, топқа қосып жүрген білікті білім ордасы. Айтысқа баптаған ұстазы, белгілі ақын Асығат Тұрғанбек шәкіртінің 10-сыныбында-ақ шымыр шумақты, қалың бояулы өлеңдер топтамасын шығарғанын айтады. Зейінді де зерек оқушы облыстық, республикалық түрлі әдеби оқулар, ақындар айтысының басты жүлделерін қанжығаға байлады.
Айтулы айтыстардан талай жүлдені тақымдаған Асығат Тұрғанбек бүгінде Павлодар өңіріндегі «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Арман Қани Серікболсын Дүйсембайдың балғын жырларына бата беріп, ақындық қадамын ағалық қамқорлықпен қадағалап отыратын. «Серікболсынның өлең өлкесіне із сала бастаған кезіндегі тырнақалды туындыларының өзінде соны ой өрімдері мен айшықты өрнектер жиі ұшырасады. Кейінгі туындыларында біртұтас дүниенің шынайы болмыс-бітімін бір-бірімен үйлесім тапқан сан алуан бояумен бейнеленеді» деді Арман Қани.
Енді ғылым жолындағы Серікболсынмен таныса отырайық.
«Мен 7-сыныпта қолыма домбыра алып, өнер сахнасында айтысуды бастадым. Сенің жолың айтыс емес, поэзия дейтіндерге қарамастан, айтыстан республикалық деңгейде бас жүлделер алып, тұңғыш поэзия кітабымды да мектеп кезінде жарыққа шығарған едім. Мектеп қабырғасында айтысып жүріп, математикалық сыныпқа ауыстым. Кей мұғалімдер менен «математик» шығатынына күмәнданды. Айтыскер достарымның ішінен «өмір бойы есеп шығарып өтесің бе» деп қарағандары да болды. Алайда, бір жыл дайындық ішінде гимназия тарихында болмаған олимпиадалық жетістіктерге жеттім. Сол уақытқа дейін неміс тілін оқып келсем де, 10-сыныпта ағылшын тілін нөлден бастап үйреніп, Назарбаев Университетіне түстім. Университет қабырғасында репетиторлық жұмысымды «ұсақ-түйекке» теңеп, ата-анасының қамқорлығынан аса алмай жүрген студенттер де болды. Бірақ оқушыларым халықаралық деңгейлердегі олимпиадалардан топ жарды. Сол кезде алғаш рет математикадан Назарбаев зияткерлік мектептеріне түсушілерге арналған қосымша оқулықтар шығардым», дейді С.Дүйсембай.
Ақын Серікболсын мен математик Серікболсынның айырмашылығы тек өлең шығару мен есеп шығаруда ма? Жоқ, олай емес. Бұл жерде талантты жігіттің табандылығы мен ілгері ізденісін айтуымыз керек. Себебі осындай адамдарды көргенде көбісі «екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деп болмашы болжамдар жасап жатады. Біздің кейіпкеріміз болса қос саланы ұстаса да екеуінен де жоғары нәтиже көрсетіп үлгерген. Назарбаев Университетінің түлегі, математика магистрі, докторант Серікболсын қазір Сауд Арабиясындағы KAUST университетінде білім алып жатыр. Оның айтуынша, KAUST (King Abdullah University of Science and Technology) Қызыл теңіз жағасында орналасқан жабық қалашық, кампус. Бұл қалашықта тек университетке қатысы бар адамдар (студенттер, профессорлар және ғылыми қызметкерлер) тұрады екен. Барлығы шамамен 1000 студент. Ал бюджеті 20 млрд доллар, ал күндік шығыны шамамен 2 млн доллар. Студенттердің тұратын үйлері – таунхаустар (екі қабатты пәтерлер). Кампус ішінде шағын автобустар, медицина, спорт орталықтары да тегін. Жұмыс уақыты да еркін екен.
«Қасиетті Мекке мен Мединаның қақ ортасында орналасқан оқу орнына «аяғымды салбыратып» түсіре салған Аллаға мың да бір шүкір. Бір өзінің бюджеті бүкіл Астана қаласының бюджетінен 6 есе артық бұл университетте оқу көп адамның арманы шығар. Қазір «Қолданбалы математика және компьютерлік ғылымдар» мамандығы бойынша магистратураны аяқтадым. Енді докторантурада оқып жатырмын. Шетте жүрсем де Youtube желісінде SerAi Academy арнамды ашып, 2500-ге жуық оқушыға тегін білім беріп жүрмін. Әр есепті 6000-7000 оқушы көреді. Бірде Аятжан Ахметжанұлы: «Шетелде жүріп қанша мықты, сапалы білім алсаң да, оның нәрін қазақ балаларына беруің керек» деп ескертіп еді. Сондықтан шетте жүріп, шетелдік студенттерге сабақ беріп жүрсек те (Teaching Assistant), басты мақсат – Қазақ еліндегі ғылымды, әсіресе техникалық, математикалық жағын жаңа деңгейге көтеру. Әрбір ғалымның мақсаты өзі айналысып жүрген саласында бір жаңалық ашу немесе жаңа инновация жасап шығару болады. Менікі де, қолданбалы математика ғылымында инженерия-технология саласында қолданылатын бір жаңа модель жасау. Әрі қазіргі ғылымды одан сайын дамыту. Сол үшін де қазіргі таңда еуропалық, америкалық ғалымдармен тәжірибе алмасып, жиі кездесіп тұрамыз және шетелдерден алып жүрген білімімді қазақтың қаракөз балаларына жеткізіп, олардың заманауи әлем көшінен қалмаған ұрпақ болып қалыптасуына өз септігімді тигізгім келеді», дейді Серікболсын Дүйсембай.
Алақандай ауылдан шығып, Алатаудай биікті бағындырып үлгерген кейіпкеріміз Серікболсынның ұқыптылығына, ұлтжандылығына ерекше тәнті болдық. Шекара асып, шетелге барып жинаған шеберлігін қазақ баласының болашағына арнаймын деген тамаша талпынысына табыс тілейміз.