Сұлу сөздің сүлейі, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов өмірден өткелі төрт жылға жуықтады. Ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым, қарымды қаламгер, үлкен жүректі азамат болып еліне танылған Зекеңнің әдеби мұрасының ішінде жарияланбаған дүниелері жеткілікті. Өткен жылы Ақпарат және мұрағат комитетінің әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді басып шығаруға арналған бағдарламасы аясында академик-жазушының “Дана дидар” атты кітабы “Астана полиграфия” баспасынан жарық көрді. Бұл жинаққа Зекеңнің “Менің Әуезовім” роман-эссесінің екінші кітабы, “Махамбет” романы (екеуі де аяқталмай қалған), Мәскеу, Харьков, Ялта, Евпатория сапарларынан жазған жолжазба күнделігі, автор аударған Сергей Михалковтың “Қаламмен жазылғанды...”, Назым Хикметтің “Қылша мойын талша” (Дамокл семсері) атты драмалық шығармалары енгізілді. Сонымен қатар академиктің зайыбы Сәуле Қабдолованың былтыр жарық көрген “Көрген түстей, сағымдай...” атты күнделік-кітабы да Зекең өмірінің соңғы жеті жылын қамтиды.
Жақсының жақсылығын асырып, жаманның жамандығын жасырып, жұртқа тек жылы сөзін арнаумен өткен тұғырлы тұлғаның жеке мұрағатынан тағы бір құнды дүние табылды. Сәуле апай асыл ағаның қағаздарын ретке келтіріп отырып, шағын блокнотқа жазылған осы күнделікті көріпті. Зекеңнің жеке қағаздарына көп зер сала бермейтін ол кісі бұл блокнотты бұрын байқамапты.
Бұл күнделік өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғындағы қоғамдық және әдеби өмірдің тынысын танытады. Сол тұстағы қаламгерлер ортасындағы ахуал туралы мәлімет береді. Отыз бір жастағы қаламгердің албырт сезімін, жүрек лүпілін де байқатады. Жазушы Зейнолла Қабдолов бұл кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Мәдениет секторының меңгерушісі болып қызмет істеген. “Зекең бұл қызметке екі-үш жыл бұрын барған болатын. Өйткені елу жетінші жылы біз сол ЦеКа-дан үй алғанбыз”, – дейді Сәуле апай. Қазіргі күні қазақ әдебиет тарихында аттары алтын әріппен жазылған адамдардың осыдан жарты ғасыр бұрынғы бейнелерін көз алдыңызға елестеткіңіз келсе, Зекеңнің 1958 жылы жазылған осы күнделігіне назар салыңыз.
1958
13.ІV
Ұяттың да неше түрі бар-ау!..
Қызылжардан келетін пойызды күттік: Ілекең келуші еді.
Ілекеңді шексіз сағынып жүрдім. Кейде жалғыз отырып ойлаймын, жүрегім елжіреп кетеді. Ұлы адам ғой! Бүгінгі Шоқан сол кісі. Осындай бір он қазақ болып, оны да өз орындарында жүрсе, халық ұлылығын танытар еді, өмір рақатқа айналар еді.
Бұл – біреу. Мұның өзі де орнында емес. Аяйсың!..
Вокзалға бара жатқан жолда Әбдіжәміл айтты:
— Ілекеңді екеуміз бас салып сүйелік.
Бұл менің арманым еді.
Ілекең түсті, балаларын сүйді.
Содан соң маған кездесті. Мен бірден бетіне ұмтылдым. Ол тез сүйді де, ілгері басты. Мен бір сүйдім, оған шөлім қанбағандай және бір-екі жабыстым. Жүрегім дүрсілдеп кетті. Қуанғаным сондай, жылағым келді. Әрең ажырадым...
Әбдіжәміл екеумізден басқа және бір үш кісі бар еді: Бөлебай, Райхан, Қайнекей. Бұлар жай ғана қол алысты. Соңғы кезек Әбдіжәмілдікі еді, бұл да баяу қол беріп, шегініп кетті. Кенет, сезімім су сепкендей басылды. “Әбеңнің уәдесі қайда?”– деп ойладым. Қайнекейдің жүзі мұздай екен: маған “сенікі не жәдігөйлік” деп тұрғандай, көзілдірігінің астын ағараң-ағараң еткізеді. Бетімнен отым шықты. Көңілімде шылау жоқ еді ғой, олла да шыным, бар пейіліммен құлап едім. Соным енді өзіме жат көріне бастады. Жұрттың мысқылына азық болдым ба, қайттім? Не істеп алдым? Не деген ұстамсыздық?
Ендігі ұятымда шек жоқ еді...
* * *
Вокзалға кетерімізде Ғабит пен Құсни жеңгей қатты тапсырған сияқты еді:
— Ілиясты тура осында әкеліңдер.
Ілекеңді үйіне көп аялдатпай, Ғабеңдікіне алып келдік. Ойлаймын: қазір жұрт өре тұра келіп, сағынып көрген Ілекемізді қаумалап, саудырап қалар деймін.
Жоқ. Үйге кірсек үш жерде карта ойыны, ошарылып-ошарылып отыр. Бір топтың ішінде Ғабең.
Ілекең есіктен белбеуін шеше, өз үйіне енгендей еркін, бар ықыласын бетіне жиып, аса жайдары кірді. Бірақ, әлгілердің селт еткен бірі болған жоқ. Ғабеңнің өзі де орнынан тұрмастан, салқын ғана қол ұшын берді. Амандық сұрасқан да ешкім жоқ. Бұ несі, шырақ-ау. Біз төртеу едік: Ілекең, Бөлебай, Әбдіжәміл, мен. Төртеуміз асүйге барып, жым-жырт бірер стаканнан шай ұрттап отырдық.
Әбдіжәміл екеуміз жерге кіргендей ұялдық.
... Әбдіжәміл екеуміз сыртқа шыққанымызда мен:
— Ойпырым-ай, біз не білгенбіз, ортасы қандай сұп-сұр еді мыналардың?..– деп едім, ол түйіліп алып, қатты күйініп:
— Сволочь! – деді.
Әрине, мұны маған айтқан жоқ.
* * *
Әбдіжәмілім айтты:
— Урод адамның психологиясын білесің бе? Іші тап-тар, қызғаншақ, қос-қыртыс болады. Жұрттың жылт етерін көре алмайды............Сен далаңбайлаусың, сақ бол!..
Мен ойладым: дұрыс айтасың, мен “далаңбай” да шығармын. Ал, бірақ, өзің ше, достым, өзің ше?..
* * *
Терезеден Дарынымды көрдім. Қолында доп, домаланып жүр. Допты қуамын деп, құлап түседі. Құлайды да, көзінің астымен жан-жағына қарайды. Жан-жағына қарайды да, мамамды көреді. Мамамды көреді де, “маңырап” қоя береді. Мамам қасына келіп, тұрғызса, қоя қояды. Содан соң доп қуып, әлгі қылығын тағы қайталайды. Сонымен уақыт өткізіп жүр.
Егер деймін-ау, егер мамам сол жерде болмаса, Дарынжан жыламай өзі тұрып кетер ме еді, қайтер еді?..
Шыбыным-ай, қызықсың-ау, еркесің-ау, бар тұлғаң наздан құйылған-ау, сенің!..
* * *
Жанның рақаты не? Жанның рақаты – өзіңнен артық сенетін ардақты досыңмен еркін сырласып, екеуден екеу отыру. (Бір сәттік сезім емес пе?..)
* * *
Қалам деген сәл нәрсе. Ал, сайлау кезінде бүкіл демократизм бір өзінде екен.
* * *
14.ІV
Бүгін Серік қызметке шығыпты. Алдыңғы күні Қайнекей айтып еді:
— Өзін киіз доптай лақтырып келе жатқан жігіт.
Мен бұған іштей қосылмадым. Серікті жек көрмеуші едім. Сондықтан болар, Қайнекей сөзін жек көрдім. Ішімнен: “Сіз риза болған қандай құбылыс бар?”,– деп ойлап, еске түсіріп қарасам, мардымды ештеңе жоқ сияқты.
Бұл қызмет шынында Серіктің қолы емес қой. Мен оны жақсы көремін, бірақ, бастық есебінде емес, сыншы есебінде тәуір көремін.
* * *
Карьеризмнен құр адам мыңның бірі болар-ау. Карьеризм – жалтыр мұз. Ебі бар адамды біраз жерге зырғытуы мүмкін. Ал, ебі аздың шатын айырады.
* * *
Үлкен үйде құс өсірушілер мәжілісі өтіп жатты. Мұнда сөйленіп жатқан сөздердің бәрі құстар жайы екен. Мен араларында он-ақ минут болдым. Сөзді тыңдағаным жоқ, сөйлеушіге қарап ұйлығыса қалған тыңдаушыларды шолдым да отырдым: ғажап-ау, құсқа ұқсамайтын біреуі болсайшы, айдары желбіреген әтеш, шүрегей үйрек, мамырлаған қаз, тұмсығы имек қарақұс, кеңірдегі сорайған көкқұтан, қалбағай мен қара қарға, сауысқан мен шіл... бәрі, бәрі көз алдыма елестемесі бар ма?..
15.ІV
Бүгін обком секретарьлары мен облгазет редакторлары кеңесінің екінші күні. Сөзге жазылдым. Ұзақ күттім. Сөз тимеді. Неге екенін білмедім.
Бастық сөйледі. Ұнаған жоқ.
* * *
Мен оны үлкен кісі көруші едім. Бір мемлекеттің бүкіл ой-санасының тізгінін ұстаған адамды қайтіп үлкен көрмессің. Рас, бұл кісі тізгінге тұңғыш жабысқанда жұрт қатарлы менің де күмәнім түтіндеген. Бірақ, күмәнді үміт жеңді: шіркінде түр болмағанмен бір ерекше сыр бар шығар деп ойладым.
Елеу (внимание) – мықты нәрсе. Осы кісі мені күтпеген жерден еледі. Мен енді ол төрінде отырған үлкен үйдің босағасына келдім. Сондықтан да, әйтеуір, әлгіге деген үмітті енді сенім ауыстыра бастады.
Бір үлкен жиналыс болды. Ол сөз сөйледі. Дайындалған екен, сөзі жап-жақсы шықты. Жәнібек осы сөздің Ілекеңе де ұнағанын айтты. Бұл маған қатты әсер етті. Енді мен бұл кісіні бір жола сыйладым.
Сыйлайтын адамыңнан “именіп жүресің, ұялып жүресің. Оның кемшіліктері сенің көз алдыңда азая береді. Енді сенің өзіңде кемшіліктер көбейіп бара жатады”. “Мұным ұят емес пе?” — деген сұрақтар жиілейді. Бұл сенің ибалылығыңды, “имандылығыңды” күшейтеді. Ал, сыйлап жүрген адамың ақымақ болса, әлгілерінің бәрін қорқу деп ұғуы да мүмкін. Олай деп ұқса, көзінің қарасы кішірейіп, ағы ұлғая беруі мүмкін. Бірер рет сондайын сездім. Бір жолы телефонмен:
— Сендер менің айтқанымды неге істемейсіңдер, черт возьми, — деді.
Бұл сөзді менен бірер саты биік тұрған бір-екі адамға (Б.Ж.) бірнеше рет айтқанына бұрынырақта куә болып едім. Онда маған күлкілі әсер туғызатын. Бүгін маған да айтты. Күлкі безді, таң қалдым:
— О немене еді?
— Немене бәсе?
— Білмедім.
— Өзің мында келші.
Бардым. Кабинетке кірер жерде қос есік болатын. Бірін аша бергенімде, залға сөйлеп тұрғандай самбырлаған даусын естідім. “Мұның өзі менімен жұрт алдында сөзге келіскісі келген бе?”, — деген оймен екінші есігін аштым. Жалғыз. Мені байқамады. Басын тұқырып алып, үстел үстіндегі бір жапырақ қағазды барын сала нәшіне келтіріп, өзгеше бір мақаммен оқиды. Таңданғанымнан не істеуді білмедім. Қарсы алдына жете бергенімде басын үстелден жұлып алып, қопаң етті де тына қалды. Екеуміз ажырайысып, сірестік те қалдық. Не айтуды ол да білмеді, мен де білмедім. Оқып отырғаны жаңадан келген үлкен кісі орынға тағайындалып жатқан пленумдағы профсоюз мәселесі жөнінен шығарылатын қаулының бір бет жобасы екен де, мынау соның репетициясын жасап, арамтер болулы екен.
— Жай ма? — деді даусы дірілдеп, тыжырына сөйлеп; жаңа ғана өзі шақырғаны есінде жоқ.
— Жай, — дедім де, есікке беттедім.
— Тоқта!
Мен кері бұрылдым.
— Берірек кел.
Ықылассыз жақындадым.
— Бүгінгі жиналысқа шақырылғандар тізіміне Т-ты да кіргіз деп едім, ұмытып кетіпсің, жоқ.
— Сол ғана ма?– деп салқын сұрадым. Мұным, әрине, жөнсіз де шығар. Бірақ, ішкі құлазу мен ренішті сезімнің белгісі шығар?...
Сұрағымды ұнатпады.
— Менің айтқандарымды екі етпей, ескеріп жүру жағын қара,– деді.
Мен қос есіктің бірін ашық тастап, екіншісін сарт ұрдым.Түңіліп шықтым.
(Бұл жай ертеректе болды).
16.ІV.
1. “Гурьев оркестрі. 2. Бауыржан жайы (он күндік). 3.Әлішер. 4.“Маржан”.
Бұларды шешу керек.
17.ІV.
Әңгіме тақырыптары:
Ақжар. Жарыпшыққан. (“Қыр суреттері” цикліне).
Бекжұма Досжанов. Мен қалай түңілдім? Мылжың. Түсік (урод). – Сатиралық әңгімелер цикліне.
18.ІV.
Май өтісімен елге, егіс даласына шығу керек.
Сталин атындағы колхоз – үлкен тақырып.
19.ІV.
Әзілханның Павлодардан әдейі келуі – адамдық. Бұл болашақ геройдың (ұнамды кейіпкердің) сан иірім жақсы мінездерінің бір қыры болуға тұрады.
20.ІV.
Кеше түнде “Ақан сері - Ақтоқтының” премьерасын көрдім.
Қуанышбаев, Қожамқұлов – бұлар ұлы таланттар. Табиғаттың кесек бітімді туындылары.
Мылқау мен Қоңқай – қайталанбайтын, анау екі адамның ойнауында ғажап шыққан образдар.
Они – самоцветы.
* * *
Сәскеде Жүсіп Әлсейітов, кеш-ке Ілияс Омаров аттанды. Ілекең келгенде бозғылдау еді, кетерде қызыл шырайлы түрде көрінді. Соған қуандық.
21.ІV.
Бүгінгі таңдағы бірінші борыш – миллиард! Миллиардқа қолдан келген үлесті қосу керек. Жазу керек: әңгіме, очерк, публицистика!.. Арала, көр, сезін, ойла, толған да жаз! Жазу керек, жазу керек!..
22.ІV.
Қазақстан мәдениетінің өсу-өркендеу барысын шетелдегі жайлармен салыстыра белгілей беру – жеңіл айтқанда стандарт. Бүгінгі Қазақстан бейнесіне ешбір шет мемлекет мәдениеті өлшем бола алмайды. Олардың кез келгенін біздің советтік республикамыз кей реттерде Америкаңның өзін артқа салды. Ол да өлшем емес.
Ал Қазақстанның Ұлы Октябрьден бұрынғы мәдени халін тағы да шұбата берудің не қажеті бар? “2% ғана сауатты еді” деп қайта-қайта айтамыз. Қазір “түгел сауаттымыз” деу де асқан мақтаныш емес. Қазіргі ғылым-білім мәнісіне 64 зерттеу институты бар бір ғана Ғылым Академиясын атаудың өзі жеткілікті. Осының өзі-ақ зор өзгерісті пәш етіп тұр.
Демек, қазір біз республика мәдениетінің даму жайын, оның қай күйде екенін тек советтік социалистік республикалар мәдениетінің дәрежесімен, оның ішінде Россия құрамасы, Украина, Беларуссия, Грузия, Өзбекстан сияқты туысқан отаулардың халімен ғана салыстырсақ, реалистік қорытынды шығара аламыз.
* * *
Біздің астанада құрылыс жұмысы нашар. Жоғары оқу орындарының үйін салу мәселесі өгіз аяңнан әрі барған емес. Алматыда неге ғана ең болмаса бір құрылыс институты жоқ? Ол болса, құрылыс жұмысының шын мамандары тәрбиеленер еді. Олар қазіргі құрылыс жұмысының басындағы ісінен сөзі көп алаяқтарды қуар еді де, сөзден іске көшер еді.
Әр істің өз маманы ғана керек!
23.ІV.
Таң атып қалған. Үй іші көк мөлдір сәулеге бөленіпті. Бір булыға жылаған адам даусынан шошып ояндым. Оң қанатта Сәуле мен Дарынның кереуеті еді. Дарыным аппақ, жұп-жұмыр тамағы мен білектерін түгел көрсетіп, рақаттана ұйықтап жатыр. Ал Сәулеш қатты қиналып, кеудесін дірілдете өксиді. Көзі жұмулы. Зәрем ұшып, қасына қалай жеткенімді білмедім. “Не болды, жаным?” — деп маңдайын сипадым. Ол көзін тез ашып жіберіп, мені құшақтай алды:
– Ойпырым-ай, бар екенсің ғой!– деп, адам айтқысыз бір нұрлы кескінмен балаша қуанды.
Былай екен: Сәулеш түс көріпті. Түсінде мен өліп қалыппын. Мамам буынын бекітіп, ақыл айтып отыр да, Сәулеш жылай беріпті.
— Жаным-ай,– деді Сәулеш, — жаным-ай, енді сені ренжітпеспін, тіпті, олжадан түскендей болдың ғой...
Мен ойлап тұрдым: “Жаным-ау, менің көңіліме кірбің салған жерің бар ма? Бар еркелігіммен-ақ, еркіммен-ақ жүрмін ғой жаныңда. Бетіме жел боп келген жерің бар ма?..”
Сүйікті жар, асылсың ғой!.. Мен сені өртене сүйемін ғой.
Менің Сәулем – терең адам.
* * *
Бір жерде айтқан пікірлерін сол қалпымен төртінші рет айтып тұрды бір адам. Төрт рет тыңдаған да ылғи бір топ адамдар. Барлығы да 10-15 күн ішінде...
* * *
Бір жолдас телеграфта ұзақ сенделді: Қайнатасын көктем мерекесімен құттықтамақ екен, фамилиясын ұмытып қалыпты. Әйелінен сұрамақ боп, автомат-телефонға төніп-төніп барады да, кілт тоқтайды: қорқады!
24.ІV.
Тезисы выступления по музыкальной критике:
а. Просветительные задачи критики, ее роль в воспитании эстетических вкусов широких трудящихся масс, в борьбе с пошлостью, отсталостью и бескультурьем. Важное значение музыкально-пропагандистской, популяризаторской работы; различные ее формы.
б. Возможность и необходимость соединения строго научного анализа с боевой публицистичностью.
в. Отсутствие постоянного отдела музыки в газетах, случайный характер отдельных появляющихся время от времени статей и заметок по музыкальным вопросам. Низкий профессиональный уровень освещения музыки во многих органах печати.
25.ІV.
Марат деген балдызымды өткен күзде оқуға орналастыру күш болған. Енді сол оқуын тастап кетіп, балалық істеді. Қазір маған қарар беті жоқ, қатты қысылып жүр. Оның дәл осы сезіміне сүңгіп қараса, біраз сыр жатқан тәрізді (ұмытпау үшін).
26.ІV.
Бір жолы тауда, санаторийда демалғанмын. Сонда таныған бір жігіт еске түседі: Талдықорғаннан, обкомолдың 1-секретарының күйеуі, Т-қ горкомында істейді екен. Өкпесі таза болмас, тым жүдеу, қатпалау қара еді.
Осы жігіттен бір оқшау, оқыс мінез аңғардым: үйден шығарда, не үйге кірерде есікке екі адымдай таянып кілт тоқтайды да, қара кителінің шалғайын төмен тартып-тартып қалып, сауырын бір шапалақтайды да, қоспақша желіп кетеді...
1 май
Сәуле екеуіміз үш баланы ертіп, Ленин алаңында, мінбе жанында болдық, парад көрдік. Бәрі таныс көріністер, таныс сезімдер. Адам жақсыны көре-көре сезімін азайта ма деген ой келді.
Дарынжанның парад көргені қызық болды. Салют беріліп, артиллерия атылғанда шошып, менің кеудеме өрлеп, шапшып шықты. Жүрегіме басып, қысып алып едім, қорқу былай тұрсын, артиллерия даусын аузымен салып, айғайлап болды. Парад басталып, әскери колонна қозғалған. Бірде Дарыным жоқ. Қарасам, милиционерді орағытып өтіп, аузын томпайтып, аяғын нық-нық басып, колоннаға қосылғалы бара жатыр. Айғай салып, милиционердің көмегімен әрең тоқтаттым...
* * *
Юрий Нагибиннің “В апрельском лесу” деген әңгімесін (“Лит. газета”, №34, 29.ІV.58) оқыдым. Лиризмі ұнады. Сыршыл автор.
2 май
Маркс сказал, что история повторяется первый раз как трагедия, а второй раз как фарс.
5.ІV.
“Исповедь”
Достоинства, которые Вы больше всего цените
В людях –––––––– Простота.
В мужчине –––––––– Сила.
В женщине –––––––– Слабость.
Ваша отличительная черта –– Ед.цели.
Ваше представление о счастье – Борьба.
Ваше представление o несчастье –– Подчинение.
Недостаток, который Вы, скорее всего, склонны простить ––––––– Легковерие.
Недостаток, который внушает Вам наибольшее отвращение –––– Угодничество.
Ваша антипатия –––––––– Мартин Таппер.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор.