Шымкентте Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасындағы тапсырмасына орай білім беру нысандарын салу жұмыстары көш соңында қалып келеді. Соның салдарынан қаладағы үш ауысымды мектептердің қатары өсе түскен. Қазіргі таңда үшінші мегаполистің бақандай 19 мектебінде ұлт болашағы – жасөспірімдер үш ауысымда оқып жүр. Тіпті мектеп тапшылығы салдарынан оқушылар моншада білім алуға мәжбүр болған жағдайы бар.
Биыл 4 қыркүйекте шымкенттік бір топ ата-ана мектеп жетіспеушілігі салдарынан моншада білім алып жатқан балаларының ертеңіне алаңдап, қала әкімдігі мен білім басқармасына талап қойған болатын.
«Бұл жер санитарлық талаптарға сай емес. Өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Бұрын монша болған жерде қалай бала оқытамыз?», деген уәж айтып, шағымданған-тұғын.
Тарқатып айтар болсақ, Шымқаланың Нұрсәт шағын ауданындағы №80 мектеп-лицейінің негізгі ғимаратындағы оқушы саны шамадан тыс көп болғандықтан, мектеп басшылығы қосымша ғимарат іздеген және өзге нысан таппаған соң бұрын монша болған ғимараттың иесімен келісімге келген. Нәтижесінде 1 қыркүйек күні мектеп ресми түрде ашылып, далада қалған 700-ге тарта оқушы сонда білім алуға мәжбүр болған. Бірақ ата-аналар бұл жерде балаларын оқытуға қарсы болған. Сондай-ақ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары да мектептің талапқа сай келмейтінін айтып, барлық оқушыны көшіру керектігін хабарлаған.
Алайда, дайын тұрған су жаңа мектеп ғимараты болмағандықтан қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева №80 мектептің 700-ге тарта оқушысын №132 мектепке уақытша ауыстыратын болып шешті. Балаларға ыңғайлы болу үшін, мектепке автобуспен тасымалдап, ұстаздар да сол білім ұясына барып дәріс оқитын болған еді. Тіпті балалардың жас ерекшелігін ескере келе №132 мектепке тек жоғары сыныптың оқушылары ғана баратын болып шешілді.
Алайда, бұл мәселенің түпкілікті шешімі емес. Шаһарда бала туу көрсеткіші артып, өсім көлемі көбейгені белгілі. Демек, келер жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа баратын оқушылардың қатарын есепке алар болсақ, қала үшін кезек күттірмейтін шаруа – жаңа мектеп ғимаратын салу болып тұр.
Өкініштісі, монша мен мектеп арасын жол қылып, сабылған оқушы мен сандалған мұғалімнің қаншама уақыты мен күш-жігері осы екі ортада жоғалып жатыр. Ертең кең, жарық сыныпқа қолы жетпеген осы қаракөздердің оқу үлгерімі туралы кім есеп береді? Ойланарлық жағдай...
1200 орынға лайықталған №80 мектепте қазір 4500 оқушы 3 кезекте білім алып жатыр. Шымкент қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаевтың айтуынша, аталған нысанның санитарлық нормаларға сәйкестігі туралы рұқсат қағазы жоқ. Сондай-ақ 1200 орынға лайықталған білім ұясында 4500 баланы оқыту заңбұзушылыққа жататынын айтады. Өрт қауіпсіздігі, тағы басқа тілсіз жаудан келер апатты ескерсек, бұл уәждің дұрыс екеніне көз жетеді. Кейбір ата-аналар балаларын үй іргесіндегі жылы ұясынан айыруға қарсы. «Алда-жалда жазатайым жағдай болса жауапкершілікті кім арқалайды?» деп күйініп отыр олар.
Айғай-шудың астында қалып, ата-ананың ашуын тудырған монша қожайыны бұрынғы кір-қоң жуатын ғимаратты 2 млн 800 мың теңгеге жалға берген екен. Аталған қаржыны салалық басқарма есебінен алар кезде, жаңа оқу жылында заңдық талаптарға сай білім беру мекемесі ретінде пайдалануға беруге уәде берген көрінеді.
Қалада қанша білім ұясының ғимараты жалға алынып жатқаны туралы қолымызға нақты мәлімет түспеді. Дегенмен жалға алуға бөлінген қаржыны үнемдей білсе, шағын білім ұяларын салуға болмас па еді деген ойға қалдық.
Ата-аналар дауынан соң Nur Otan партиясының мүшелері мен ғимаратты жалға беруші және жауапты басқарма мамандары бас қосқан болатын.
«Біздің негізгі мәселеміз – келешек ұрпақтың қауіпсіздігі мен жақсы өмір сүріп, сапалы білім алуы. Сондықтан жоғарғы сыныптың оқушыларын уақытша көшіріп, 1 айдың көлемінде тазалық, жарықтандыру жұмыстарын талапқа сай етіп орындайық. Ғимаратты жалға беруші кәсіпкер осыған келісіп, біздің алдымызда уәде берсе», деп ұсыныс тастаған еді партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов.
Ал меншік иесі Достияр Сарбасов ғимаратта қысқа уақыт ішінде аталған жұмыстардың барлығын жүргізіп, талапқа сай етуге сөз бергенімен, уәдесі уақытынан кешікті. Енді бұл ғимарат оқу жылының екінші тоқсанында дайын болмақ.
Меншік иесінің мәлімдеуінше, «Мың бала» (аталған ғимаратқа осылай ат берілген) дәл қазір оқушыларды қабылдауға 90 пайызға дайын. Жетекші партия өкілдерінің айтуларынша, таза ауыз су, әжетхана санитарлық нормаларға сай болғанымен, бір жарым мыңдай бала оқитын нысанда ыстық тамақ пен бейнебақылау камерасын орнату ісі шешілмеген екен. Сонымен қатар «жылдамдық бәсеңдеткіш» (лежачий полицейский) қою және көшені жарықтандыру жұмыстары алдағы екі аптаның ішінде атқарылмақ.
Қаратау ауданының бас санэпидемиологы Ералхасын Түктібайдың айтуынша, ғимарат туралы әлі өтініш түспеген. Десе де тиісті талаптар толық реттелсе, өтінішті қанағаттандыруға болады деп отыр. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы монша ресми түрде әлі мектепке айнала қойған жоқ.
Биыл шаһар басшысы Ерлан Айтахановтың қатысуымен өткен Тамыз кеңесінде саланың жауапты өкілдері «жаңа оқу жылына толық дайынбыз» деген еді. Ал мектеп жетіспеушілігі салдарынан туындаған айғай-шудан кейін дайындық жұмыстарын қайтадан пысықтау қажеттілігі көрініп қалды.
Бүгінде Шымкент қаласында өзекті тақырып – үш ауысымды мектеп мәселесі. Мектеп жетіспеушілігі салдарынан моншаны паналаған оқушылардың жағдайы осыған дәлел. Қыркүйек айында қала әкімі үш ауысымда білім беретін 15 мектептің (қыркүйекте 4 жаңа мектеп пен 1 мектептің қосымша құрылысы аяқталды) бар екенін айтып, бұл мектептердің мәселесін бюджетке қарап отырмай жеке инвесторларды тарту арқылы шешу және осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет екенін айтқан болатын. Әрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан білім беру сапасын жақсарту бойынша берген тапсырмасын жүзеге асыру бойынша кеңінен сөз қозғаған еді. Содан бері қалада «мен ұлт ертеңі, ұрпақ болашағы үшін мектеп саламын», деген кәсіпкер немесе инвесторды көрмедік. Әзірге бұл кезекті жиында айтылған ұсыныс қана болып тұр.
Ал қалған 14 үш ауысымды мектептің санитарлық тазалық, өрт қауіпсіздігі, қысқа дайындық жұмыстарын қысқа уақыт ішінде реттемесе тағы да бір даудың шықпасына кім кепіл? Әзірге тұрғындар ұрпағым қатардан қалмасын деп моншада да оқуға да көніп отыр. Өйткені Шымкент қаласының Нұрсәт шағын ауданындағы бұрын монша болған ғимараттағы мектеп оқу жылының екінші тоқсанында қолданысқа берілетін болды. Бұл шешім №80 мектеп-лицейінің аталған ғимаратында Nur Otan партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Мәдәліұлының басқаруымен және қалалық білім бөлімі, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, әділет департаменті, мектеп басшылығы, ғимарат иесі мен қалалық қамқоршылық кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен жиында қабылданды.
P.S. Айтпақшы, 2019 жылы Шымкент қаласының білім саласына 77 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, былтырғымен салыстырғанда 26 пайызға артыпты. Демек, жас ұрпаққа салар инвестиция көбейген, зәулім-зәулім мектеп салар қаржы бар деген сөз. Енді кемшілікті жою үшін Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы, Президенттің Жолдауда айтқан ұрпақтың сапалы білім алуы бойынша жұмыстар қолға алынатын күн де алыс болмас…
ШЫМКЕНТ