Энергетика мен коммуналдық шаруашылық – кез келген мемлекеттің экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер ететін сала. Елімізде осы саладағы нысандардың тозығы жеткені көптен бері айтылып келеді. Сондықтан «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы тек ескі желілерді ауыстыру немесе жаңа қазандықтар салумен шектелмейді. Оның тағы бір маңызды бағыты – осы ауқымды инвестицияларды ішкі өндірісті дамытуға бағыттау.
Серпін беретін жобалар
Астанада өткен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасы аясындағы өндірісті жергіліктендіру мәселелеріне арналған семинар елдегі инфрақұрылымды жаңарту мен отандық өндірістің әлеуетін ұштастыруға қатысты өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығарды.
Семинар барысында мемлекеттік органдар, табиғи монополия субъектілері, өндіріс орындары мен техникалық операторлар бір үстел басына жиналып, жергіліктендірудің нақты тетіктерін талқылады.
Негізгі сұрақ біреу: ел ішінде өндірілетін өнімді энергетикалық және коммуналдық жобаларға қалай көбірек енгізуге болады?
ЭКСЖ ұлттық жобасы Қоғамдық кеңесінің өкілі, Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев бұл жобаны тек инженерлік инфрақұрылымды жаңарту ретінде қарастыру жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – өнеркәсіптік саясатқа жаңа серпін беретін кезең.
«ЭКСЖ ұлттық жобасы сумен жабдықтауды, жылумен қамтуды, су бұруды, электр энергетикасы желілеріне салынатын ірі инвестицияларды ғана көздемейді. Бұл – ұзақ жылдан бері алғаш рет инфрақұрылымды жаңғыртуды отандық өндірісті дамытумен ұштастыруға берілген мүмкіндік. Жоба аясында салынатын немесе жаңғыртылатын әрбір желі, әрбір сорғы стансасы, әрбір қазандық отандық зауыттарға тапсырыс, өңірлердегі жаңа жұмыс орындары, ел бюджетіне түсетін салық болуға тиіс», деді ол.
Бұл пікірдің астарында маңызды экономикалық есеп жатыр. Егер елдегі ірі инфрақұрылымдық жобаларда құбыр, сорғы, арматура, кабель, трансформатор, есептеу құралдары секілді негізгі жабдықтар импортпен жабыла берсе, онда мемлекеттік инвестицияның басым бөлігі сыртқы нарыққа кетеді. Ал жергіліктендіру артса, өндірістік мультипликативтік әсер ішкі экономикада қалады.
Сонымен бірге Жанболат Жөргенбаев өндірісті жергіліктендіру тариф саясаты және әлеуметтік тұрақтылықпен қатар жүруі қажет екенін айтты. «Желілерді жаңғырту, өндірісті жергіліктендіру, тарифтік әдістемені жаңарту жұмысы халық үшін тарифтердің күрт өсуіне жол бермей жүргізілуі аса маңызды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – әлеуметтік тұрғыдан сезімтал сала. Сондықтан бұл бағыттағы кез келген шешім жан-жақты сараланып қабылдануға тиіс», деді сенатор.
Бұл мәселе өте маңызды. Себебі өндірісті жаңғырту шығындары түптің түбінде коммуналдық тарифтерге әсер етуі мүмкін. Сондықтан таразы басын тең ұстау – инвестиция мен әлеуметтік тұрақтылық арасындағы ең күрделі міндеттердің бірі.
Нормативтік реттеу мен техникалық талаптар төңірегіндегі қайшылықтар да жоқ емес. Сала өкілі Бекбол Егізбаев су есептегіштерге қойылатын жаңа техникалық талаптарға байланысты туындаған тәуекелдерге тоқталды. Оның сөзінше, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің №77 бұйрығы су есептегіш құралдарына қысқа мерзім ішінде жаңа байланыс стандарттарын енгізуді міндеттеген.
«Бұл талаптар технологиялық тұрғыдан шектеулі орта қалыптастырып, нарықтағы бәсекені тарылтуы мүмкін. Белгілі бір байланыс стандарттарына тәуелділік жеткізушілер шеңберін қысқартып, коммуналдық тарифтердің өсуіне әсер ету қаупін арттырады», деді ол.
Сарапшы мәселенің тағы бір қыры ретінде қауіпсіздікке назар аударды. Оның пікірінше, қашықтан басқарылатын клапандар мен қорғалмаған байланыс арналары төтенше жағдай кезінде қосымша қауіп тудыруы ықтимал. Сонымен бірге мұндай шешімдер отандық өндірушілердің дайын өнімдерінің өткізілуін тежеп, ішкі өндіріс цикліне кері әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты Бекбол Егізбаев нормативтік талаптарды технологиялық бейтарап қағидатпен қайта қарауды ұсынды.
Импорт үлесі әлі де басым
Ұлттық жобаның техникалық операторы – «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ өкілі Әлішер Рауфов отандық өнімді қолдану деңгейіне жүргізілген мониторинг нәтижелерін таныстырды. Оның айтуынша, талдау жобалық-сметалық құжаттар мен өнімнің шығу тегін растайтын құжаттар негізінде жүргізілген.
«Жүргізілген мониторинг, жалпы алғанда, жобалардың нормативтік және техникалық шеңберде іске асырылып жатқанын көрсетті. Отандық өндірушілердің өнімі қолданылып жатыр. Дегенмен, шетелдік өнім үлесі де сақталып отыр. Сондықтан жергілікті қамту үлесін терең талдау қажет», деді ол.
Мониторинг аясында еліміз бойынша 7 958 тауар позициясынан тұратын база жасақталған. Сорғы жабдықтары, трансформаторлар, кабель өнімдері, полимер, болат құбырлар, темірбетон бұйымдары, есептеу құралдары мен жапқыш арматураға қажеттілік картасы әзірленген. 40-тан астам кездесу өткізіліп, өңірлерге арнайы сапарлар ұйымдастырылған.
Әлішер Рауфовтың айтуынша, негізгі түйткіл дайын өнім шығаруда ғана емес, толық өндірістік тізбек қалыптастыруда жатыр.
«Шикізат өндіруден бастап құю өндірісі, машина жасау, жоғары технологиялық жабдық шығару тізбегін ел ішінде қалыптастыру импортқа тәуелділікті біртіндеп азайтады», деді ол.
Бұл жерде өнеркәсіптік кооперацияның маңызы артады. Себебі бір зауыттың өнім шығара алуы жеткіліксіз. Оның айналасында шикізат, бөлшек, логистика, металл өңдеу, сапа бақылауы, сервистік сүйемелдеу жүйесі қатар дамуы керек. Сарапшылар елімізде барлық қажетті өнім түрін әлі толық қамту мүмкін емес екенін де ашық айтты.
Ішкі нарықты күшейту жолы
Қазір ұлттық жобаға қажет кейбір номенклатураға қатысты тапшылық сақталып отыр. Терминалдар, электр қозғалтқыштары, өлшеу құралдары, қазандық құбырлары мен кейбір жоғары технологиялы бөлшектерді локализациялау әлі де өзекті. Сала маманы Назыгүл Маусымбаева отандық қамту үлесін арттыру мақсатында бақылау тетігін күшейту керегін айтты.
«Ұлттық жоба аясында құбыр, жабдық, материалдарға айтарлықтай сұраныс қалыптасып отыр. Бұл қажеттілік барынша отандық тауар өндірушілер есебінен жабылуға тиіс», деді ол.
Оның айтуынша, нақты проблема – құрылыс нысандарында отандық өнімнің іс жүзінде қолданылуын бақылаудың әлсіздігі, отандық өндірушілер сапасын жүйелі бағалаудың жеткіліксіздігі, мердігер ұйымдардың жергілікті өнімге ынтасының төмен болуы. Сондықтан қаржылық-техникалық бақылау, мониторингтік топтар, рейтинг жүйесі, алдын ала сұраныс картасы, импортты алмастыру пулын қалыптастыру ұсынылды.
Ал «Бёмер Арматура Казахстан» ЖШС өкілі Эльмира Оразова елімізде жоғары технологиялы өндіріс қалыптастыруға болатынын нақты мысалмен көрсетті.
«Күрделі өнімді ел ішінде сапаны жоғалтпай өндіруге бола ма?» деген сұраққа сенімді түрде «иә» деп жауап беремін. Дұрыс технология мен қатаң сапа бақылауына негізделсе, бұл толық мүмкін», дейді ол.
Оның айтуынша, кәсіпорын халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеп, жоғары қысым мен экстремалды температураға төтеп беретін күрделі жапқыш арматура шығарады. Зауыт ішкі кооперация арқылы отандық компаниялардан құбыр материалдарын, полимерлер мен қосалқы бөлшектерді алып отыр.
«Ішкі кооперация – жай өндірістік байланыс емес. Бұл ел ішіндегі нақты қосылған құн. Біз кей өнімдерде келгенде 60 пайызға дейін жергілікті құрамға қол жеткіздік», деді Э.Оразова.
Дегенмен, ол да шикізат тапшылығы, арнайы болат маркалары мен күрделі соғылған бөлшектер өндірісінің жетіспеуі локализация деңгейін шектейтінін айтты.
Жалпы, сарапшылар пайымы бір мәселені анық көрсетті. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту – инфрақұрылымды жөндеу ғана емес. Бұл – өнеркәсіп саясаты, технологиялық тәуелсіздік, өңірлік жұмыс орындары, сапа стандарты, тарифтік тұрақтылық және ішкі нарықты қорғау мәселесі.
Егер ұлттық жоба шеңберіндегі сұраныс жүйелі түрде отандық кәсіпорындарға бағытталса, ел импортты алмастырудан өндірістік экожүйе құру кезеңіне өте алады. Ал бұл инфрақұрылымдық жаңғырудың экономикаға нақты әсер ететін басты нәтижесіне айналмақ.