Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесті.
Кездесуге қала әкімі Ерлан Айтаханов, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин қатысты.
Вице-премьер ел басшылығы мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға және әлеуметтік саланы дамытуға ерекше назар аударатынын атап өтті. Бұған республикалық бюджеттің 45%-ға жуығының әлеуметтік салаға бағытталғаны дәлел. Алайда, қолдау масылдық пиғылдың өршуіне соқтырмауы керек. Мемлекеттік көмек тек мұқтаж азаматтарға көрсетілуі керек. Осыған байланысты Үкімет заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.
Бердібек Сапарбаев әлеуметтік қорғау, дарынды балаларды қолдау, жұмыспен қамту, мәдениет пен спортты дамыту туралы айтты.
Шымкенттіктер вице-премьер мен министрлерге өз сұрақтарын қойып, қалаулары мен ұсыныстарын жеткізді. Атап айтсақ, жемқорлықпен күресті күшейту, білім беру сапасын арттыру, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да мәселелер қозғалды. Барлық сұрақтарға жауап берілді. Қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелер бойынша вице-премьер заңнамаға сәйкес мүмкіндігінше қысқа уақыт ішінде жауап беруді тапсырды.
Мегаполистің жас белсенділерімен, ғалымдарымен, кәсіпкерлерімен және спортшыларымен кездесу кезінде Б. Сапарбаев жастардың сұрақтарына жауап берді.
Студенттер білім беру, спортты дамыту, жастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелеріне қызығушылық танытты.
«Бәсекелестік барлық жерде болуы керек, әсіресе студенттер арасында. 2019 жыл ‒ Жастар жылы. Бұл біртіндеп Еріктілер жылына айналады. Мен өңірлерге жиі барамын, жастармен кездесемін. Көптеген өршіл және мақсатты адамдарды көремін. Сіздерде барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы, жақсы білім алу мүмкіндігі бар. Енді ЖОО-лардың рейтингі түлектерді жұмысқа орналастыру және олардың нарықтағы сұранысы бойынша жасалады», деп атап өтті Б. Сапарбаев.
Кездесу аясында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин жастар саясатын жүзеге асыру туралы айтты. Оның айтуынша, еліміздің барлық аймақтарында көмек көрсетуге бағытталған 200-ден астам ресурстық орталық, сондай-ақ жастар саясаты саласында 500-ден астам үкіметтік емес ұйым бар. Сонымен қатар жас ұрпақты ынталандыруға және қолдауға бағытталған, Жастар жылы аясында қабылданған Жол картасы сәтті жүзеге асырылуда.
«Жол картасы 5 негізгі бағыттан тұрады. Бұл жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жастарды жұмыспен қамту, білім беру мен волонтерлікті дамыту, жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту, жас отбасыларды қолдауға, денсаулықты нығайтуға және әлеуметтік инклюзивтілікті қолдауға бағытталған шаралар кешені. Мәселен, Шымкентте жуырда жұмыс істейтін жастарға жалдамалы баспана беру мәселесі басталады. 900 пәтер беру жоспарда бар», деді Данияр Есин.
Өз кезегінде, вице-премьер жастарға масылдық көңіл күйді жоюға және жаңа цифрлы технологияларды игеруге, білім мен еңбекқорлыққа ұмтылуға кеңес берді.
«Жастарға мемлекеттік гранттар бөлінуде. Қазір жұмыс істейтін және дамитын уақыт. Оның үстіне мемлекет теңдессіз мүмкіндіктер жасап жатыр. Жыл сайын үш мегаполистің жас мамандарына мыңдаған жалдамалы пәтер беріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады», деді Премьер-Министрдің орынбасары.
М.Әуезов атындағы ОҚМУ магистранты Сәкен Сағындым жастар мәслихаттарының даму перспективалары туралы сұрады.
«Билікке жастарды көбірек тартуымыз керек. Мұны ең алдымен, жергілікті атқарушы органдар қолға алуы керек. Мұндай мәслихаттар кейбір қалаларда, соның ішінде Шымкентте де құрылған. Олардың жұмысы тек күшейе түседі. Қазір мемлекеттік қызметте жас, білімді адамдар аз емес, бұл қуантарлық жағдай», деді вице-премьер.
Кездесуге қатысушылар жас кәсіпкерлерді, олардың стартаптары мен бастамаларын қолдау туралы ұсыныстарын жеткізді. Солардың бірі – воркаут-қозғалысын дамыту. Қазір Шымкентте осындай жеті спорт алаңы бар.
Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, қала ардагерлерімен кездесті.