Ұлыбританияның Эссекс қаласында 39 мүрде тиелген жүк машинасы табылды. Алғашқы хабарларда қаза тапқандардың Болгария азаматтары екені мәлімделді. Алайда, анықтай келе, олардың кейбіреулері Қытайдан, ал енді біреулері Вьетнамнан келгені хабарланды. Қытай үкіметі Британия полициясынан тергеуді жеделдетуді сұрады. Лондондағы иммиграция бақылауына жауапты департамент алдында марқұмдарды еске алу шарасы өтті.
Құзырлы органдардың хабарлауынша, жүк машинасы Ұлыбританияға Зебрюгге деп аталатын Бельгия портынан келген. Көлік жүргізушісі – 25 жастағы Солтүстік Ирландия азаматы кісі өлтірді деген күдікпен ұсталды. Британия ақпарат құралдарының жазуынша, жүргізуші мүрделерді көрген бойда полицияға хабарласқан. Бүгінде құқық қорғау органдары Еуропадан заңсыз жұмысшы таситын топтардың да қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Жүк көліктерінің жүргізушілері соңғы аялдамаға келгенше жүк тиелген контейнерлерді ашып қарауға құқығы жоғын айтады. Бұл мәлімдемені Бельгиядағы Брюгге қаласының басшысы да қолдады. «Күн сайын біздің портқа 4 мыңға жуық машина келеді. Әр көліктегі жүкті тексеретін болсақ, кезектің соңы Брюссельге дейін жетер еді», деді Дирк де Фау.
Британия ақпарат құралдарының болжамына сүйенсек, әдетте Қытайдан келетін азаматтарды Ұлыбританияға күштеп алып келеді екен. Олардың көбі еуропалық қылмыстық топтардың қолына құмар ойын үшін алған қарыздарын өтемегеннен түсетін көрінеді.
Бұл оқиға Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонның бақылауында. Ол марқұмдардың жақындарына көңіл айтып, Эссекс полициясымен бірлесіп істің анық-қанығына жететінін хабарлады. Әзірге көліктің Болгарияда Ирландия азаматына тиесілі компания атына тіркелгені мәлім болды.
Көлік жүргізушілері ассоциациясының атқарушы директоры Ричард Бернетт жүк тасуға арналған көліктердегі ауа температурасы әдетте -25°С-ге дейін баратынын айтты. «Машиналар адамдар үшін мүлде қолайсыз», деді ол ВВС-ге берген сұхбатында. Ал Эссекс полиция басшысының орынбасары Пиппа Миллистің айтуынша, қаза тапқандар туралы нақты ақпаратқа қол жеткізу ұзаққа созылуы мүмкін. «Әзірге қаза тапқандардың 8-і әйел, 31-і еркек екені мәлім. Оған қоса олардың біреуі кәмелеттік жасқа толмаған. Полиция тиісті жұмыстарды жүргізу үстінде. Зертхана қызметкерлері әр мәйітті жеке қарап жатыр. Сондықтан біраз күтуге тура келіп тұр. Тұтқындалған күдіктінің үйінде және тағы бір үйде іздеу жүргізілді», деді Пиппа Миллис.