Алматыдағы Көктөбеге қызғалдақтар мен алма көшеттері отырғызылып, бұл шараға қала әкімі Бақытжан Сағынтаев та қатысқан еді.
Көгалдандыру акциясына 500-ге жуық адам қатысса, оның 200-ге жуығы студенттер болды. Барлығы 40 мың түп «Сиверс» алма ағашы мен «Қазақстан», «Нұрсұлтан Назарбаев» сұрыптарындағы қызғалдақтардың 500 мың данасы отырғызылған еді.
Осы ақпаратты көзі шалған ғалымдар жоғарыдағы алма мен қызғалдақтың сұрыпы Көктөбе бөктерінде тамыр жаймайтынын, мұның басы артық шығын екенін айтқан. Олардың түсіндіруі бойынша «Сиверс» сұрыпты алма көшеті тек тау бөктерінде, теңіз деңгейінен 900 метр биіктіктегі белдеуде ғана өседі.
«Сиверс» көшетінің әрқайсысы кемінде 3-5 мың, «Назарбаев» қызғалдағының көшеті 200-500 теңгенің айналасында. Тамыры тас жарып шықпаған «Сиверс» жабайы алмалардың қатарын толықтырады деген-ді ғалымдар.
Жуырда әлеуметтік желілерде Көктөбеде қурай бастаған көшеттердің суреттері жарияланды. Көгалдандыру акциясына қатысқандар көшеттерді түгел екпей, маңайға шашып кеткені белгілі болды. Тіпті қайбірі целлофан қаптардан шығарылмаған да. Бір қапта 100 түп көшет бар. Экологтар бұл жерде жүздеген көшет егілмей қалғанын айтып отыр. Тіпті қатысушылар жұмыс құралдары – күректерді өздерімен алып кетуді естен шығарған.
Кейін белгілі болғандай, сенбілікке қатысқандар отырғызылуы тиіс алма көшеттері мен гүл тұқымдарын жарым-жартылай көміп кеткен. Бұл деректі «Табиғатты қолдау» экологиялық қоғамының белсенділері анықтады. Осы оқиғаға қатысты Алматы қаласы әкімдігінде ішкі тексерулер басталды. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов айтты. «Табиғатты құтқару» жобасының жетекшісі Светлана Спатарға алғысымызды білдіреміз. Әкімдік деңгейінде жүргізілген тексерулер барысында сенбілік болған кезде қураған көшеттер табылған аумаққа жауапты қызметкер жазаланды», дейді Ерлан Қожағапанов.
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз бөлімі бұл мәселеге қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өзі араласуға тура келгенін айтты. Алматы әкімдігі «Жасыл» экономика басқармасының жетекшісі Ерлан Сейтеновке, осы басқарманың бөлім басшысы Олжас Жанысбаевтарға қатаң сөгіс берілді. Алматы әкімдігінің хабарлауынша, Көктөбе етегінен табылған, қурап қалған ағаштарды алманың түрлі сұрыптарын дайындайтын мекеме күтімге алыпты. Қурамай аман қалғандары келер жылы қайта отырғызылады. Ал экологтар болса топыраққа көмілмей, шашылып жатқан қызғалдақ тұқымдарының өнуі екіталай екенін, Көктөбе бөктерін қазғанда топырақ босаңсып, көшуі мүмкін болғандықтан, онда ағаш отырғызуға болмайтынын айтады.
Әрине қала басшылығының ниеті түзу, Алматының жасыл қалаға айналғанын қалайды. Кінәрат өзімізде болып тұр. Адамдарды қоғамның игілігі жолындағы ортақ мақсаттарға жұмылдыратын сенбіліктер сөз жоқ керек. Бірақ кейбір кезде оның басым көпшілігі көз алдау үшін ұйымдастырылатынын көріп жүрміз.