*Қысыр әңгіме
Сезікті секіреді
– Неменеге күрсіне бересің, мұндай керемет оқиғалы шығарма әлі жазылған емес...
– Оған күмәнім жоқ-ау...
– Енді не, сонша толқып, сонша әбіржіп?
– XVІ ғасырдағы үнді комедияларын оқыған біреулер шығып қала ма деп тұрғаным...
Керемет!
– Мына материал түкке тұрғысыз екен...
– Ал, онда қол қойғаныңызға жол болсын!..
– Тақырыбы керемет!..
Ағынан жарылды
Жасамыс жазушыдан:
– Соңғы кезде не оқып жүрсіз? – деп едік:
– Оқу тұрмақ, басымда барымды жазып үлгере алмай жүрмін... – дегені бар.
Қолынан келсе
– Паңекең молодец!
– Не бопты-ей?!
– Соңғы кезде ел-жұрт жазушы Паңыт Асаровпен жиі кездесетін боп жүр.
– Ұйымдастырушылар кімдер екен-ей?
– Паңыт Асаровтың бір өзі дейді ғой...
«Есті» ескертпе
Жапал атты жазушы тұңғыш кітабы жарық көргенде әйеліне: «Сен де мен жөнінен мағлұмат жинай жүрсеңші, кейін естелік жазсаң таптырмайды ғой...» дегені бар.
С. САБЫР