Жақында «Қазпошта» акционерлік қоғамының Нұр-Сұлтан қалалық филиалында кезекті мерзімді баспасөзге жазылу науқанына арналған акция өтті. Жыл сайын «Қазпошта» АҚ мерзімді басылымдардың өкілдері мен қалалық оқырмандардың арасында баспасөзге жазылу күнін өткізеді. Бұл күні оқырмандар өздерінің сүйікті газет-журналдарына жазылып, редакция өкілдеріне сауалдарын қойып, шара барысында жылы лебіздерін арнап, мәре-сәре болып қалады.
Үстіміздегі жылдың 9 айының қорытындысы бойынша «Қазпошта» арқылы Қазақстанда газет-журналдарға жазылудың жалпы көлемі 108 363 590 дананы құраған.
Айта кететін тағы бір жайт, Республикалық газеттердің үздік бестігіне «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Ана тілі», «Казахстанская правда» және «Ұйғыр авази» басылымдары кірген. Аймақтық көшбасшылар арасында – «Жетісу», «Ақтөбе», «Огни Алатау», «Аq Jol», «Южный Казахстан» газеттері бар. Ел бойынша барлығы 204 республикалық және 521 аймақтық газет жазылым бойынша таратылады. Жазылудың жалпы көлеміндегі республикалық басылымдардың үлесі 45%-ды, өңірлік басылымдардың үлесі 54%-ды құраған. Тираждың 1%-ы халықаралық мерзімді басылымдарға тиесілі. Қазақстандықтар Қазақстан, Ресей, Беларусь және Украинаның 3 мыңнан астам газет-журналдарына Қазпошта арқылы жазылу мүмкіндігіне ие.
«Статистика жазылу тиражының төмендегенін көрсетті. Өткен жыл қорытындысы бойынша жазылудың жалпы көлемі 127,8 млн дананы құрады. Биыл қараша мен желтоқсан айларына жазылу әлі жалғасуда және жыл соңында көрсеткіштер шамалы өседі. Бірақ тұтастай алғанда өткен жылдың көрсеткішінен аспайды. Біз электронды басылымдарға көшу – қазақстандық статистиканы растайтын жалпы әлемдік тренд екенін түсінеміз», деді «Қазпошта» АҚ «Нұр-Сұлтан» филиалы директорының орынбасары Жандос Жаңабергенұлы.
«Қазпошта» АҚ мамандарының мәліметінше, газет-журналға жазылу ауылдарда көп тіркелген. Барлық таралымның 73%-ы соларға тиесілі. Ауыл тұрғындары облыстық, қалалық және аудандық басылымдарға жазылғанды (жалпы тираждың 58%-ы) жөн көреді. Жазылу бойынша Қазақстанның өңірлері арасында Алматы, Қызылорда, Қарағанды және Жамбыл облыстары көш бастап тұр. Қазірдің өзінде 2020 жылға жазылу басталып кетті. Баспасөзге жазылуды кез келген Қазпошта бөлімшесінде ресімдеуге болады.