Тараз қаласында ел көптен күткен «Aspara Fashion week TARAZ – 2019» сән апталығы өтіп, оған Еуропа мен Азиядан 15-тен астам сала сарапшылары мен әлемнің 10 мемлекетінен танымал дизайнерлер қатысты.
Тараз топырағына келген дизайнерлердің ішінде «Milano fashion week» президенті Марианна Мичели, миландық фэшн-фотосуретші Даглас Бассет, амстердамдық этникалық сән апталықтарының ұйымдастырушысы, «Asia fashion week» және «Africa fashion week» сән апталықтарының президенті Айдын Ачик, Бішкек қаласынан келген сән сарапшысы Наталья Султанова, Қырғызстанның «Podium» журналының басшысы Назира Бегім, этнодизайнерлердің еуразиялық қауымдастығының төрайымы Роза Халтуева, «Libos» дизайн орталығының басшысы, Өзбекстан сән апталығының серіктесі Камола Гулямова, украиналық дизайнер Оксана Хенда, «Мисс Болгария – 2017» байқауының жеңімпазы модельер, блогер Вероника Стефанова сияқты белгілі азаматтар болды.
Бүгінде Қазақстандағы сән әлемінде «Aspara» брендінің алатын орны ерекше. Осы уақытқа дейін өтіп келген «Aspara fashion week» сән апталығының төртінші кезеңі тағы да Тараз шаһарында жалғасын тапты. Аталған сән апталығы осы уақытқа дейін Шымкент, Тараз және Өзбекстанның Ташкент қалаларында ұйымдастырылған болатын. Мұндай ауқымды сән мерекесін елімізге ғана емес, Еуропаға танымал дизайнер, «Асыл-Дизайн» сән үйі мен «Аспара» модельдік өнер және бизнес колледжінің негізін қалаушы Айдархан Қалиев ұйымдастырды.
Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен шарада әуелі облыстық қолөнер бұйымдарының байқауында оза шапқан таланттар марапатталды. Байқау барысында түрлі табиғи және жасанды заттардан жасалған халқымыздың ежелгі салт-дәстүрлерін дәріптейтін бұйымдар қазылар алқасының қызығушылығын тудырды. «Біз жастарды мәдени және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге шақыру жолында қызмет етіп келеміз. Колледжді құрған 20 жыл ішінде біз 1500-ге жуық талантты дизайнер, шаштараз, визажис, стилис мен модельерді тәрбиеледік. Олардың барлығы бүгінде Таразды республикалық және халықаралық деңгейде танытып келеді», дейді Айдархан Қалиев. Ал, «Arai Plaza» бизнес орталығының салтанат сарайында өткен сән апталығының алғашқы күнінде дизайнерлер неофольклор стилінде әзірлеген топтамаларын сән сарапшыларының назарына ұсынды. Аталмыш сыннан сүрінбей өткен таланттар ұлттық нақыштағы киімдерді әлемге ашық экспорттауға мүмкіндік алады.
Сән апталығы кезінде келушілер Айдархан Қалиевтің «Тараз перілері» топтамасының таныстырылымын тамашалады. Топтаманың басты нышаны ретінде қазақ халқы қасиет тұтқан ана кимешегі таңдалды. Неофольклор бағытын тек Орталық Азияға ғана емес, күллі әлемге танытқан дизайнердің туындыларына мәртебелі меймандар ерекше назар аударды. Ал «Асыл-Дизайн» сән үйінің басшысы Айдархан Қалиев бұл топтаманы әзірлеуде қазақ әйелдерінің, оның ішінде өз анасының киім үлгілерінен шабыт алғанын айтады. «Асыл-Дизайн» сән үйінің бұлай аталуы тегін емес. Асыл – менің анамның есімі. Ал кимешек – қазақ аналарының бас киімі. Кимешек киюдің өз жоралғысы, өзіне тән ерекшелігі, киесі бар. Бұл біздің ұлтымыздың дүниетанымы өте терең екенін аңғартады. Келешекте алдағы 5-6 жылдың ішінде заманауи стильдегі кимешектер Еуропада трендке айналса, мен әу бастағы мақсатыма жеттім деп білемін», дейді Айдархан Қалиев. Сонымен қатар көршілес қырғыз елінен келген дизайнер Татьяна Воротникова көпшілікті ерекше бас киімдерімен таңғалдырса, нұрсұлтандық модельер Әлия Сағдидің топтамасында қанық түстер мен флористикалық элементтер көрініс тауып, көпшіліктің көзайымына айналды. Украинаның Львов қаласынан келген Наталья Яруш өз топтамасында славян халқының қарапайым әрі үйлесімді өрнектерін қолданған болса, варшавалық Барбара Салидің топтамасында теріден тігілген киімдер мен шілтер басым түсті. Әлемнің әр қиырынан келген өзге де сәнгерлер өздеріне тән ерекшеліктерімен келушілерді таңдандырды.
Сән әлемі саңлақтарының назарын Тараз шаһарына аударған халықаралық шараның қорытынды бөлімінде «Neo folklore» байқауында үздік деп танылған дизайнерлерге қазылар алқасының мүшелері әлемнің ең үздік саналатын сән апталықтарына арнайы жолдама табыстады. Атап айтқанда, алматылық Раушан Әнуарбекова Миландағы, қызылордалық Аида Керімқұлова Сербиядағы, тараздық Қарлығаш Есболғанова мен Әсем Мусралиева Амстердамдағы, көршілес Қырғызстаннан келген Мақсат Сманов пен Болотбек Алишеров Каппадокиядағы, нұрсұлтандық Дана Ашимова Делидегі сән апталықтарына және Болгариядан келген жас сәнгер Таня Ян келесі жылғы «Aspara fashion week» сән апталығына тегін қатысуға мүмкіндік алды. Өз кезегінде қорытынды сөз алған Айдархан Қалиев мұндай сән апталығын елімізде әрі қарай да дәстүрлі түрде ұйымдастырыла беретінін жеткізді. «Мен екі мың жылдық тарихы тереңге тамыр тартқан Таразды ерекше сүйемін. Өз халқымның ұлттық негізін сақтау жолында осы кәсіпті қолға алып, сән саласында белгілі дәрежеде абыройға ие болдым. Бұл – тек менің ғана емес, «Асыл-Дизайн» сән үйінің, «Аспара» колледжі қызметкерлерінің еңбегі», деді ол өз сөзінде. Сонымен қатар Италиядан келген Марианна Мичели қазақтың ұлттық киімдеріне қызығатынын, сондықтан да Қазақстанға жиі келетінін айтса, миландық фэшн-фотосуретші Даглас Бассет Таразға әр келген сайын көне шаһардың табиғаты тамсандыратынын жеткізді. Өзге де сәнгерлер қазақ халқына, Тараз қаласына деген игі тілектерін жолдады.
ТАРАЗ