Мүсін өнері мүмкіндігін танытқан «Алтын бағыт» атты көрме елордадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде тұсауын кесті. Бұл көрменің өтуіне көрнекті мүсінші, Қазақ ұлттық өнер академиясының ұстазы, өнерде өзіндік қолтаңбасымен танылған Шоқан Төлеш мұрындық болды.
Мүсінші Шоқан туындылыры жұртқа көптен таныс. Тек өз елімізде ғана емес, АҚШ, Франция, Бельгия, Италия, Швейцария, Ұлыбритания Аустрия мұражайлары мен көрнекті орындарында көрмелерін өткізіп, тың туындыларымен талайларды тәнті еткенін айта кетелік. Белгілі шебердің қолынан шыққан мүсіндерінің бір ерекшелігі – эстетикалық талғамға бай. Көз салып, көңіл тоқтатқан әр адам өзі ой қорытып, философиялық иірімдеріне үңілуіне мүмкіндік беретіндігінде жатса керек.
Көрменің ашылу салтанатында белгілі өнер қайраткерлері, қаламгерлер Шоқан шығармашылығына жан-жақты тоқталды. Оның туындылары негізінен қоладан, алюминийден, ағаштан, мәрмәр тастардан жасалған камералық жұмыстар екеніне де жете мән берді. Әсіресе әр мүсінінде шығыс пен еуропалық мәдениет ұштаса келіп, ұлттық дүниенің алтын арқауы салтанат құратынын баса айтып жатты. Соған дәлел ретінде, асау толқынның үстінде қайықпен келе жатқан қазақтың үш абыз қариясының ерекше болмысын атап өтуге болады. Аты айтып тұрғандай, бұл – қазақ бірлігінің айқын көрінісі екендігін айтқызбай ұқтырады. Сол секілді, арғы тарихтан тамыр тартатын «Томирис», «Сақ жауынгері», «Атилла», ұлт өнерінің жауһары саналатын «Сәукеле», «Қобыз», «Қария» сынды өзге де мүсіндерін ерекше атауға болады. Әсіресе қола, алюминий, ағаш, тас қосындыларынан жасалған «Кербез Астана» мүсіні жұртшылықтың ерекше ілтипатына бөленді. Көрерменнің көз жауын алған аталған көрме бір ай бойы елордалықтар назарына ұсынылып, одан кейін Алматыда жалғасын табады.
Қасымжомарт ДӘУЛЕТҰЛЫ