«Мал ашуы – жан ашуы» дейді қазақ. Арқа еті арша, борбай еті борша болып жүріп өсірген азын-аулақ малы суық қолдылардың оңай олжасына айналса, халықтың қаны қайнамағанда қайтеді. Өкінішке қарай, құқық қорғаушылар құрықтауға қанша тырысқанымен, жер-жерде жұрттың ақ адал малын айдап кету фактілері көбейіп барады. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туиттер парақшасында: «Заңға өзгертулер енгізуді тапсырдым: алкогольді ішімдіктердің кез келген түрін ішкен күйінде көлік жүргізгені үшін, сондай-ақ мал ұрлығы үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет» деп жазғаны мал ұрлығының өршіп бара жатқанына байланысты.
Көкшетау төңірегінде жылқы қымбат. Сере қазы байлаған ту бие, құтпан айғырлардың бағасы жарты миллионнан асып жығылады. Базарда табақ көтеретін жылқы етінің килосы 2300 теңгеден сатылуда. Облыста төрт миллион гектардан астам жайылым бар. Осы жайылымның жартысы ғана кәдеге асырылуда. «Ет тәттілігін қойса – мен ұрлығымды қояр едім» депті баяғыда бір әккі барымташы. Жылқы етінің қадірі артқан сайын жылқыны сұқ қолдың сұғынан сақтау да қиындап барады. Ақмола облысы елорданы азық-түлікпен қамтуға тиіс басты өңірлердің бірі екенін ескерсек, барымташыларға қарымта жауап қайтару ісінің өзектілігі арта түседі деген ойдамыз.
Бірер ай бұрын біздің облыста бір үйдің 58 жылқысын жайылымда жүрген жерінен қолды қылған баукеспелер құрықталды. Бұл оқиға туралы бұкіл республика құлағдар болғаны анық. Күдіктілер жылқыны Ерейментау ауданынан айдап әкетіп, Аршалы ауданының Қостомар ауылындағы шаруашылық қорасына қамаған. Кейін «MAN» жүк көлігінің контейнеріне тиеп, Нұр-Сұлтан қаласына жеткізбек болған. Алайда, арада бірер сағат өткенде біраз жылқы ауа жетпей контейнердің ішінде тұншығып, өліп қалған.
Жалпы, екі аяқты бөрілерсіз де, бұл өңірде мыңғыртып мал бағуға кедергі келтіретін мәселелер аз емес. Ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне қарағанда, облыстағы жылқы саны екі жүз мыңнан астам. Оның 43600-і әрқилы ауыл шаруашылығы құрылымдарының еншісінде. 50700-ге жуығы шаруа қожалықтарында. Мал сүмесімен күн көретін малсақ қауым 107 мың бас жылқы бағып отыр. Егер бір жылқыға белгіленген мөлшерге сәйкес 8 гектар жер қажет етілетін болса, кәдеге аспай жатқан жерде әлі қанша жылқы өсіруге болар еді.
Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуіндегі облыс астана тұрғындарының қажеттілігін 33 пайыз ғана қамтамасыз етіп отыр. Таратып айтсақ, 28,6 мың тонна ет өнімдері сауда сөрелерінде сатылған. Рас, өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 0,6 мың тонна өсім бар. Солай бола тұра, әлі де ішкі мүмкіндік сарқа пайдаланылып отыр деп айта алмас едік. Бір қарағанда, мал басы көбейсе, бағасы да арзандар еді. Арзандамаған күннің өзінде бұрынғы бағаны тұрақтандырып, ұстап тұруға әбден болады емес пе?
Жылқы етінің өзіндік құны арзан. Олай болатыны, қысы жайлы жылдары төрт түліктің төресі қара оты тұнып тұрған жайылымдарда тебіндеп-ақ шығады. Қара малды алты ай жемдеп бағу керек болса, жылқының жөні басқа. Енді неге жылқы саны өспей отыр?! Мәселенің мәнісі мынада. Алдымен ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары мал басын көбейтуге құлықсыз. Олар мехнаты көп мал бағудан, көктемде егіп, күзде орып алатын астықты қолайлы көреді. Әрі қара мал сияқты емес, жылқыға субсидия төленбейді. Ет өндірсе де, қымыз өндірсе де.
Мұндай құрылымдар белгіленген тәртіп бойынша егістік жермен бірге жайылым, шабындықтарды да алады. Бірақ бос жатыр. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының иелігіндегі барлық аумақтың 28 пайызы ғана пайдалануда. Нақты дерек келтіретін болсақ, 1 миллион 600 мың гектар тиімді пайдаланылмай отыр.
–Алдымен Жер кодексін жетілдіру қажет, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов, – облыстық прокуратура жер жайын тексеріп, 1 млн 600 мың гектар жердің пайдаланылмай жатқанын анықтады. Жаңағы шаруашылықтар өздеріне тиесілі жайылымдарды пайдаланбайтын болса, бір жылы ресми тексеріс жүргізіліп, акт жасалады. Екінші жылы осы көрініс тағы қайталанса, үшінші жылы ғана кәдеге аспай жатқан жерді қайтарып алады. Бірақ бұл жерде мынадай түйткіл бар. Егер жердің 25 пайызын пайдаланса, онда ешкім де қарсы уәж айта алмайды. Заңда солай. Жерден айырылмау үшін ауыл шаруашылығы құрылымдары 25 пйызына сәйкес келетін малды екінші жылы сатып алса, барлығы дұп-дұрыс болып шығады. Бірақ шынтуайтында қаншама жер игілікке жарамай жатыр ғой. Сондықтан, бұл арадағы тығырықтан шығар төте жол – жер туралы заңды жетілдіру.
Екінші бір мәселе мал тұқымының азып кетуі. Қара малды қиырдан алдырып асылдандырып жатырмыз. Ал төрт түліктің төресі саналатын жылқы малы мұндай жақсылық көріп отырған жоқ. Облыстағы екі жүз мыңнан астам жылқының 3709 басы ғана асыл тұқымды. 1951-і жебе, 1153-і мұғалжар, қалғаны көшім жылқылары. Ауылдағы ағайын асыл тұқымды айғырды қайдан алуы керек екенін де білмейді.
Ертеректе жалпақ жұртқа жақсы аты мәлім болған №47 жылқы зауыты халықтың қолындағы малдың тұқымын асылдандыруға әжептәуір әсер етіп еді. Ол зауыт жабылғалы қашан?.. Әзірге асыл тұқымды жылқы зауытын ұйымдастыру жоспарда жоқ. Спорттық бағыттағы жүйріктерді бағып отырған бірер шаруашылықтар ғана бар. Бірақ, бізге қазіргі керегі етті тұқым. Көршілес Ресейдің ауыр салмақты айғырларын әкеліп, бағымдағы жылқының сапасын жақсартуға талпынып жатқандар бар екен. Мәселен, «Сивка-бурка» жылқы шаруашылығы. Малсақ қауымның айтуына қарағанда, бір ғажабы тұлғасы таудай, ауыр салмақты Ресей жылқысы үйір ұстамайды. Тиімділігі тұқымы азып бара жатқан жергілікті жылқымен будандастырғанда, салмағы артпақ әрі сүті де майлы, қою болып, жақсарады екен.
–Жылқы тұқымын асылдандырудың жайы былай, – дейді басқарма басшысының орынбасары, – мемлекет тарапынан үйірге салатын айғырға субсидия төленеді. Тек жекеменшікке емес, заңды құрылымға. Бәлкім, ауыл тұрғындары бірігіп, өздеріндегі жауапкершілігі шектеулі серіктестік бола ма, жоқ әлде шаруа қожалығы бола ма, келісіп отырып келеңсіздіктен шығуға болар. Асыл тұқымды айғырға мемлекет тарапынан 100 000 теңге субсидия төленеді.
Жылқының тиімді екендігін аңғарғандар да бар. Қазір облыстағы 47 шаруашылық жүздеп, мыңдап жылқы бағып отыр. Оларда да ішінара мәселелер кездеседі. Осы арадағы сәйкессіздікті қараңыз, кей шаруашылық туырылған жерді тусыратып бос ұстаса, мал бағамын деп ұмтылып тұрғандарда жайылым жоқ. Бұл проблема әсіресе, ірі елді мекендердің, Көкшетау қаласы мен Нұр-Сұлтан қаласы жанындағы аудандарға тиесілі.
–Жылқы бағып көрдік. Жарықтық жылқының пайдасы көл-көсір екендігі рас, – дейді Зеренді ауданындағы «Күміс Көкше» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Тимур Мұратбеков,–бірақ түліктің жайын білетін, құрығы құтты жылқышы таба алмадық. Ел ішінде отырсақ та, бел буып ешкім шықпайды. Арқаның аязы қатты, жазы ыстық екендігін білеміз, жылқышы қауымға бар жағдайын туғызар едік. Құлақтандырып айттық та. Еңбекақысы да толымды, киім-кешегі, көлігі, бәрі біздің мойнымызда. Бірақ, таба алмадық. Сосын қара малға ауысып кеттік.
Таяуда сауда сөрелеріндегі жылқы етінің жайын білейік деп облыс орталығындағы орталық базарға соққанбыз. «Жас ет алыңыз, менікі жас малдың еті» деген қиқудан құлақ тұнады. «Жас байталдың еті, жас биенің еті» дейді анталаған сатушылар. Ілкідегі қазақ жас, аналық малды тұқым үшін ұстайтын. Әлі де болашағы бар құнан-дөненді жайратып тастап, сата берсек, жылқы өсе ме?!
Аталарымыз жылқыны төрт түліктің асылына балаған. Құдайға шүкір, қазір де құрығын тастамай, үйір-үйір жылқы қайырып жүрген азаматтар ел ішінде аз емес. Өкініштісі, олардың мал басын көбейтуіне кедергі келтіретін фактілер аз емес. Сөз басында айтып өткеніміздей, мәселенің маңыздысының бірі мал ұрлығына келіп тіреледі. Күні кеше Президент Қ.Тоқаевтың өзі осы мәселені арнайы көтергенінен ел құлағдар болды. Егер баускеспелерге қатысты жаза қатайтылса, барымтаға қарымтаның көкесі сол болар еді.
Жылқы жарықтық қысы-жазы қора көрмей, иен далада жайылып жүріп көбейетін мал. Суық қолдылардың сұқ көзіне бірінші ілінетіні де содан. Президент айтқандай, мал ұрлығы үшін жазалау күшейтілсе, Арқа төсінде құрыш тұяқтылардың көбейе түсуіне септесері сөзсіз.
Ақмола облысы