• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қазан, 2019

Жастығы жарасқан театр

737 рет
көрсетілді

Өнер қалыпқа бағынбайды. Театр талғамды, сахна жаңа­шылдықты сүйеді. Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнерге (Ғ.Мүсірепов – авт.) тән осы бір даралықты ту еткен еліміздің ерекше театрларының бірі – Нұр-Сұлтан қаласының Жастар театры ХІІІ театр маусымының шымылдығын Уильям Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясымен түрді.

Шекспирді сахналау – шеберлік сынағы

Әр қойылым өзіндік ерекше­лікке ие десек те, Жастар театры репертуарындағы үздік спек­такльдердің көшін режиссер Нұр­­қанат Жақыпбай сарапта­уында қойылған айтулы комедия бастайды деп батыл айта аламыз. Сондықтан да болса керек, 6 жыл­ бойы аншлагпен өтіп келе жат­қан әйгілі комедия бірнеше жыл қатарынан маусымашар жаңалығына айналып, әр жаңа маусымда көрерменін мерекелік көңіл күйде қарсы алып келеді. Ұжым биыл да сол дәстүрінен жа­­ңылмады. Ғимарат фойесіндегі мерекелік концертпен басталған театр думаны әрі қарай италиялық карнавал стилінде қойылған жар­қын бояулы «Асауға тұсау» комедиясына жалғасты.

Әлемдік классиканың алтын қорынан ойып орын белгіле­ген ағылшын драматургі У.Шекспир­дің «Асауға тұсау» комедиясы қа­зақы табиғатпен етене үндесетін бірегей туындылардың санатында. Ұлттық сахнада ең алғаш 1943 жылдың 16 қазанында Мәскеудің А.Луначарский атындағы театр және өнер институтының тә­жі­рибелі мұғалімдері О.Пыжова мен Б.Би­би­ковтың қолтаңбасында кө­рер­­мен назарына ұсынылған қо­йы­лым 2013 жылдың желтоқсан айын­да Жастар театры төрінде Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­­раткері Нұрқанат Жақыпбай ре­жис­серлігімен заманауи үлгі, жа­ңа­шыл лепте үн қатқан болатын.

Драматургия дүлдүлі Қалтай Мұхамеджановтың сөзімен айт­сақ, Шекспир шығармасын сах­наға қою – әрбір өнер иесінің бұ­ғанасы бекіп есеюіндегі ұлы ем­тихан. Ал Жастар театрының осы сынаққа батылдықпен ке­ліп, классикалық комедияның пер­не­сін дөп басуы үлкен жетістік дер едік.

Қойылымның әуелгі ерекше­лігі сахналау жұмысына қоюшы режиссерден бөлек, Бекболат Құр­манғожаев пен Дәурен Сер­ғазин қолтаңбасының кіріктірілуі дер едік. Үш бірдей режиссердің жұ­мыла жасасқан жұмысы Жас­тар театры сахнасына астарлы әзіл мен көтеріңкі көңіл күй­дің ат­мос­ферасын алып келді. Ре­жис­серлік ұтқыр шешімдер, му­зыка мен би үндестігі, декора­ция жанр ерекшелігіне сай ұтымды ұйым­дастырылған. Қоюшы суретші Ерлан Тұяқов бейнелеген сахна суретінен анау айтқандай клас­сикалық картина мен бай рек­визитті көзіңіз шалмауы мүмкін. Есесіне мұнда кеңістік бар, тірі сахна бар, қажырлы еңбек бар. Әрбір актердің дем алысы мен жү­рек лүпілі біте қайнасып, бір­тұтас дүниеге айналып кеткенін шымылдық ашылғаннан-ақ айқын сезінесіз. Сөйтіп Люченцио (Дәу­­рен Серғазин) мен Транио (Ербол Тілеукенов) сүйреп шығар дөң­гелектей замана керуенімен бірге спектакль тізбегі де дөңге­леніп жүре береді. Сол көшке іле­сіп ко­медия ішіне қалай еніп кет­ке­ні­ңізді тіпті аңғармай да қаласыз.

 Катарина – мықтылардың үлесі

Әне, сахнаға қамшысын оң­ды-солды сілтеп, адуынымен, тен­тектігімен талайды тайсалдырып асау да ерке Катарина шықты. Рөл жауапкершілігі театрдың талантты актрисасы Айнұр Рахиповаға жүктеліпті.

Шекспир суреттеген, ұлы жа­зу­шы Мұхтар Әуезовтің тәржі­масында бізге жеткен Катарина қандай еді? Пьеса желісі әу баста актрисаға тұрпайы, тілге өткір, бірбеткей болуын міндеттейді. Алайда ол кейіпкер Катаринаның та­биғи болмысы емес еді. Бұл мі­нез оның өзі өмір сүрген надан да екіжүзді ортаға, маңын торуыл­даған тоғышар топқа көр­сеткен іштей қарсылығы болатын. Бойжеткен бойында асау­лық та, тентектік те, еркелік те бар. Оны көптен ерекшелейтін катариналық қасиеті – жан, рух еркіндігі. Күйкі, бишаралық өмір оған жат. Айнұр кейіптеген Ка­тарина, міне, бізді осыған илантты. Кезінде аталған бейнені бүтін об­раз биігіне көтерген халық әр­тісі Хадиша Бөкеева жолын жалғаған Айнұрдың кейіпкер болмысын барынша бойына­ сіңіруге тырысқаны көрініп тұр. Бұл – актерлік шеберліктен бө­лек, шынайы маңдай тер, толассыз еңбектің Катаринасы! Пе­тручиодай жігіт серісінің сүй­ге­нін ойнау сахнагерден ішкі те­рең­діктен өзге, физикалық күш-жігер мен пластикалық органи­каны талап етеді. Одан басқа, М.Әуезов­тің құнарға бай поэзия тілімен аударылған тәржімасын қосып қойыңыз. Осының бәрінің басын біріктіріп, шашауын шығармай сайрату – кез келген актрисаға қол емес. Катарина – мықтылардың үлесі.

Есімі аңызға айналған Хадиша Бөкеевадан кейін Шекспирдің «ақылды тентегін» тұп-тура 70 жыл­дан кейін Айнұр өзгеше жаңғыртты. Дұрысы, жарқыратты. Жай ғана ойнап қойған жоқ, ол Ката­ринаны ғаламат бейне биі­гінде бедерледі. Актрисаның Ка­­­та­рина бейнесіне келудегі осы есепсіз еңбегі лайықты баға­ла­нып, қазақтың тұңғыш ре­жис­сері Ж.Шаниннің 125 жыл­дығына арналған Түркі әлемі театрларының халықаралық фес­ти­валінде «Үздік әйел бейне­сі» ­жүлдесін еншіледі.

 Петручио: Аймановтан Ахметовке дейін

Ал қойылымдағы негізгі же­тек­ші кейіпкер – Петручионың қай кезде де бәсі биік. Шәкен Ай­манов салған тұңғыш сүрлеуді кейін Ыдырыс Ноғайбаев жал­ғаса, бұл спектакльде эстафета да­рынды актер Әділ Ахметовке тиіпті. Фактура, қимыл-әрекет, сыр-сымбат жағынан кейіпкер бол­мысын тап басып таныған режиссер таңдауы дөп түскен. Өзі­не жүктелген жауапкершілікті ак­тердің де жіті сезінгендігі сөз сап­тасы мен сахнадағы жүріс-тұ­рысынан айқын аңғарылады. Сөзі анық, әрекеті нық. Кейіпкерін ба­рынша жанды етіп шығаруға тырысқан. Серілік пен сергектік, фактура мен ішкі тереңдік қатар өрілген Петручио бейнесі Әділ Ахметовтің кейіптеуінде, шын мәнінде, көркемдік биікке көте­рілген. Актер кейіпкер кілтін дөп тапқан. Ойымызды белгілі ре­­сейлік шекспиртанушы ғалым Алексей Бартошевичтің: «Асауға тұсауды» автор жастық шағында жазған, сондықтан да пьесаның өн бойы жастық жалынға тұнып тұр. Осы ерекшелікті режиссер Нұр­қанат Жақыпбай театрдың жас ерекшелігіне, аудиториясына сай өте ұтқыр да дөп таңдаған. Жастардың ішкі энергия, жалынды жасампаздығы, сахнадағы көз ілестірмес шапшаң қимылы шын мәнінде сүйсінтеді. Әсіресе Пе­тручиоға (Әділ Ахметов) тән­­­ті болдым. Актер тек бой сұң­­ғақ­тығы, сыртқы келбет көркем­дігімен ғана емес, ішкі ак­тер­лік шеберлігімен де, дауыс­ мә­нерімен де көңілге берік ор­ны­­ғып, көрермен қойылым со­ңында Петручиосымен қимай қош­тасады. Менің де көңілімде сон­дай бір қимастық сезім қал­ды», деп қойылымның көр­кемдік сапасын жоғары бағалап, тамсана жеткізген осы бір пі­кірі бекіте түседі. Ал санктпе­тер­бургтық театртану маманы Надежда Стое­ва болса: «Мені қо­йы­лым­ның карнавалдық жарқын боя­уы, актерлердің басқа әлемді ұмы­­тып, өз рөліне жан-тәнімен берілуі, сахнадағы небір цирктік қимылдармен эстетикалық көркем көрініс түзуі, жарқын музыка, көңілді тентектікпен астасқан комедиялық шуақты атмосфера бірден баурап алып, назарымды басқаға бұрғызбай, бір жарым сағат бойы қойылым өзіне байлап тастады. Спектакльде театрға тән сан қилы өнер түрінің бәрі сәтті қабысып, уақыттың қалай өткенін аңғармай қаласыз», деп жоғары бағалаған бо­латын.

 Жақыпбайдың жаңалығы

Қойылымда эпизодтық рөл болса да назарыңды аудармай қоймайтын Грумио (Жандәулет Батай), Люченцио (Дәурен Сер­ғазин), Гортензио (Нұрлыбек Тө­леген) бейнелері өзіндік бояу-бедерімен есте қалды. Бьян­ка рөлінде көрінген Наурыз Саба­ғатова да қойылым құрамына жақында кіріктірілгенімен, сәтті ізденіс нәтижесін көрсетті. Әсі­ресе бір спектакль бойында бір­неше рөлді бірдей игеріп жүр­ген Дәурен Серғазиннің шап­шаңдығы, комедия жанры әртісіне тән тапқырлығы мен ұтқыр шешімдері езуге күлкі­мен қатар, көңілге құрмет те орнықтырды.

Нұрқанат Жақыпбай қолтаң­басына тән жаңашылдық пен тосыннан, тыңнан өрілер режис­серлік ұтымды шешімдер Шекс­­пир шығармасының шырайын кіргізді. Атап айтар бол­сақ, комедияның көңіл мар­қайтқан тұсы – актерлік ансамбль өнерінің біртұтастықта жүйеленуі. Тұтас­тай театр труппасы қатысқан қойы­лым осы ұйымшыл ұжымдық бірліктің арқасында көкейге берік орнық­ты. Сахнадағы кеңістіктің көп бөлігін қимыл-қозғалысқа сай бос қалдырып, әртістердің өзі жанды декорацияға айналған. Әр актердің ішкі сезімімен бірге сергелдеңге түсіп, бірге толқып, бірге қозғалған сахна суретінен әрқайсысының жүрек лүпілін сезгендей боласыз.

Қойылымның келесі артық­шылығы – пластикалық мүм­кіндігі. Цирк артистеріне тән шеберлікпен сахнаның арғы бетінен бергі бетіне секіріп, шең­бер жасай, домалай қозғалған труп­па таланты мен әртүрлі ды­­быс шығаруда қақпақ, ожау, шылапшын сынды сан түр­лі құралдардың көмегіне жүгі­нуі де эксперименттік театр­ элемент­терін еске салды. Езу­ге күлкі үйі­реді. Костюм сурет­шісінің (Ерлан Тұяқов) ашық түсті маталардан әдіптеп тіккен киім үлгілері де комедия табиғатынан алшақ кетпеді. Ертедегі Италия жеріндегі карнавалдарды бір сәтке көз алдымызға келтіргендей, еуропалық өнер думанының ішінде жүргендей әсерге бөлендік.

Театр – ұжымдық өнер десек, бүгін ұжымның сол ұйым­шыл жұмысына куә болдық. «Асауға тұсаудай» классикалық туындыларға үлкен батылдықпен келіп және оны абыроймен алып шығуға деген ұмтылысы труппа еңбегіне бас игізді. Алдағы уақытта жас театрға көрсетілер қолдау мен қамқорлық еселенер болса, жаңашылдықты ту еткен жалынды Жастар театры­ның бағындырар белесінің бұдан да еңселірек, бұдан да мол болмағына сенеміз. Жас ұжымның оған мүм­кіндігі де, қа­жыр-қайраты да әб­ден жетеді. «Асауға тұсау» комедиясы соның айғағы!