Өткен жұмада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ұлы дала тарихы: көне дәуірден қазіргі заманға дейін» атты Еуразиялық форум өтіп, оған еліміздегі Әзербайжан және Қырғыз Республикасының Төтенше және өкілетті елшілері, тарихшы ғалымдар, танымал түрколог-номадолог мамандар, сондай-ақ абайтану, фарабитану саласының жетекші ғылыми қызметкерлері қатысты.
Форумды ашып сөз сөйлеген Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов, ең алдымен маңызды жиынға қатысушыларға өз атынан алғыс білдіре отырып: «Аталмыш форумды өткізу жақсы дәстүрге айналды. Мұндағы мақсат – Ұлы дала тарихы мен мәдениетін ғылыми-зерттеулерге негіз ету және Еуразия кеңістігін сан ғасырлар бойы мекендеген халықтар жылнамасын куәландырып, өркениеттер үйлесімін қазіргі заманауи көзқараспен зерделеп, келесі ұрпаққа жеткізу. Осы орайда тарихты білу – әркімнің парызы, соның ішінде жастарға міндет. Ал тарихи танымға деген қызығушылықты қалыптастыру – қоғамның борышы. Бүгінгі форум осы мақсатқа бар күш-жігерін жұмсайтынына сенімдімін», деді салмақты ойын сабақтап.
Келесі кезекте сөз алған құрметті қонақ, еліміздегі Әзербайжан мемлекетінің Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Мамедов, бүгінгі форумды өткізіп отырған Еуразия ұлттық университеті мен өз елі арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығын атай келе, 2010 жылдан бастап аталған оқу орнында Гейдар Әлиев атында аудитория жұмыс істеп тұрғанына, болашақта осындай бірлескен мәдени шараға қатысудың маңызы зор екеніне тоқталып: «Форум тақырыбы түркі жұртына қатысты болғандықтан біз шет қала алмаймыз, өйткені бауырлас халықпыз. Мәдени құндылықтарымыз ортақ. Қазақстан ғалымдары түркі мұрасын зерделеуде зор еңбек етіп жатыр. Әсіресе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы күллі түркітектестер үшін ерекше маңызға ие. Бұл бағдарламалық мақала жас буынның танымына жол салады және еларалық интеграция үшін маңызы зор», деді дипломат.
Одан кейін мінбеге көтерілген Қырғызстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Құлубаев, бүгінгі форум жұмысы әлем өркениетіне елеулі үлес қосқан түркі мәдениеті мен тарихын тану жолында жақсы тұғырнама болатынына сенім білдіріп: «Жаһандану дәуірінде Ұлы дала мұрасын зерттеу өте маңызды, әсіресе жас ұрпақ үшін Еуразия кеңістігіндегі мәдениетаралық қарым-қатынастар үйлесімділігін білуі шарт. Қырғыз елі «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасына үлкен қызығушылық танытып қана қоймай, бұл бағытта ілкімді жұмыстарды қолға алуда», деді.
Жиынға қатысушылар жоғарыдағыдай маңызды баяндамаларды тыңдаумен қатар, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығы мен Ұлттық архив мекемесі ұйымдастырған көрмені тамашалаумен бірге Л.Н.Гумилев мемориалдық мұражай-кабинетіне экскурсия жасады.
Форум соңында маман ғалымдар өзара пікір алмасып, қазіргі таңдағы кейбір өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар келер жылы атап өтілетін әл-Фарабидің 1150, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында, Ұлы дала, исламтану, абайтану және фарабитану проблемаларына қатысты ғылыми-зерттеулер перспективасын айқындайтын қарар қабылдады.