Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында балама энергия көздерін дамыту мәселелері қаралды, сондай-ақ «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды.
Кәдеге жарайтын қалдық 1,5 млн тонна
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе дәстүрлі емес энергия көздерін дамыту тақырыбына арналды. Бұл салада атқарылып жатқан жұмыстар барысын таныстырған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев инвестиция тартудың жолға қойылғанын айтты. 2020 жылға қарай балама қуат көздерінің үлесін − 3 пайызға, 2025 жылға қарай − 6 пайызға, 2030 жылы бұл межені 10 пайызға жеткізу көзделіп отыр. 2050 жылға қарай жалпы энергия тұтыну көлемінің кем дегенде жартысы жаңғырмалы энергия көздерінен алынуға тиіс. Бұл бағытта мемлекет шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасап, заң аясында барлық мүмкіндікті қарастырып қойған.
− «Жаңғырмалы энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заңда инвесторларға электр энергиясын сатып алуға 15 жылдық келісімшарт ұсынылды. Сонымен қатар бірқатар артықшылықтар берілген. Тіркелген тарифтер жүйесі дамудың бастапқы кезеңінде «жасыл» энергия нарығын тез іске қосуға мүмкіндік берді. Мысалы, 2014 жылы белгіленген қуаты 178 МВт-тық 26 нысан болса, 2019 жылдың қорытындысы бойынша елімізде қуаты 1042 МВтты құрайтын 87 нысан жұмыс істейтін болады. Жыл басынан бері 1,65 млрд кВт/сағ энергия өндірілді. Бұл 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 65 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін жоспарлы 2,4 млрд кВт/сағ көрсеткішке қол жеткіземіз, − деді Қ.Бозымбаев. Оның айтуынша, қуатты ұлғайтуға қатысты жоспарлы жұмыстың арқасында 2020 жылдың қорытындысы бойынша жүйеде қуаты 1610 МВтты құрайтын 108 нысан жұмыс істейтін болады. Ал 2024 жылдың соңына қарай энергожүйеде кемінде 3000 МВт жаңғырмалы қуат болады деп жоспарлануда.
Жиында қоқыс қалдықтарын кәдеге жарату мәселесін көтерген Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев осы саладағы бірқатар мәселелерге тоқталды.
− Біріншіден, Энергетика министрлігі әзірлеген шағын генерацияны орналастыру, атап айтқанда, жаңғырмалы энергия көздерін тұрмыста пайдалануға қатысты заңнамаға толықтыру енгізуді қолдау еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының энергия сыйымдылығын төмендетуге мүмкіндік береді. Екіншіден, Үкімет жанынан құрылған жобалық кеңсе шеңберінде министрлік қоқыстарды кәдеге жарату арқылы электр қуатын өндіріп шығару үшін инвестиция тарту мәселесін қарастырып жатыр. Негізгі кедергі төмен инвестициялық тартымдылық болып отыр. Осы мәселені шешу үшін қоқыс өңдейтін зауыттардан өндірілетін электр энергиясына жаңғырмалы қуат көздерінің «жасыл» тарифін қолдануды ұсынамыз. Бұл шара полигондарда қоқыс көму көлемін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. «Жасыл» тарифті енгізу кезінде біз жыл сайын 1,5 млн тоннадан астам қалдықты кәдеге жарата аламыз, − деді министр.
Энергетика министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Қазақстандағы геотермалды көздердің әлеуетін бағалау бойынша жұмыс жүргізіп, геотермалды көздердің негізінде жылу энергетикасын Алматы және Түркістан облыстарында дамытуға болатынын анықтаған. Жалпы жел және күн энергиясы жобаларына әлеуетті инвесторларды тартуға көмектесетін инвестициялық зерттеулер жүргізу қажет. Осы жұмыстар бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қажетті қолдау көрсетуге дайын.
Халықаралық тәжірибе негізге алынады
Дамыған елдерде балама қуат көздерін пайдаланудың озық үлгілері анықталып, бүгінде оң нәтиже көрсетуде. Өзге мемлекеттегі озық үлгіні Қазақстан да назарға алмақ.
− Біз басқа елдердегі соңғы «жасыл» энергия аукциондарының нәтижесіне талдау жүргіздік. Мәселен, ағымдағы жылдың қазан айында Біріккен Араб Әмірліктерінде күн генерациясына бағаның жаңа рекорды қойылды – 1,69 АҚШ центі немесе 6,6 теңге. Салыстыратын болсақ, бізде күн генерациясына төменгі тариф 17 теңгені құрады. Мұндай төмен бағаны Сауд Арабиясының ACWA Power компаниясы ұсынған. Олардың 900 МВт күн қуаты үшін электр энергиясын сатуға арналған келісімшартының мерзімі 25 жыл, − деді министр. Мұндай озық үлгіге көшу үшін біздегі тариф мәселесін оңтайландыру аса маңызды міндет болмақ. Белгілі болғандай, елімізде Заңға сәйкес, электр энергиясы жоқ елді мекендердегі жеке тұтынушыларға қазақстандық қондырғының 5 кВт құнынан 50% субсидияны мемлекет береді. Сондай-ақ нетто-тұтынушы нормасы да бар.
− Әзірге бізде аталған нормаларды қолданудың жеке үлгілері ғана бар. Мысалы, Нұр-Сұлтан, Орал, Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектептерінде күн қондырғылары бар. Олар тұтынатын энергияның бір бөлігін «жасыл» энергия есебінен алады. Үй шаруашылығы мен бизнесті бөлінген генерацияны пайдалануға белсенді тарту үшін біз тиісті ұсыныстарды әзірледік. Тұрғындарды жеке қажеттіліктері үшін «жасыл» энергияны пайдалануға экономикалық ынталандыру бойынша норманы жетілдіру, артық энергияны желіге сату, яғни net-metering мәселесін шешуді қарастыру керек, − деді министр.
Тақырыпты қорытындылау барысында Премьер-Министр А.Мамин жел мен күн электр энергиясына бағаның төмендегенін, жаңғырмалы энергия көздерін кеңінен қолдану үшін олардың дамуын ынталандыратын мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеу қажеттігін назарға алды. Үкімет басшысы жаңғырмалы энергия көздері жобаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін Энергетика министрлігіне халықаралық тәжірибені ескере отырып, қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді тапсырды. Үкімет басшысы өңірлер арасында жаңғырмалы энергия көздерінің саны бойынша Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары көш бастап тұрғанын, сонымен қатар Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында бірде-бір жаңартылатын энергетика объектісі жоқ екенін атап өтті.
Жиында қаралған екінші мәселе «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысына арналды.
«Бастау Бизнес» бойынша 45,4 мың адам оқиды
Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов ел экономикасындағы жоспарлы құрылымдық қайта құрулардың еңбек нарығына және кәсіпкерліктің дамуына әсері туралы баяндаса, «Еңбек» бағдарламасын іске асыру туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі А.Сарбасов, ауылдағы шағын несиелендіру туралы, Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, кәсіпкерлік негіздерін оқыту туралы, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Э.Жұмағазиев, өңірлердегі азаматтарды жұмысқа орналастыру туралы Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов пен Маңғыстау облысының әкімі С.Тұрымов баяндады.
Белгілі болғандай, үш жылда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 1,7 млн адам қатысқан. Жыл басынан бері – 500 мың адам тіркелсе, оның 178,8 мыңы – жас, 12,6 мыңы – мүмкіндігі шектеулі жан, 15,7 мыңы аз қамтылған азамат екені анықталып отыр. Жыл басынан бері 23,7 мыңнан астам адам қысқа мерзімді оқудан өтіп, 45,4 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған. Оның ішінде 11,6 мың адамға шағын несие берілді. Бұл ретте ауылды жерлердегі кәсіпкерлердің үлесі 90 пайызды құрайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі А.Сарбасов 2025 жылға қарай Қазақстанның еңбек нарығын 3 млн-нан астам адам құрайтынын айтты.
− Халықты өнімді жұмыспен қамту экономикадағы жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуымен байланысты. Біз 2025 жылға дейінгі еңбек нарығының теңгерімін зерттедік. 2025 жылға қарай 2 млн 674 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Осы кезеңде қысқартылатын, жабылатын жұмыс орындарын ескерсек, жұмыс орындарының нақты өсімі 690 мың бірлікті құрайды. 1,2 млн-нан астам оқуын аяқтаған жас еңбек нарығына келеді деп күтілуде, − деді А.Сарбасов.
Өз кезегінде А.Мамин басты міндет нәтижелі жұмыспен қамтуды күшейту есебінен азаматтардың әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті. Үкімет басшысы өз сөзінде 2017-2019 жылдар аралығында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда жақсы нәтижелерге қол жеткізілгенін, 1,3 млн-нан адам жұмысқа орналасып, 51 мың адам жеке бизнесін ашқанын, сонымен қатар 248 мың адам біліктілігін арттырып, 53 мың жас азамат алғашқы кәсіптерін игергенін атап өтті.
Премьер-Министр осы жылдың соңына дейін еңбек нарығын 2025 жылға дейін кешенді дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді, сондай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірқатар тетіктерін жетілдіруді тапсырды.
− Қысқа мерзімді оқыту кепілді жұмысқа орналастыру негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Шағын несие беру мен грант алу кезіндегі шарттардың орындалуын нақты бақылау қажет, − деді Үкімет басшысы. Премьер-Министр жастардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлді.
− Жастардың әлеуетін дамыту мақсатында «Жас кәсіпкер», «Жас маман» жобалары іске асырылып жатыр. Жастардың жұмыспен қамтылуына ерекше назар аудара отырып, осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына нақты индикаторларды көрсете отырып, жастарды жұмыспен қамту бойынша жеке блок енгізуді тапсырамын, − деді А.Мамин.