• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Қазан, 2019

Ринат Кертаев: Мақсатымыз – отандық сапалы контент жасау

954 рет
көрсетілді

Күз келіп, жыл аяғына таяған уақыт – телевизия саласындағы жаңа маусымның, жаңа бастаманың, жаңа жобалардың басталатын кезі. Дәл осы кезеңде тың туындылардың тұсауы кесіліп, жаңа бағдарламалар мен түрлі телехикая қалың көрерменге жол тартады. Осыған орай біз «Хабар» агенттігі басқарма төрағасының бірінші орынбасары – Ринат Кертаевпен сұхбаттасқан едік.

– Ринат Думанұлы, «Хабар» агент­ті­гі жаңа маусым шымылдығын аш­ты. Дайындық қызу болған сияқ­ты?

– Рахмет. Расында, әр жаңа мау­сым кез келген телеарна үшін алға жыл­жу­ға серпін береді. Бұл біз үшін де көрер­­мен көзайымына айналу, оларды қуан­ту жолындағы үлкен мүмкіндік. Сол себепті де агенттік төрағасы Ерлан Бекхожин бастаған «Хабар» шығар­ма­шылық ұжымының дайындығы жыл­да­ғыдан жоғары. Қазан айының тура мағынасындағы қайнаған шағы осы сәт болып жатыр. Көпшілік көрерменді ауқымды жобалар, телехикаялар және фильмдермен қуантпақ ниетпен жаңа маусымның шымылдығын ашып, бас­тап кеттік.

– Жуырда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев биыл­ғы «Junior Eurovision Song Contest» (Балалар Еуровидениесі) халық­ара­лық ән байқауына Ержан Мак­сим қатысып, ел намысын қорғай­тын­ды­ғын хабарлаған болатын. Сондай-ақ министр, Қазақстанның бұл додаға екінші мәрте қатысуға мүмкіндік ал­ға­­нына «Хабар» агенттігінің елеулі еңбе­гі бар екенін атап өтті. Дайындық қалай болып жатыр? Толығырақ тоқ­та­лып өтсеңіз...

– Иә, расында «Хабар» агенттігі – 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Junior Euro­vision Song Contest» халықаралық ән бай­қауын ұйымдастыратын Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қа­уым­дас­қан мүшесі. Өткен жылдан бері атал­ған байқауға өз мемлекетіміздің атынан үміт­керімізді ұсынуға мүмкіндік алдық. Естеріңізде болса, «Балалар Еуро­видениесі - 2018» ән сайысына алғаш рет еліміздің намысын Данэлия Туле­шова қорғады. Биыл Ержан Максим бақ сынағалы отыр. Бүгінде Ержан Ресейдің атақты композиторы Игорь Крутойдың Мәскеудегі музыкалық акаде­миясында білім алуда. Жақында Алма­ты қаласында өткен баспасөз отырысында «Junior Eurovision» ән бай­қа­уына дайындығы жөнінде ой бөліскен болатын. Халықаралық өнер додасының шарты бойынша қатысушылар еш жерде жарияланбаған, ұзақтығы 3 минутқа дейінгі композицияны табиғи дауыста орындауы қажет. Ержан «Арма­ның­­нан қалма» деп аталатын әнін қазақ­стан­дық­тарға таныстырып, тұсауын кесті. Қазіргі таңда 24 қараша күні Польшаның Гливице қаласында өтетін «Junior Eurovision Song Contest» финалына ерекше назар аударып отырмыз. Ержан Нұр-Сұлтан қаласына келіп, осы жердегі ресми де­ле­­гациямен бірге Польшаға аттанады. Ол өзіне артылған жауапкершілік пен үкілеген үмітімізді түсініп жүр. Сон­дық­тан жерлесімізге сенім білдіріп, қолдау көрсеткен дұрыс.

Сонымен қатар «Хабар» агенттігі Азия-Тынық мұхиты хабар тарату ода­ғының мүшесі ретінде, бүкіл әлем­ге танымал Димаш Құдайбергенге Жапонияда өтетін халықаралық Азия-Тынық мұхиты телефестиваліне («ABU TV Song Festivals») қатысуды сеніп тапсырды. Бұл ретте біздің ұсынысымызды қолдап, ел атынан үлкен шараға қатысуға бара жатқан Димаш Құдайбергенге алғы­сы­мыз­ды білдіреміз. Жалпы, «Хабар» аген­ттігі қашанда дарынды аза­мат­та­ры­мызға қолдау білдіріп, көмек­те­сіп келеді.

– Әлемнің ең үздік жобаларының бірі «Got Talent» «Хабар» арнасының эфирі­нен жүріп жатыр. Аталған жоба тура­лы кеңірек айтып өтсеңіз?

– Рас, осы күздің басты жобаларының бірі – Central Asia’s Got Talent шоуы. Бұл – Орталық Азиядағы ең ауқымды, ең ірі өнер алаңы. Жобаға Қазақстанмен қатар қыр­ғыз, өзбек және тәжік ағайындардың өнерпаздары қатысады. Осы уақытқа дейін аталған фор­мат ли­цензия арқылы әлемнің 70 елін­де тара­ған. Сондай-ақ әлемдегі ең сәтті телевизиялық формат ретінде Гин­нес­тің рекордтар кітабына енген.

Сол себепті шоу біздің көрермен үшін де қызықты боларына сенімім мол. Бұл байқаудың басты ерекшелігі – қатысушылардың жасы мен талантына шек­теудің жоқтығы. Өнер алаңында әнші, биші, цирк, иллюзия өнерінің өкілдері және басқалар дарынын көрсе­те­ді. Оған қоса Орталық Азияға ортақ жоба болған соң шоу бізде «Хабар», Өзбек­станда «Zoʻr TV», Қырғызстанда «КТРК» және Тәжікстанда «ТВ Сафина» теле­арналарынан көрсетіледі. Яғни, жеңім­пазды осы елдердің көрермендері бірдей таниды деген сөз. Қызықтың бәрі алда деп ойлаймын. Жыл соңына дейін жар­тылай финал, финал тікелей эфирде көр­сетілетін болады. Шын мықтыны сол тіке­лей эфирде көрермендермен бірге анық­таймыз.

– Жаңа маусымда «Хабар» телеарнасынан тағы да қандай жаңа жоба­лар шығады?

– Жаңа маусымдағы жаңа бағ­дар­ла­маларға келетін болсам, «Патриот», «Жауынгер», «Олжалы отбасы», «Но­вый курс», «Прайм тайм» сынды бағ­дарламаларды көрерменге ұсын­дық. Сонымен бірге «Білім», «Art global», «Религия сегодня», «Большая не­деля» бағдарламаларын әрі қарай жалғастырамыз. Көрермен көзайымына айналған «Қарақатпен шай», «Қызық times», «Тарих.Тұлға.Тағдыр» жобалары да эфир ажарын аша түспек.

Тың тақырыптар мен әлеуметтік мәселелерді жан-жақты зерттейтін, сан-сауалдарға жауап іздейтін, халықтың мүддесіне қызмет ететін – «Біздің назарда», оның орыс тіліндегі нұсқасы – «Народный контроль» өз жұмысын жалғастырады. Қоғамның өзекті мәсе­ле­лерін талқылайтын «Qoǵamdyq talqylaý» ток-шоуы әр сейсенбі сайын тіке­лей эфирде халыққа ұсынылып отыр. Интерак­тивті алаң ретіндегі бұл жобаны – белгілі саясаттанушы, журналист, жүргізуші – Саят Жөкен мен агентті­гі­міздің тележүргізушісі, журналист – Жансая Қожахметова тізгіндеуде. «Большая неделя», «Давайте говорить» жоба­лары да тікелей эфирде шығып жатыр. Бір ерекшелік сол – қоғамдық, саяси, дискуссиялық форматтағы бағ­дар­ламаларды live форматында көптеп шы­ғарып жатырмыз.

Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назар­ба­ев президенттік өкілеттігін уақы­ты­нан бұрын тоқтатқаннан кейінгі өзінің алғашқы сұхбатын «Хабар» агенттігіне қазан айында бергенін айтқым келеді. Жалпы, қоғам­дағы өзекті деген мәселелерді, актуалды тақырыптарды оперативті түрде таратып, конструктивті сын негізінде зерттеп, соны шешуге ұмтылып жатыр­мыз. Бұл – бағдарламалардағы да, жаңа­лықтардағы да басты тренд деуге болады.

– Бүгінде отандық теле­хикая­лар­дың, отандық кинофильм өнімдерінің саны артып келеді. Бұл көңілге қуа­ныш ұялатады. Ал осы отандық кино­өнім­дерге қызығушылық танытатын көрермендердің сұранысы қандай?

– Бүгінде көрерменнің талғамы мен талабы жоғары. Қазақтілді ауди­то­­рия­ның сұранысы артпаса, кеміген емес. Осы тұр­ғы­дан, Ақпарат және қоғамдық даму минис­трлігінің қолдауымен түсіріліп жат­қан «Хабар» агенттігінің фильмдері қашанда көрерменнің оң бағасын алып келеді. Биылғы жаңа маусымды «Бал­та­көлде бақытым», «Қарлығаш ұя сал­ған­да 2» телехикаяларымен бастадық. Қыр­күйектің екінші жартысынан бері қарай «Мәдениет үйі» мен «Рауза» теле­­хикаялары, «Көкжал» драмасы кө­рер­­менге жол тартты. Әрі қарай, қа­ра­­ша айында «Армандастар» коме­дия­сы, «Кебенек» драмасы мен «Дала қырандары» көрермен назарына ұсыны­ла­ды. «Бекзат», «Қаламгер» сынды бірқатар жаңа көркем фильмдердің тұсауы кесілді. Барлық кинотуындыларымызда қаланың, ауылдың өмірін, тыныс-тіршілігін көрерменге көрсетуді басты мақсат етіп келеміз. Тіпті бұл телехикаяларымызды шетелдік телеарналарда көптеп сатып алуда. «Хабар» агенттігі түсірген «Ана жүрегі», «Аға», «Өгей жүрек» сынды сериалдарымызды көршілес өзбек елінің телеарналары сатып алып, өз тілдерінде дубляж жасап, көрсетіп жатыр. Сонымен бірге олар Youtube желісінде де көп қаралып, үлкен ықыласқа ие болып жатқаны жасырын емес. 

Жуырда ғана «Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсірілген «Алтыншы бекет» («Шестой пост») атты телехикая 80-ге жуық картинаның ішінен Мол­довадағы тоғызыншы «ТЭФИ-Дос­тас­тық» халықаралық телевизиялық фес­ти­ва­лінің жеңімпазы атанды. Фильм 2010 жылы қатаң режімдегі түзету колониясынан қашқан сотталушылар туралы шынайы оқиға желісімен түсірілген бола­тын.

«Хабар» агенттігінің туынды­ла­ры жуырда өткен MIPCOM халық­ара­лық аудиовизуалды нарығына шы­ға­­­рылды. Көрме жыл сайын Канн қа­ла­­­сында өтеді. Онда дүние жүзінің эфир­­­лік, кабельдік, цифрлы және жер­се­ріктік телевизия және радиохабар тарату саласындағы фильмдер мен бағ­дарламалар өндірушілері бас қо­са­ды. Канн фестивалі аясындағы көрмеге қатысудағы мақсатымыз – отан­дық көрермендерге қызықты болатын өнім­ді табу. Сонымен қатар агенттік өндір­ген туындыларды әлемдік нарыққа шығару. Онда бірнеше телекомпаниямен келіссөздер жүргізілді. Шетелдік өнім­дер­ді тарату жөнінде ұсыныстар алдық.

– Көркем фильм деп қалдыңыз, бұл туындыны кинотеатрлардан көреміз бе?

– Иә, жоғарыда айтып өткенімдей, өткен жылдан бастап «Хабар» агент­ті­гі өз фильмдерін үлкен экрандарға шы­ғаруды қолға алды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғы­ру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағ­дар­ламалары аясында біраз дүниелер атқарылып жатыр. Оған дәлел – қыркүйек айында жарыққа шыққан кеңес дәуіріндегі партия идео­ло­гиясының қытымыр қысымында қал­­ған қазақ қаламгерлерінің өмірі ту­ралы «Қаламгер» тарихи драмасы, қазан айының басында еліміздің ки­но­театр­ларынан көрсетілген – Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттағы жетістігі туралы «Бекзат» фильмі. «Қаламгер» тарихи драмасының да, «Бекзат» биографиялық кинотуындысының да сериалдық нұс­қа­сы тәуелсіздік мерекесі қарсаңында эфирге шығады деп жоспарлануда. «Хабар» агенттігі байопик жанрында сериалдар түсіру дәстүріне қашанда берік, сол дәстүрді жалғастырып жат­қанымыздың бір белгісі ретінде Мұхаммед Хайдар Дулатиға арналған «Дулати» телехикаясы тәуелсіздік мей­рамы күнінде көрермен назарына ұсыны­лады деп отырмыз. Тарихын ұмытпаған, ұлыларын ұлықтаған елдің келешегі кемел, бірлігі мығым болатыны сөзсіз ғой. Ал біз осы туындыларымыз арқылы бүгінгі ұрпаққа ел ерлерінің есімін тағы бір мәрте ұлықтағымыз келді.

– Агенттікте тағы қандай жаңа­лық­тар болып жатыр?

– «Хабар» арнасындағы жаңа­лық­тардың форматын да өзгертіп жа­тырмыз. Жаңалықтардың тақы­рып­тары, оларды беру формасы өзгерді. Қо­ғамдағы маңызды, өзекті, өткір әлеу­меттік мәселелер енді жиі көте­рі­леді. Мемлекеттік мекемелердің, шенеу­ніктердің, құзырлы органдардың қате­ліктерін, жұмысындағы кем­ші­лік­терді ашық көрсетеміз, зерттеу жүр­гізіп, кон­с­трук­тивті негізде ел аузын­да­ғы мәселе­лердің мән-жайын анықтап, кінә­лі тарапты ашық айтамыз, қоғамдық тәртіпке шақырамыз. Әлеуметтік проб­ле­маларды шешуге тырысамыз. Бұл – жаңалықтардың басты тренді. «Хабар» мен «Хабар 24» арналарының жаңа­лық­та­рында сараптамаға басымдық беріліп, тікелей эфирлер көбейіп жатыр. Бір мате­риалға тек біржақты пікір бермей, бір­неше сарапшының түрлі пікірінің айтылуын қадағалаудамыз.

Агенттікке қарасты телеарналарда спорт­­т­ық жаңалықтарға да жіті назар ауда­рылу­да.

– «Хабар» агенттігі құрамына төрт телеарна кіретін үлкен медиа компания. Өзге үш арнада нендей өзгерістер бар?

– Дұрыс айтасыз. Агенттікке қарайтын «Хабар 24» телеарнасы тәулігіне 24 сағат ақпарат тарататын Қазақстандағы алғашқы телеарна. Сағат сайын халықты соңғы жаңалықтармен құлағдар етіп отырады. Жаңа маусымнан бастап «Хабар 24» арнасы тікелей эфирде хабар таратудың уақытын көбейтуде. Ауқымды шаралардың үстінен, оқиға орындарынан тікелей эфирде ақпарат жеткіземіз. «Хабар 24» бірден-бір ақпараттық арна болғандықтан, мемлекеттік, қоғамдық маңызы бар оқиғаларды негізге ала отырып, аналитикалық бағдарламалардың, live форматындағы жобалардың, журна­лис­тік зерттеулердің, тікелей эфирлердің саны артуда. 

«Kazakh TV» – HotBird 13B, Galaxy 19 и AsiaSat 5 жерсеріктерінің байланысы арқылы 4 құрлықтағы 118 мемлекетті эфирімен қамтып отырған еліміздегі тұңғыш ұлттық жерсеріктік телеарна. Телеарнада шығып жатқан дүниелер 100% отандық өнім. Қазір 300 миллион көрерменге дәстүр, тарих және елдің туристік және инвестициялық әлеуеті секілді сан саланы қамтитын түрлі бағдарламаларын ұсынып келеді. Жаңа маусымда арнаның қоржыны «Qazaq live» бағдарламалар топтамасымен толықтырылды. «Qazaq live» циклы аясында эфирге жол тартқан жобаларға тоқталатын болсам: көшпелі өркениет тарихы мен Еуразия елдерінің өзара қарым-қатынастары жайлы «Keń dala» жобасы, қазақ әдебиеті туралы, қазақ әдебиетінің қарымы мол қаламгерлері мен олардың шығармалары туралы «Book club» бағдарламасы, Қазақстанның айтулы күндері туралы «Important dates in Kazakhstan» жобалары. Сонымен қатар көшпелі өркениет кезеңінде жасалынған музыкалық аспаптар туралы «Folk art», Тамара Асар тізгіндейтін ұлттық дәстүріміз туралы – «Дәстүр», Айнұр Тұрсынбаева жүргізетін түркі халықтарының ас мәзіріне арналған – «Тағам» көрерменге жол тартты және «Kazakh TV» телеарнасының ұлттық ойындарға қанық ең ауқымды жобасы – «The nomads» реалити-шоуының жаңа маусымда көрерменге жол тартқанын атап өткім келеді.

Агенттікке қарасты, еліміздің кино және театр өнеріне арналған – «El Аrna» теле­арнасына тоқталып өтсем, арнаның кино қоржыны Түркі әлемі елдері мен Орталық Азия мемлекеттерінің «Алтын қорында» сақталған ленталармен толықты. «El Аrna» арна­сының биылғы басты жаңалығы – елі­міздің жетекші театрларының спектакль­дерін көрсете бастауы. Осы орайда заманауи қойылымдардан бөлек, өткен жылдарда түсірілген телеспек­такль­дерді де тамашалауға болады. Бұл да көрерменмен қауышудың бірден-бір құралы деп білеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Мирас АСАН,

«Egemen Qazaqstan»