Мемлекет басшысы халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовті қабылдап, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының «Алтын жұлдыз» айрықша ерекшелік белгісін табыстады.
Қазақстан Президенті көрнекті жазушының ұлттық әдебиетіміздің әлемдік деңгейге көтерілуіне қосқан елеулі үлесіне тоқталып, қазақ әдебиетінің абызын 95 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздегі жоғары наградамен марапаттағанын атап өтті.
– Сіз халқымызға керексіз. Сондықтан сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс, бақ-береке тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әбдіжәміл Нұрпейісов Мемлекет басшысына алғыс айтып, Тәуелсіз Қазақстанды өркендету жолындағы жұмысына табыс тіледі.