Еліміздің алдағы стратегиялық мақсат-міндеттерін жан-жақты тұжырымдап берген Жолдаудың ерекше тұстары маған үлкен ой салды. Оның ішінен шағын ауылдарды дамытуға қатысты өте күрделі проблемалардың күн тәртібіне өткір, ашық қойылуын бөле-жара айтар едім. Осыған орай әзірленген өңірлік стандарттарға үш мыңнан астам негізгі және қанаттас ауылдық елді мекендердің енгізілгені, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңгенің бөлінгені қуантады. Бұл қаражатқа көлік, ауыз су, газбен қамтамасыз ету секілді бірінші кезектегі инфрақұрылымдық мәселелер шешіліп, тұрмыстық, мәдени, спорттық нысандар бой көтеретін болады.
«Әркімге туған жері – Мысыр шәрі» деп текке айтылмаса керек. Ширек ғасырдан астам уақыт облыс орталығында тұрсам да туған ауылға деген перзенттік ыстық сағынышым бір басылған емес. Жетсем болды, қаланың күйбең тіршілігінен, еңсені езген ауыртпалығынан арылып, жан-дүнием жеңілденіп, өзгеше күйге түсемін. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары көктемге салым келгенімде түтін санының 35-ке дейін кеміп, тұрғындардың көшіп жатқанын көріп, көңілім құлазып сала берген. Көшелі қариялар, құлын-тайдай тебісіп өскен дос-жарандар «заман бұлай кері кете берсе, ата-баба жұртын сипап, елдіктен айырыларымыз кәдік. Тығырықтан, қиындықтан алып шығу қолыңнан келеді. Біз саған сенеміз, ауыл болып көмектесеміз» деп қолқа салған. Көнбеске лаж қалдырмаған. Содан бері кіндігім кесілген атамекенімнен жырақ кеткен емеспін. «Ленин» кеңшарына қарасты Дайындық бөлімшесінің дүние-мүлкі пышақ үсті үлестіріліп, 11 миллион теңге қарызды іліп қойған екен. Ақыры жауапкершілікті алған екенмін, қол қусырып қарап отыруға болмайтынын сезіндім. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» деген. Тез арада «Дайындық-Агро» шаруа қожалығын құрып, жүйелі түрде атқарылған ауқымды ұйымдастыру шаралары арқылы егістік жер көлемі бүгінде 20 мың гектарға дейін ұлғайып, гектар басы 25-30 центерден өнім алу қалыпты дәстүрге айналды. Егіншіліктен бөлек мал шаруашылығына да басымдық беріп отырмыз. Табын-табын етті, сүтті асыл тұқымды ірі қара малы өсіріледі. Мал бордақылау алаңы, 1200 сауын сиырға лайықталған сүт фермасы іске қосылды. Қазір ауылда 60-тан астам үй бар. Бәріне де су тартылған, орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Қоғамдық монша, фельдшерлік-акушерлік пункт, мәдениет үйі, кітапхана, мешіт, спорт, балалардың ойын алаңдары жұмыс істейді. Ауылдастарым жұмыссыздықтың не екенін білмейді. Жылына әлеуметтік салаларға 200 миллион теңгеге жуық қаражат бағытталады. Бұл – мақтангерлік үшін емес, сөз арасында келтірілген мысалдар.
Енді газет оқырмандарымен бөліспек негізгі ойыма ойысайын. Ауыл – қазақтың өсіп-өнген ортасы, тіліміздің, діліміздің, салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыздың, ұлттық мәдени құндылықтарымыздың суалмас қайнар көзі, кәусар бұлағы екені талассыз шындық. Өкінішке қарай, ауыл гүлденсе, еліміздің де гүлденетінін ұмытып бара жатқан секілдіміз. Соңғы жылдары тіпті естен шығарып алған сияқтымыз. Басқаларды қайдам, өз басыма республикалық ведомстволардың ауылдарды даму әлеуетіне қарай бірнеше жікке топтастыруы түсініксіз. Мүмкін шартты атау керек болған шығар. Бірақ үшінші және төртінші топтағы ауылдарға қаржы қарастырылмайды деуі еш ақылға сыймайды. Еліміздегі барлық ауылдық қоныстардың 10 пайыздан астамы (780-дей ауыл) әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан өте төмен деңгейде. Облыста соңғы бес жылда 48 ауыл жойылыпты. 100-ден астам елді мекен «болашағы жоқ» деген тізімге енгізіліп қойылыпты. Оларды санаттан мүлдем сызып тастамай, шама келсе, жағдайын оңалтудың жолдарын қарастырған абзал. Қалай десек те, адамдар тіршілік жасап, мал-құс өсіріп жатқан жоқ па? Жолдарды жеңіл-желпі түзеу, аршу, бір мезгіл азық-түлік тағамдары мен сәлем-сауқаттарды жеткізу, дәрігерлік, мәдени шаралар ұйымдастыру соншалықты қиын ба? Алтынбек Сапаров бауырымыз тараудың аз-ақ алдында тұрған Ноғайбай ауылына тіршілік қанын жүгіртті. Әр үйге жылу, су тартып, мал, астық өсіріп, ауылдастарына жұмыс тауып берді. Бар-жоғы 35 үй ғана! Енді осы елді мекен қай топқа жатқызылуы тиіс? Меніңше, даму әлеуетін үйлердің санына қарай жіктеу көзқарасынан арылмай болмайды. Әлемдік тәжірибеде бұлай емес. Түтін саны 100-ден асса да, көш соңында жүрген ауылдар кездеседі. Сондықтан да бұл арада әр ауылдың алыс-жақын орналасу ерекшелігі, табиғи мүмкіндігі, экономикалық әлеуеті секілді көрсеткіштер алдымен ескерілуі тиіс.
Былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің лауазымды шенеуніктерінің қатысуымен өткен аймақтық жиында «болашағы жоқ» ауылдарды қаржыландыру экономикалық жағынан тиімсіздігі айтылып, олардың тұрғындарын өмір сүруге қолайлы басқа жақтарға көшіру жайын талқылаумен ғана шектелді. Оның бір ұшығы Үкіметтің тұрғын саны 50-ден аспайтын елді мекендерді жабу туралы қаулысына келіп тірелетін секілді. Сондықтан осы құжатты тағы бір ой елегінен өткізіп, екшеп алған дұрыс. Болмаса ауылдарды даму жағдайына сәйкес топтастыру құқығын жергілікті билік органдарына берген абзал. Сонда тұрғындар саны неғұрлым көп болса, соғұрлым жұмыс орны көбейеді, кәсіпкерлік өркендейді деген біржақты түсініктен арылар едік. Өмірдегі жағдай дәл осылай бола бермейтінін жоғарыда сөз еттік.
Менің ұғымымда ауылдардың үлкен-кішісі болмайды. Бәрі бірдей, тең. Жолдауда күн тәртібіне шағын елді мекендерді дамытуға қатысты күрмеуі көп мәселелердің шығарылуы біраз жайтты аңғартып тұр. Онда келтірілген «қанаттас ауылдық елді мекендер» деген сөз тіркесі шағын ауылдардың синониміндей сезіледі. Олай болса, болашағы жоқ, бәрібір жойылады деген асығыс-үсігістікке жол бергеннен гөрі өңірлік даму бағдарламасына енгізіп, сақтап қалуға ұмтылғанымыз жөн. Өйткені даму динамикасы, өмір сүру сапасы жағынан көш ілгері жүрген шағын елді мекендер аз ұшыраспайды.
Біржан ШАЙМЕРДЕНОВ,
«Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, облыстық кәсіпкерлер одағының төрағасы, «Дайындық» ЖШС-нің директоры
Солтүстік Қазақстан облысы,
Аққайың ауданы