Finprom.kz сарапшыларының деректеріне қарағанда әрбір қазақстандық күніне жарты килоға жуық қоқыс қалдырады екен. Сөйтіп әр отандасымыз бір жылда 167 килодан астам қалдық тастайды. Бұл жағдай отандастарымыз қалдықты көшеге лақтырады дегенді білдірмейді, тек күнделікті тұрмыста қолданатын заттар мен азық-түлік қалдықтарының қоқысқа тасталатын мөлшері осындай.
Сарапшылар еліміздегі ресми түрде қоқыс төгілетін алаңдарда 47 млн тоннадай қалдық жатқанын айтады. «KazWaste қалдықтарды басқару қауымдастығының» деректеріне сүйенсек, біз айтқан 47 млн тонна қоқыс жылдың басындағы есеп бойынша анықталыпты. Дәлірек айтқанда биылғы жылдың басында еліміздегі қоқыс полигондарында 46,7 млн тонна қоқыс болған. Егер салыстырар болсақ, еліміз биыл 19,1 млн тонна астық жинаған еді. Демек біздегі қоқыс көлемі биылғы астығымыздан 2,4 есе көп.
Бірақ бұл есепке тек ресми қоқыс полигондарындағы қалдықтар ғана кіріп отыр. Ал қоқысты заңсыз төгетіндер мен көзден тасада қалған қоқыс алаңдарындағы қалдықтың нақты есебі жоқ. Мамандар жыл сайын Қазақстанда шамамен 6 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналатынын айтады. Оның тек 11 пайыздан астамы ғана қайта өңдеуден өтеді екен. Яғни біз қоқыс өңдеу мәселесінде тым табысты емеспіз деген сөз. Ал «жасыл экономикаға» көшуді мақсат еткен еліміз қоқысты қайта өңдеудің үлесін 2030 жылы 40 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға жеткізуді көздеген еді. Алайда 2030 жылға дейін небары 10 жыл ғана қалғанын ескерсек, аталған 40 пайызға қол жеткізу оңай шаруа болмайтын түрі бар. Өйткені елімізде қоқысты қайта өңдеу ісі тым баяу дамып келеді. Мәселен, 2017 жылы елімізде қоқыстың 9 пайызы қайта өңдеуден өтсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 11,51 пайызға жеткен. Алайда былтыр қоқысты қайта өңдеуде 2017 жылғы көрсеткішке жете алмадық. 2017 жылы қоқысты қайта өңдеу бірден 6,4 пайызға өсіп, 2016 жылғы 2,6 пайыздық деңгейден 9 пайыздық көрсеткішке қол жеткен болатын. Әрине қоқыс өңдеу ісінде алға жылжу болғанымен, көрсеткіштер бірде артып, бірде кеміп отырған жайы бар. Сондықтан алдағы он жылда тұрмыстық қатты қалдықтардың 40 пайызын өңдеуге қол жеткізу оңай-оспақ шаруа болмайын деп тұр. Мақсатқа қол жеткізу үшін қоқысты қайта өңдеу көрсеткішін жыл сайын 2,9 пайызға арттырып отыруға тиіспіз. Онсыз 2030 жылы өзіміз межелеген 40 пайызға жетуіміз неғайбыл. Оның үстіне еліміз аумағындағы қоқыстың нақты үлесіне қатысты кереғар деректер бар. Сөз басында айтқан KazWaste қауымдастығы 47 млн тонна қоқыс жатқанын алға тартса, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының тапсырысы бойынша арнайы зерттеу жүргізген «DAMU RG зерттеу тобы» ЖШС-ның 2018 жылғы есебінде еліміздегі қоқыс көлемі 100 млн тоннаға жақын деп көрсетілген. Сарапшылар 2015 жылы Энергетика министрлігінің қалдықтарды басқару департаментінің директоры қызметін атқарған Бейбіт Шахановтың сөзін уәж ретінде алға тартады. Осыдан төрт жыл бұрын аталған департаментті басқарған атқамінер масс-медиаға жасаған мәлімдемесінде «Қазіргі таңда Қазақстанда жиналып қалған тұрмыстық қатты қалдықтардың жалпы көлемі шамамен 100 млн тоннаға жақындайды. Сөйте тұра біз жыл сайын 5-6 млн тонна қоқыс тастаймыз. 2025 жылға қарай бұл мөлшер жылына 8 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін» деген болатын. Әрине «төрт жылдың ішінде біраз дүние өзгерген шығар» деп деректердегі қайшылықты жақсылыққа балауға болады. Бірақ қоқыс өңдеуді тек 2018 жылы ғана он пайыздан асырғанымызды ескерсек, еліміздегі қоқыстың нақты көлемін анықтау қиын екеніне көз жеткіземіз. Шенеунік айтқан 100 млн мен KazWaste алға тартқан 47 млн тоннаның арасында бақандай 53 млн тонналық айырмашылық бар. Демек не атқамінер қателесті, не KazWaste-тің деректері өтірік. Екінің – бірі.
Дегенмен қалай болғанда да қазақ жерінде шашылып жатқан қоқыс аз емес екені анық. Оған бір ғана #Birge #TazaQazaqstan акциясы кезінде 40 мың тонна қоқыс жиналғанының өзі нақты дәлел болады. Бұл қоқыстың арнайы полигондардан емес, даладан, өзен-көлдің жағалауы мен айдындарынан жиналғанын назарда ұстайтын болсақ, қоқыс көлемі Бейбіт Шаханов айтқан 100 млн тоннаға жақындап қалады-ау деген күдік пайда болады. Оның үстіне KazWaste ресми тіркелген полигондардағы қоқыс көлемін көрсетті. Заңсыз қоқыс алаңдарына қатысты дерек жоқ. Ал бізде азаматтар заңсыз қоқыс төгіп жүрген алаңдар баршылық. Мысалы, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысында биыл заңсыз қоқыс төгіліп келген 884 алаң анықталыпты. Жер көлемі шағын облыстың өзінде жағдай осындай болғанда, ірі аймақтар мен өндіріс орындары мол өңірлердегі жағдайды болжай беруге болады. Әрі әрбір қазақстандық жылына орта есеппен 167 килодан артық қоқыс тастайтыны белгілі болғанымен, кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 400 килоға дейін жететін кездері болады.
Қоқыс демекші, біз тілге тиек етіп отырған мәселенің ішінде қалдықтардың түрлі санаттарға бөлінетіндігі тағы бар. Энергетика министрлігі былтыр полигондарға 4,3 млн тонна қоқыс тасталғанын анықтаған. Әрине бұл жерде де KazWaste алға тартқан 6 млн тонна мен министрлік деректерінде қайшылық бар. Бірақ, бізге белгілісі – былтыр жалпы қоқыстың 2,8 млн тоннасын коммуналдық қалдық құраған. Бұл дегеніңіз, елімізде арнайы маманданған 601 мекеме жинап, тасып әкететін күнделікті қоқыс. Осыншама қоқыстың 69,3 пайызы полигондарға төгіліп, жинақталса, 18,2 пайызы сұрыптаудан өтіп, қайта өңдеуге жіберілген. 12,5 пайызы жойылыпты. Осы тұста коммуналдық қалдықты өңдеуде азды-көпті жетістігіміз бар екенін айтпай кетуге болмайды. Өйткені статистика қоқыс өңдеуде алға басқанымызды көрсетіп тұр. Мәселен 2007 жылы полигондарға 3,35 млн тонна коммуналдық қоқыс тасталса, оның небәрі 0,7 пайызы ғана өңделген. Арадан он жыл өткен соң, 2017 жылы коммуналдық қалдық көлемі 2,98 млн тоннаны құрап, өңделген қоқыс көлемі 14,8 пайызға жетті. Бұл дегеніңіз коммуналдық қалдықты өңдеу 21 есе өскенін білдіреді. Бірақ жалпы қоқысты өңдеу 2017 жылы 9 пайыз ғана еді.
Негізі қоқысты өңдеп, одан пайдалы зат жасап шығару ісі әлемде тәуір жолға қойылған. Қазақстан да бұл бағытта шама-шарқынша әрекет жасап келе жатыр. Қоқысты сұрыптауға да айрықша көңіл бөлгенбіз. Мәселен, 2016 жылдан бері полигондарда құрамында қорғасыны бар шамдар мен аспаптарды, металл сынықтарын, пайдаланылған май мен өзге сұйықтықтарды, батареяларды, электронды қалдықтарды көмуге тыйым салынды. Биылғы қаңтардан бастап пластмассаны, макулатура, картон мен қағаз қалдығын, әйнекті көмуге рұқсат берілмейтін болды. 2021 жылдан бастап қоқыс полигондарына азық-түлік және құрылыс қалдығын көмуге болмайды. Заңда солай көрсетілген. Бірақ азаматтардың күнделікті тұрмыста қалдықтарды сұрыптап, арнайы контейнерлерге бөліп төгу дағдысы әлі қалыптаспай жатыр. Ал мемлекет осынау дағдыны қалыптастыру үшін тек 2016-2017 жылдары құрамында қорғасыны бар шамдар мен батареяларға арналған 2321 контейнер, тұрмыстық қатты қалдықты сұрыптап жинауға арналған 8905 контейнер, электр және электронды жабдықтарға арналған 289 контейнер сатып алып, бұқараның пайдалануына ұсынған-ды. Тек өзіміз қоқысты мидай араластырып, бір ғана жәшікке лақтыра салу әдетімізден арылған жоқпыз.