• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 01 Қараша, 2019

Әлеуетті әуежаймен әріптестік

260 рет
көрсетілді

Мәскеу. Домодедово әуежайы. Ақ ұлпадай қалықтап жұмсақ қонған алып самұрықты әуе тасымалы саласында қалыптасқан дәстүр бойынша қос қапталдан шашқан «сулы доғамен» қарсы алды. Салтанатты сәтті қалың стопер қалт жібермей, жан-жақтан таспаға тартып жатыр. Бұл – жолаушылар үшін өте жайлы Airbus A321LR ұшағы. Қазақстанның ең ірі әуе тасымалдаушысы «Эйр Астана» компаниясы аталған алып ұшақпен Домодедово әуежайына алғашқы жолаушыларын жеткізді.

Біз де осы аптада, яғни 27 қазанда «Эйр Астана» компаниясының Қазақ­станның астанасынан Домодедово әуежайына алғашқы рейсін орындауына арналған салтанатты тұсау­кесердің ортасынан табылған едік. Нұр-Сұлтаннан келген жолаушы­ларды Домодедово әуежайы қазақ­тың әсем безендірілген киіз үйімен, оның алдында тұрған батыр тұлғалы баһадүрлерімен және ару қыздармен ұлттық күйлерімізді орындап үлкен қошеметпен қарсы алды. Осыдан-ақ екі ел арасындағы достық рәуіш­тегі берік байланысты, туристік бағдар­лардың тиімділігін арттыра түсуге деген ықыласты байқайсыз.

«Эйр Астана» президенті Питер Фостердің айтуынша, Домодедово әуежайы – Ресей астанасындағы үз­дік инфрақұрылымға ие әрі көлік қатынасына өте қолайлы тамаша тер­миналдардың бірі. Таңдаудың Домодедовоға түсуі де бекер емес. Бұл «Эйр Астана» үшін стратегиялық қадам болып отыр. Өйткені өзіміз де байқағандай, Домодедово әуежайын жайлаған жасыл жапырақ түсті ұшақтар ресейлік S7 әуе компаниясына тиесілі. Олар осы әуежаймен кодшерингтік келісімге қол қойған. Ал ресейлік компаниямен қазақстандық тасымалдаушы өзара әріптес. Бұл да әуе компанияларының жолаушылары үшін тиімді болмақ. Өйткені «Эйр Астананың» 60-тан астам бағыттарын және S7-нің 200-ден астам ішкі және халықаралық бағыттарын қам­ти­тын аралас бағыттағы желі бойын­ша саяхаттауға тың мүмкіндік ту­ды. Негізінен, ресейлік жолаушылар қолайлы тоғысулар арқылы Оң­­түс­­тік-Шығыс Азияның танымал ку­рорт­­тары мен қалаларына де­йін жете алады. Сондай-ақ әуе көлі­гін пай­­да­­лану­шыларға Нұр-Сұл­тан мен Ал­маты қалаларында «Стоповер» бағ­дар­ламасын пайдалана отырып, сапар­ларын Қазақстанда жалғастыруға жол ашылып отыр. Былтыр Ресей бағыттарында «Эйр Астана» 590 мыңнан астам жолаушыны тасымалдады, олардың басым бөлігі екі елдің астанасы арасында саяхаттаса, «Стоповер» бағдарламасын 17 мыңнан астам адам пайдаланған екен.

Айта кетелік, осы орайда, яғни 2019 жылдың 27 қазанынан 31 жел­тоқ­санына дейін Мәскеуге саяхаттаушы алғашқы жолаушыларға «Эйр Астана» әуе компаниясы әуе­жай­дан Мәскеудің орталығындағы Павелецкий вокзалына дейін аэроэкс­престе тегін жол жүруді ұсына­ды. Аталған ұшқыр пойыз көлік кеп­те­лісінен арылмайтын Мәскеуде әуе­ж­айға түскен жолаушыларды жар­ты сағаттан астам уақытта қала орта­лығына жеткізуімен ерекшеленеді.

«Эйр Астана» Қазақстанның бас­ты қалаларынан Мәскеуге ұшу­лар­ды 2002 жылдың қыркүйегінде бастағаны белгілі. Қазіргі уақытта «Нұр-Сұлтан – Мәскеу – Нұр-Сұлтан» бағытында апта сайын 11 рейс және «Алматы – Мәскеу – Алматы» бағы­тын­да апта сайын 14 рейсті орындайды.

– Біздің рейстерді ауыстыру туралы шешіміміздің негізгі себебі, S7 компаниясымен кодшерин­г­­тік келісімге қол жеткізуіміз болды. Бұл ком­пания әлемде көптеген код­шеринг­тік келісімдерге қол қойған. Біз үшін Ресей Федерациясы Қазақстан нарығынан кейінгі маңызды стра­тегиялық нарық болғандықтан, бұл шешімнің компаниямыздың дамуы жолындағы маңызы зор, – деді Питер Фостер.

Компания жетекшісінің айтуын­ша, бұл қадам туралы жоспар алғаш 2008 жылы ойластырылса, оны 11 жылдан кейін ғана жүзеге асырудың мүмкіндігі туып отыр. Қазіргі кезде қазақстандық әуе тасымалдау­шы қызмет көрсету және операция­ларды орындау бойынша да озық көрсет­кіштерге ие. Сондықтан серіктестер де көбейіп келеді.

Домодедово әуежайының директоры Игорь Борисов Орталық Азияның барлық елдері Мәскеуге ұшу сапарларын осы әуежай арқылы орындап келе жатқанын жеткізді. Оның негізгі себебін барлық мәскеулік әуе­жайлардың ішіндегі ең қысқа бағ­дардың осында болуына байланысты деп түсіндірген ол ұшақтан түскен жолаушыларды әуежай жаңартылған инфрақұрылымға ие терминалымен қарсы алатынын, сонымен бірге көлік қолжетімділігі арта түскенін, көпқабатты көлік тұрағы ашылғанын, жабық кешеннен тұратын тұрақтың терминалға қосылғанын атап өтті.

Осы арада айта кетелік, жаңғыр­тыл­ған әуежай вокзалында Кеден­дік одақ елдерінің азаматтарына ар­нал­ған жеке құжат тексеру арнасы бақылау процесін тездете түседі. Соны­мен бірге жаңа терминалдың бір шатыр астында орналасуы халық­аралық және ішкі рейстерде жолау­шылардың әуежайдан шықпай-ақ ауысып отыруы­на қолайлылығымен ерекшеленеді. Ресей астанасының оң­түс­тігінде ор­наласқан терминал былтыр 29 мил­лионнан астам адам­ға қызмет көр­сеткен екен. Сондай-ақ Домодедово әлем­нің 202 бағытында ұша­тын 50 әуе­­тасы­малдаушы мүше болып енген OneWorld және Star Alliance сияқты жаһандық альянстардың мүшесі.