Будапеште әйелдер арасында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы (U-23) әлем біріншілігінде қазақтың қос қызы бүгін қола медаль үшін таласады.
Бұған дейін біз жартылай финалда кубалық Марин Портельеге есе жіберген 74 кило салмақтағы Жамиля Бақбергенованың үшінші орын үшін белдесетіні жайында жазған едік. Іле-шала Мажарстаннан тағы бір қуанышты хабар жетті. 57 кило салмақтағы Алтынай Сатылған жұбаныш бәсекесінде моңғолиялық Хонгорзул Болдсайханды аса шиеленісті сайыста 3:2 есебімен ұтты. Енді ол қола жүлде үшін таласады. Оның қарсыласы – канадалық Ханна Тэйлор.
Ал әйелдер күресінен өткен жарыстың алғашқы күні мына спортшылар жеңіс тұғырына көтерілді:
50 кило: 1. Кика Кагата (Жапония), 2. Зики Фенг (Қытай). 3. Надежда Соколова (Ресей) мен Джейд Мари Дюфур (Канада). 55 кило: 1. Ланнуан Люо (Қытай), 2. Саки Игараши (Жапония), 3. Андреа Беатрис Ана (Румыния) мен Марина Седнева (Қазақстан). 59 кило: 1. Юмека Танабе (Жапония). 2. Анастасия Ничита (Молдова). 3. Тианна Грейс Кеннет (Канада) пен Ангелина Лысяк (Украина). 68 кило: 1. Масако Фуруичи (Жапония). 2. Майси Эллен Килти (АҚШ). 3. Наталия Ивона Стрзалка (Польша) мен Ийнгинг Ванг (Қытай). 76 кило: 1. Палиха Палиха (Қытай). 2. Юка Кагами (Жапония). 3. Уи Чанг (Тайпей) мен Айпері Медетқызы (Қырғызстан).
Бүгін әйелдер күресінен тағы бес салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Сонымен қатар, грек-рим күресі шеберлері өз бәсекелерін бастайды.