Бұл күндері Беларусьтің Гродно қаласында ауыр атлетикадан Alexander Cup халықаралық турнирі өтіп жатыр. Жарыстың екінші күнінде қыздар арасында сынға түскен қазақстандық Екатерина Быкова жеңімпаз атанды.
Жарыс жолына 71 кило салмақта шыққан отандасымыз қос сайыс нәтижесі бойынша 210 кило зілтемірді өзіне бағындырып, халықаралық турнирдің бас жүлдесін жеңіп алды. Ал күміс жүлдені польшалық Иоланта Вьор (195 кг) олжаласа, қола медаль израильдік Марина Оманға (175 кг) бұйырды. Турнирдің бірінші күнінде 55 килодағы тағы бір жерлесіміз Зүлфия Чиншанло қола жүлде жеңіп алған болатын.
Алдағы уақытта отандастарымыздан жарыс жолына жуырда ғана Тайландта өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Игорь Сон (55 кг) және Рио Олимпиадасының жеңімпазы Нижат Рахимов пен қола жүлдегері Денис Уланов (81 кг) шығады.