Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері өзара есеп айырысуда ұлттық валюталардың үлесін ұлғайту жұмысын табысты жүргізуде
Биылғы мамырда Қазақстанның астанасында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылғанына бес жыл толды. ЕАЭО – валюта-қаржы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған тауарлар, қызметтер, капитал мен жұмыс күші қозғалысының еркіндігі, экономиканың түрлі салаларында үйлестірілген, келісілген және біртұтас саясатты жүргізу қамтамасыз етілетін өңірлік экономикалық ықпалдасудың халықаралық ұйымы саналады. ЕАЭО шеңберінде ынтымақтастықты нығайту осы ықпалдасқан бірлестікке мүше әрбір мемлекеттің ұлттық мүдделеріне жауап береді. Сонымен қоса ЕАЭО табысты жұмысының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі – сыртқы әріптестермен экономикалық қарым-қатынастарды жан-жақты дамыту.
ЕАЭО-ға қатысушы елдер ынтымақтастығының басым бағыттарының бірі өзара сауда-саттықта ұлттық валюталардың үлесін ұлғайту болып отыр. ЕАЭО елдерінің ұлттық валюталарын өзара мәмілелерде пайдалану көптеген кәсіпкерлер үшін валюталық тәуекелдерді жояды, сыртқы экономикалық операцияларға қатысу үшін экономикалық және реттеушілік кедергілерді қысқартады, сондай-ақ ұлттық қаржы нарықтарын дамытуға мүмкіндік береді.
Қазақстан Ұлттық Банкінің деректеріне сәйкес, 2019 жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында тауарлар мен қызметтердің айналымына байланысты 12 468,7 млн АҚШ доллары сомасына 531,8 мың операция жүргізілді.
Оның негізгі бөлігі Қазақстанның тауарлар мен қызметтер импорты үшін шығыс төлемдеріне төлемдердің жалпы санының 87,2%-ы және жалпы сомасының 73,6%-ы тиесілі. Қазақстан экспорттайтын тауарлар мен қызметтер үшін кіріс төлемдерінің үлесіне тиісінше төлемдердің жалпы санының 12,8%-ы және жалпы сомасының 26,4%-ы тиесілі.
Тауарлар мен қызметтердің экспорты мен импорты үшін операциялардың басым бөлігі Қазақстан мен Ресей арасында жүргізілді. Мәселен, Ресейден импортталатын тауарлар мен қызметтер үшін төлемдер үлесіне жалпы көрсеткіштің 91,5%-ы және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден импортталатын тауарлар мен қызметтер үшін төлемдердің жалпы сомасынан 93,9%-ы тиесілі. Ал Ресейге экспортталатын тауарлар мен қызметтер үшін төлемдер үлесіне жалпы санның 92,3%-ы және ЕАЭО елдеріне экспортталатын тауарлар мен қызметтер үшін төлемдердің жалпы сомасынан 90,3%-ы тиесілі екенін айта кетелік.
Ресей Федерациясымен есеп айырысудың негізгі бөлігі Ресей рублімен жүзеге асырылды, оның үлесіне импортталатын және экспортталатын тауарлар мен қызметтер үшін төлемдердің жалпы көлемінен тиісінше 62%-ы (жіберілген төлемдер) және 54,3%-ы (алынған төлемдер) тиесілі. АҚШ долларының үлесіне тиісінше 32,4% және 43,9%-ы тиесілі. Өзара есеп айырысудағы қалған валюталардың үлесі импортталатын және экспортталатын тауарлар мен қызметтер үшін төлемдердің жалпы көлемінен тиісінше 5,6% және 1,9% болды.
ЕАЭО ішінде мәмілелердің басым бөлігі Ресей Федерациясының қатысуымен жүзеге асырылғандықтан одақ ішіндегі саудада Ресей рублінің үлесі де жоғары. Сонымен қатар Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан мен Армения арасындағы есеп айырысулар көбіне АҚШ долларымен жүзеге асырылады.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық шеңберінде ЕАЭО елдері арасындағы есеп айырысуларда ұлттық валюталарды пайдалануды кеңейту ұлттық валюталар үлесінің ұлғаюына және нығаюына, оларды айырбастау шығыстарының қысқаруына және комиссияның азаюына табиғи түрде ықпал етуі ықтимал.
Қазіргі таңда ЕАЭО елдері өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарды пайдалануды жандандыру бойынша жұмыстар жүргізуді жалғастыруда. Қазақстан Ұлттық Банкінің бағалауы бойынша, ұлттық валюталарды пайдалануды ынталандыру шаралары ЕАЭО елдерінің экономикасын нығайтуы және көпжақты сауданың дамуына, сонымен қатар ЕАЭО елдерінің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал ете отырып, ұлттық ақша жүйелерін қауіпсіздендіруі ықтимал.