• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 05 Қараша, 2019

Анақарыс пен Абай: далалық зерде ойындары

922 рет
көрсетілді

Зерделік ойындарды зерттеушілер шахматты – үндіге, гоны – қытайға, нардыны – парсыға, дойбыны – грекке, ал маңғалатектес ойындарды африкалық-тұрандық ортаға телиді. Осыған қарай бұл ақыл спорттарын сәйкес қауымдарда қалыптасқан ойлау жүйесінің көрінісі деп қарастыруға болады. Дегенмен, әлі күнге шахмат пен дойбының шығу тегі нақты қай ортада орын алды деген мәселе нақты жауабын тапқан жоқ. Бүгінгі жаһандық үрдіс жайлаған заманда ол жауаптың қажеті де болмас. Алайда аталмыш зерделік ойындардың шығу ортасын аңдау арқылы сол қауымдардың әлеуетін тануға болады.

Зерделік бұл ойындардың барлығы дерлік санадағы сайыс қабілетін шыңдайды. Ал саналық бұл қабілет бұрынғы дәуірде спорт есебінде емес, әскери дайындықтың рухани көрінісі еді. Осыған орай ежелгі дәуірдегі әскери демократиялық қоғам орнатқан аттылар мәдениетіндегі зерделік ойындардың маңызы мен орны  қаншалықты және оның қандай үлгісі болды?  деген сауалға жауап іздеу өзекті.

 Атина (Афины) қаласында жиі болатын сақ данышпаны Анақарыс әйгілі грек билеушісі Солонмен кездесіп, бүгінгі шахматтың түпкі нұсқасы – эл­лин­дік дойбы тақтасын ойлап табады. Аталмыш тарихи жайт дойбы түрлерінің бір танымнан туындағанына меңзейді және бұл ақпарат дойбы біткен гректікі деген тұжырымды жоққа шығарады.

Украиналық дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Евгений Кадниковтың зерт­теуіне қараған­да, қиғашжүрісті дойбының шығуы сақтарға тән болған. Бұл дойбыны ойнауға сақ сарбаздары барынша құмар болыпты. Оған итермелеген сол кездегі дала билеушілері көрінеді. 

Бізге жеткен тарихи ақпар бо­йынша ежелгі сақтардың саптағы ең төменгі әскери бөлімі 9 сарбаздан тұр­ған: шайқас алаңында төртеуі алдың­ғы шепте, бесеуі артқы қатарға жай­ға­сады. Артқы бестіктің қақ ортасында тоғыз­басы жүреді. Мұнымен ол өзіне қарас­ты әскери бөлімшені көру­ге, бас­қаруға және сардар ретінде өзі­нің қауіпсіздігіне мүмкіндік алады. Сақ­тардың майдандағы бұл шебінен хаб­ары мол гректер тоғызбасын өлті­ріп, әлгі әскери бөлімшені ыдырату арқы­лы оңай жеңіске жетумен сақтарды тұйық­қа тірей бастайды. Сақтардың бұл ескірген әскери тактикасы құпия түр­де қалыптасқан әскери құрамы 9х9 өлшем­ді тікежүрісті дойбы ойынында көрініс тапқан.

Әскери тактикалық рефор­маның уақыты келгенін сезген сақтардың сол кездегі қағаны Саулы (Савлий) бұл құрылымды өзгерту арқылы жаңа тактика әзірлеуді өзінің туған бауыры Анақарысқа (Анахарсис) тапсырыпты. Өйткені Анақарыс Гре­кияда оқып, ғылым мен білімді меңгергендігі өз алдына, оның сол кездегі белгілі өнертапқыштығы мен ойшылдығы әйгілене бас­таған еді. Ол өзгерісті сол кезде сақтар ойнаған  дойбы тақтасын өзгертуден бастайды.

Анақарыс кемеңгер әскери бө­лімшені 9х9 өлшемді тіке­жүріс­ті дойбы тактикасын өз­гер­тіп, үш қатарға орналасқан 14 сарбаздан жасақтайды: бі­рін­ші қатарда – бес сарбаз, екін­ші қатарда – төртеу және үшін­шісінде – бес сарбаз. Сөйтіп тоғыз­басы үшінші қатардың қақ ор­тасында болады. Кейін осы тактикаға сәйкес сақ сарбаздары құмарта ойнайтын қосбояулы дойбының 9х9 өлшемі өзгеріп, үш қатарлы 5:4:5 түріндегі дойбы тастарының жайғасуы түзілген.

Бұл дойбы қиғашжүрісті болып келеді және ойын алаңы айқышталған жүріс жолымен төртке бөлінген. Әдетте аттылы сарбаздар бір-біріне туралай ша­уып маңдай түйістіре бетпе бет ша­буылға аттанған. Анақарыс сақтардың бұлайша тұп-тура аттандауын доғаруды ұсынып, аттылы сарбаздың маңдайын 45 градусқа бұрып қиялай шабуды жөн санайды.  Мұны теңіздік әскери тілмен «галспен/қиғаштап жылжу» дей­ді, яғни қиялай шапқан сарбаз қарсыластың туралай орналасқан қатарын қапталдан алып сиретуге мүмкіндік алады және де сарбаздар бес қаруды бірінен соң бірін жаппай бір пәрменмен қолдану керек болған: әуелі  садақ тартылады, сосын найза жұмсалады, одан кейін сүңгі лақтыру мен айбалта не қылыш, сосын шоқпар. Жауға жақындаған сақтар қоян-қолтық ұрысқа кірісіп, сойыл мен қылышты іске қосқан. Сөй­тіп ұрыс даласының ойын тақтасына түсірілуі дүниеге қиғаш жүрісті үш түсті дойбыны әкелген. Анақарыстың бұл тактикасы жаудың зәресін ұшырған көрінеді.

Бізге жеткен жазба аңыздарға сенсек, кемеңгер Анақарыс (анық ойлы деген лақапат болуы керек деп топшылаймыз) патшалық сарбаздар, яғни тоғыз­басыларына үштүсті осы дойбыны ойнатып, ақыл-ой дағдыларын шыңдаған. Бұдан соғыс тактикасы мен оның дойбылық үлгісінің құнын жақсы сезген сақ патшасы ойын тақтасы мен ережесін құпия ретінде жариялап, онымен тек сарбаздарды ойнатқан. Оның былайғы жұртқа таралуы мен ашық ойналуына қатаң тыйым салған. Саулы қаған Анақарысқа барлық қолбасылар мен сардарларды үйретуге бұйрық еткен. Осылайша сақтардың әскери-так­тикалық ой жүйесі тақтаға түсіп, астыртын зерделік спортқа ұласқан. Демек, ақыл спорты Ұлы далаға жат емес, тіпті сол Дала дойбының шығу төркіні болған сыңайлы.

Е.Кадниковтың ежелгі жазындылардан келтіруі бойынша, б.д.д. 596 ж. Анақарыс ежелгі Олим­пиада ойындарына алғаш рет қатысып, грек дойбышыларын ұтып, сақ данышпаны ежелгі Грекиядағы өзінің мәрмәр мүсінін қойғызуға еңбек сіңірген бірден-бір далалық жігіт екендігі мәлім болып отыр.

Маңғалатектес біздің та­ғы бір ойынымыз бар, оны бүгін­де «тоғызқұмалақ» атаймыз. Қыр­­ғыздар «тоғызкөргол» дей­ді. «Көргол» – маңғолша құма­лақ деген сөз. Біздің ойын деу­ге бүгінде даладағы таста қа­шал­ған ойын тақтасы ғана емес, хакім Абай Құнабайұлы ой­на­ған тастың Жидебайдағы қорық-үйде сақталған ағаш тақ­тасы куә. Яғни, бұл ойын қазақ элитасының бірден-бір зерделік атрибуты болған. Бұған қоса айтарымыз, аталған ойын Абай тұсында тоғызқұмалақ емес, «тоғызат» аталған.  Бұл атауға патшалық Ресейдің шендісі әрі қазақ-қырғыздың этнографиялық мұраларын зерделеген Тоқмақ қаласының әміршісі Г.С.Загря­ж­скийдің 1874 жылы  «Турк­менские ведомости» журналында жарық көрген «Быт кочевого населения долин Чу и Сыр-Дарьи» жинағындағы шағын «Тогуз ад» мақаласы куә.

Сақ дойбысы мен тоғызат ойынын далалық танымдық өлшемді әйгілейтін бірден-бір айғақ ретінде тануымыз керек. Екі ойынды біріктіретін сол айғақтарды атап өтейік. Бірін­шіден, сақ дойбысы арқылы май­дандағы дала әскерінің тоғыз­дан құралған ең кіші звеносын ескерсек, күні кешеге дейін қа­лың­малды тоғызбен есептеген өлшемді алсақ, бұл далалық таным кемі үш мың жыл бойы үзілмей келеді және мұның бір көрінісі тоғызөлшемді сақ дойбысы мен тоғызат ойыны дер едік. Бұл зерделік ойындар бір қауымның, бір кеңістіктің және біртұтас зерденің туындысы деуге айғақ болмақ.

Екіншіден, сақтардағы әскери құры­лым тоғыз сарбаздан бас­талса, далалық то­ғыз тайпаны бірік­тірген хан­дық мемлекет тоғыздық саяси бірліктен құрал­ған. Осыдан келіп, тоғыз оғыз, тоғыз оба, тоқ­соба ұғымдары ор­нық­қан. Тоғыз тайпадан тұрған хандық барынша орнықты да мық­ты әрі болашақ қағанаттың негізін қалаған.

Үшіншіден, тоғызаттың тақ­та­сы әскери демократиялық мемлекеттің жүйе­сін танытады: ежелгі таным бойынша киелі 9 санына иек артқан аттылар қоғамы басты шешуші мәнді 9 санымен сипаттаған да, мемлекет құрушы елдер/тайпалар санын да тоғызбен есептеген. Абай ортасы ойнаған тоғызат ойынының тақтасы тоғыз отаудан тұратын тоғыз тайпаның тұтастану көрінісі мен екі хандықтың өзара шайқасын бай­қататын ойын алаңы. Жеңгені халықты қырмайды, басқа ойын­дардағыдай «жемейді», қо­сып алып тұтастырады. Бұл – далалық таным мен даналыққа тән тұжырым.

Төртіншіден, тоғызат ойы­нының бас­ты атаулары аттылар қоғамына тиесілі, әсіресе жылқыны дәріптейді. Ойын тақтасындағы түркілерге ортақ отау атауларын біріктірсек, атты қоғамның ойлау жүйесін ғана қанағаттандыратын тоғыз атаудың тоғызы да аттылар қауымына тән сөздік қорға назар аудартады: маңдай, көкмойын, қандықақпан, белбасар, бел, атсыратар, тектұрмас, арт/құйрық.

Сайып келгенде, Абай Құнанбайұлы – сонау Анақарыс дәуірінен бұрын келе жатқан құндылықтардың жарқыншағы іспетті тоғызат ойынын бізге аман жет­кізген зияткер тұлға. Сақ дәуірі мен бү­гінгі заманды жалғап тұрған тоғызат ойы­нын жеткізуші әрі дәріптеуші ойшыл – Абай. Ол – қазақтың тоғызат ойынына қатысты мұрасының куәлігін жеткізіп кеткен куәгер. Тоғызатқа қатысты тари­хи жазбаларды есептемегенде, ұлт­тың төл куәлігі ретінде сол Абайдың клас­сикалық тақтасын ғана ал­ға тарта аламыз. Бұл тақта Ана­қарыс пен Абай дәуірлерін тұтас­тырып тұрған тарихи бірден-бір далалық атрибут.

 

Серік ЕРҒАЛИ,

мәдениеттанушы