Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті меншік салығын төлеу бойынша міндеттемелердің орындалу барысына арнайы талдау жүргізді. Нәтижесінде жеке меншікке салынатын салыққа байланысты борышкерлер тізімінде мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ әскери қызметшілер көш бастап тұрғаны анықталған.
Бір қызығы, меншікке салық төлеуге салғырт қарайтындардың дені полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер екен. Шаһардың кірістер органдары мемлекеттік қызметкерлердің тұрғылықты мекенжайы және жұмыс орны бойынша пайда болған берешекті өтеу қажеттігі туралы хабарлама да жіберген.
Мәселен, меншік салығы бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде ішкі істер органдарының 289 қызметкері, әскери бөлімдердің 218 қызметкері, қаржы құрылымы саласында еңбек ететін 67 жеке тұлға жеке мүлік салығын кешіктірген. Мамандар борышкерлер тізімінде әкімдік қызметкерлерінен бастап басқа да мемлекеттік орган өкілдерінің барын айтады.
– Меншік салығын төлеу мерзімі қазан айының алғашқы күні аяқталғанын еске саламыз. Жеке тұлғалардың көлік құралдарына биылғы салынатын салық желтоқсанның соңына дейін төленуі тиіс. Егер уақытында төленбеген жағдайда қайта қаржыландырудың ресми ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі. Сонымен қатар елімізде 2019 жылдың 16 шілдесінен бастап салықтар бойынша өсімпұлдарды есептен шығару және жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жасау туралы Заң күшіне енді. Осылайша 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін салық кезеңдері үшін салықтың негізгі сомасын төлеген жағдайда өсімпұлды есептен шығару жолымен жүргізілетін салықтық рақымшылық туралы салық төлеушілер мен жеке тұлғалардың қаперіне жеткізгіміз келеді, – дейді Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары.
Осыған байланысты пайда болған берешекті шектеу және өзге де мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдауды болдырмау үшін құзырлы орган миллиондар тоғысқан мегаполис тұрғындарын мемлекет алдындағы міндеттемелерін уақытында орындауға, сондай-ақ жүргізіліп жатқан салықтық талаптарды пайдалана отырып, жинақталған борыштардан босатуға шақырды.
АЛМАТЫ