2016 жылдан бастап жұмыс істейтін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне қарасты «әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны психоневрологиялық патологиясы бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға және жалғыз басты қарт адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Арнайы әлеуметтік қызметті үйде де, жартылай стационар жағдайында да алуға болады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда орталықта 3 бөлімше бар: церебралды сал ауруы диагнозы бар балалар бөлімшесі, даун диагнозы мен аутизм диагнозы бөлімшелері.
Орталық үшбұрыш-пирамида жүйесі бойынша жұмыс істейді: маман - әлеуметтік қызметкер-ана. Бала оңалтуға келгенде, орталықтың мамандары балаға жеке диагностика жүргізіп, медициналық мультикомандалық баға береді. Сонан соң баланы емдеудің жеке жоспарын жасайды. Орталықта психологтар, дефектологтар, логопедтер, реабилитологтар, ортопедтар, невропатологтар, сондай-ақ еңбек терапиясы мен музыкотерапия мамандары жұмыс істейді.
«Бүгінгі таңда бізде 1040 қызмет алушы бар. Олардың 560 – ы мүмкіндігі шектеулі балалар, 480-ы жалғыз басты қарт адамдар. Оңалту ұзақтығы 3 айды құрайды және жылына 4 рет өтеді. Біздің негізгі қызметіміз арнайы әлеуметтік көмекті үйде көрсету. Біздің әлеуметтік қызметкер қызмет алушыға аптасына 2 рет барады. Орталықтың балалармен белсенді жұмыстануы нәтижесінде 30 - ға жуық бала алғашқы қадамдарын жасап, алғашқы сөздерін айтты», - деді директордың міндетін атқарушы Аманбай Ердәулет. Орталық күн сайын балаларды оңалту бойынша іс-шаралар өткізеді.
«Бұл орталыққа 4 жыл бойы келудеміз. Менің немерем бұл жерде басқа балалармен араласады, ойнайды. Осы 4 жыл ішінде көп нәрсені үйреніп үлгерді. Орталыққа келуге әрдайым асық, үлкен қуанышпен келеді. Орталық қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіремін», деді Михаил есімді баланың әжесі Светлана Романенко.
Орталық мамандары 8 арнайы әлеуметтік қызмет көрсетеді:
- әлеуметтік-тұрмыстық;
- әлеуметтік-медициналық;
-әлеуметтік-педагогикалық;
-әлеуметтік-психологиялық;
-әлеуметтік-еңбек;
-әлеуметтік-мәдени;
-әлеуметтік-құқықтық;
-әлеуметтік-экономикалық қызметтері.