• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Экономика 06 Қараша, 2019

Тариф өзгеруі мүмкін

165 рет
көрсетілді

Бас шаһарда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация­сы Бірыңғай жиынтық төлемдер (БЖТ) ба­ға­сына қатысты қоғамдық тыңдау өткізді. Мемлекеттік корпорацияның ақпа­ратына сәйкес, биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында БЖТ-ны кем дегенде 340 мың адам аударған.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемле­кет­тік корпорациясының орталық филиалы директорының орынбасары Мұхтар Ерке­бұланның айтуынша, 2019 жылдың 1 қаң­тарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қо­сыл­ған­нан кейін кәсіпкерлікпен тіркеусіз айналысатын адамдарды медициналық қызмет түрлерімен қамту үшін Бірыңғай жиынтық төлемдер енгізілді.

– БЖТ-ны төлеушілер жүйеге қатысу өтіліне байланысты жинақтаушы зейнетақы жүйе­сіне қатыса алады және базалық зей­нетақы төлемін ала алады. Бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы қорындағы өзінің зей­нет­ақы жинағын толықтырумен қатар, БЖТ төлеушілер үшін еңбек өтілі бекітілгендіктен, ба­за­лық зейнетақыны жоғарылаған мөлшер­мен алуына болады. Сонымен қатар еңбек қа­білеттілігінен, отбасы асыраушысынан айы­ры­лу, жүктілік және босану, бала асырап алу және бала күтімі жағдайларында әлеуметтік жәрдемақы ала алады, – деді М.Еркебұлан.

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқарма аппаратының қаржы-экономикалық департаментінің директоры Данияр Сқабылов қаралып отырған тариф жобасы корпорацияның ұсынатын қызметтері аясында әзірленгенін, олар «БЖЗҚ» АҚ, «МӘСҚ» АҚ, «МӘМС» КЕАҚ мемлекеттік кіріс органына сомаларды уақытылы өңдеуге және аударуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтты.

– Корпорациямыз – «бір терезе» қағидасы негізінде жеке және заңды тұлғаларға мемле­кет­тік қызметтерді көрсету саласындағы қыз­мет­ті жүзеге асыратын бірыңғай провайдер. Қоғамдағы мемлекеттік монополияға кіретін қызметтердің бағасын Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет қада­ға­лайды. Осы орайда міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қорына – 40%, Мем­ле­кет­тік әлеуметтік сақтандыру қорына – 20%, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына – 30% және резиденттің тұрғылықты жері бойынша тиісті бюджетке – 10% жарна аударылатынын айта кеткен жөн, – деді Сқабылов.

Квазимемлекеттік орган БЖТ сомаларын бөлуге және аударуға байланысты бір тап­сы­рыс­тың құнын – 63 теңге мөлшерінде, қате орындалған жағдайда қайтарым сомасын – 978 теңге шамасында белгілеу ұсынылып отыр.

Корпорация өкілдері БЖТ төлеушілер үшін табыс салығы және әлеуметтік төлемдердің ең төменгі мөлшерлермесі белгіленгенін атап өтті. Қала мен ауыл тұрғындарының кіріс­те­рін­дегі айырмашылықты ескере отырып, елорда, республикалық, облыстық маңызы бар қала тұрғындарына оның мөлшері 1 АЕК-ті немесе 2 525 теңгені, ал басқа елді мекендердің тұрғындары үшін – 0,5 АЕК-ті немесе 1 262,5 теңгені құрайды.