Жыл басынан бергі 9 ай аралығында мас жүргізушілер тарапынан 342 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 64 адам қаза тауып, 493 адам жарақат алған.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жолдарындағы жағдайдың алаңдаушылық тудыратынын атап өткен еді және мас күйде автокөлік жүргізгені үшін жазаны қатаңдату қажеттілігіне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігі осындай құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейту жөнінде ұсыныстармен бастама көтерді.«Бейбіт өмірде мас күйінде көлік басқарған жауапсыз жүргізушілер кінәсінен жолдарда адамдар қаза тауып жатыр. Оларды ақтауға болмайды. Сондықтан осындай заң бұзушылықтар мен қылмыстар үшін олардың салдарының ауырлығына теңбе-тең жаза болуы тиіс», - деді ІІМ қызмет басшыларымен өткізген кеңесінде министр Ерлан Тұғымбаев.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері мас күйде көлік жүргізген 22 мыңнан астам жүргізушіні анықтады. Олардың 17 мыңнан астамы автокөлікті басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жүргізушілік құқығынан айырылған әрі мас күйде болған 1 878 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Сонымен бірге статистика көрсетіп отырғандай, қолданыстағы әкімшілік жазалар жүргізушілердің тәртібіне қажетті деңгейде әсер етпейтінін және ЖКО санының төмендемей отырғанын байқатады.Мас күйде көлік жүргізгені үшін жазаны қатаңдату барлық жол қозғалысына қатысушылардың, жүргізушілердің де, жолаушылардың да, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің де қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен, депутаттық корпуспен, жұртшылықпен келісілетін тиісті ұсыныстар дайындалуда.