• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 07 Қараша, 2019

Браконьерлік үшін жауапкершілік күшейтіледі

524 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жа­нуарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Марлен Айнабековтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Шара барысында спикерлер Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмалары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар жануарлар дүниесін қорғау саласындағы қалыптасқан жағдай, браконьерлікке қарсы күресте кешенді шаралар қабылдау қажеттігі туралы сөз қозғады.

Мемлекет басшысы бра­коньерлік үшін жауапкершілікті күшейту жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Тапсырманы іске асыру шеңберінде Ішкі істер министрлігі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен, Бас прокуратурамен бірлесе отырып, браконьерлік үшін жазаны қатаңдатуға қатысты заңнамаға бірқатар түзету енгізген.

«Заңсыз балық аулағаны, заңсыз аң аулағаны, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі объек­ті­лерімен заңсыз айналысқаны, ағаш кескені үшін санкция ұлғайтылды», деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов.

Бүгінгі күні ІІМ ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың қызметтік автокөліктерін жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықтау және бір түсті графикалық схемалар бойынша құқық қорғау және арнайы органдардың арнайы автокөліктерімен тең дәрежеде бояу құқығын беру мәселесі келісілді.

Жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау жөніндегі мемле­кеттік инспекторларға қызметтік қарумен жүру құқығы берілген. Мемлекеттік инспекторлардың қыз­­­мет­тік қаруды қолдану тәрті­бі Үкі­­меттің 2012 жылғы 24 мамыр­­­дағы № 670 қаулысымен бекітілген.

ІІМ өкілі жануарлар мен өсімдік­тер дүниесін мемлекеттік қорғау қызметкерлерінің білікті­лігін арттыру үшін «брако­ньерлікпен күрес жөніндегі шараларды заңнамалық қамтамасыз ету» оқу бағдарламасы әзірлен­генін мәлімдеді.

Министрлік өкілінің ақпа­ра­тына сүйенсек, қазан айында ел аумағында табиғат қорғау заңна­масын бұзу фактілерін анық­тауға және жолын кесуге бағыт­талған «Браконьер» іс-шарасы өткі­зілген. Жалпы, іс-шара нәтижесі бойынша 2 мыңнан астам (2442) заң бұзушылық анықтал­ған. Атап айтар болсақ, заңсыз аң аулау, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, заңсыз балық аулау, биологиялық ресурстар объектілерін және олардың өнімдерін заңсыз сатып алу сынды фактілер тіркелген. 

«Анықталған фактілер бо­йынша 192 адамға қатысты 177 сотқа дейінгі қылмыстық тергеу басталды, соның ішінде жедел-іздестіру шаралары кезінде 51 адамға қатысты 47 іс сотқа жібе­рілді. Құқық қорғау органдары рес­публика бойынша 10 мыңнан астам (10746) табиғат қорғау заң­намасын бұзушылықты анық­тады», дейді Марлен Айнабеков.

2018 жылы аталған заң бұзу­шы­лық фактілері бойынша 85,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, 72,1 млн теңге өндірілген болатын.